17.06.2020, 22:42
Оқылды: 95

БҚО-да 5 мың гектар құрғақ шөп өртенді

Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасылан Жұмашев хабарлады.

F393DBCC-B92D-482B-BB45-488978099ACF

– Ыстық ауа райынан адамдар ғана емес, табиғат та зардап шегеді. Жасыл шөп қураған соң, от ұшқынын-ақ тұтанып сала береді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын білмеу және оны орындамаудың салдары өрттің күшеюіне себепші болады. Далаға жасын түсуі – табиғи өрттің пайда болуының басты факторларының бірі. Қауіпті кезең басталғалы облыс аумағында үш орман өрті және 3700 гектардан астам жердің отқа орануына байланысты 129 жану оқиғасы тіркелді. Соңғы үш күнде облыс аумағында 2 мың гектардан астам аумақта құрғақ шөптің жануына қатысты бес дерек есепке алынды, – деді  брифингте Жасылан Жұмашев. Департамент бастығы далалық аумақты ғарыштан бақылау арқылы өрт оқиғаларын алдын алуға зор мүмкіндік туып жатқанын айтты.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 13 маусым күні Қаратөбе ауданында 765 гектар алқаптағы құрғақ шөп өртенді. Өрт қауіптілігі V сынып деңгейіне жеткен. Сол күні Сырым ауданы Аралтөбе ауылдық округінде бірнеше учаскеде өрт оқиғасы тіркелді. 14 маусым күні Казталов ауданы Болашақ ауылдық округінде 1 мың гектардан астам аумақ отқа оранды. Даладағы жалынды ауыздықтауға ерікті өртке қарсы құралымдары мен облыстық ТЖД күштері мен құралдары қатысты. «Карантиндік шектеулердің біртіндеп алынуына байланысты халық табиғат аясына көптеп шыға бастады. Сондықтан жазатайым оқиғалардың алдын алуға байланысты түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Облыс тұрғындары өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы керек», – деді департамент бастығы.

50EAB528-2491-49F1-B09E-6F6E1AD0009E

Брифингке қатысқан табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуеновтің сөзінше, ормандағы өрт сөндіру стансаларында 80 өрт сөндіруші қызмет етеді. Стансалар базасында 10 жүк көлігі, 40 трактор, 8 кешенді тіркеме бар. Техникалардың тынымсыз жүруіне арналған 6,2 тонна дизельдік отын мен 5,5 тонна жанармай қорда жиналған. Облыс әкімдігінің қаржыландыруымен 15 миллион теңгеге өрт жалынын алыстан байқауға мүмкіндік беретін бейбақылау камералары бар үш өрт мұнарасы Подстепный, Ақсоғым, Дариян елді мекендеріндегі орман шаруашылығы аумағына қойылмақ. «Мемлекеттік орман қорына қарасты 294,7 гектар аумақ отқа оранды. Бас-аяғы үш өрт оқиғасы салдарынан 1,7 милиион теңге шығын мемлекет есебіне өндіріледі. Жыл басынан бергі рейд шаралары нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзу деректері анықталып, 780 мың теңге айыппұл өндіруге 70 хаттама толтырылды. Орман шаруашылығы шығыны ретінде 1 540 мың теңге өндірілді», – деді Ринат Шәуенов.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Дәурен Есқабылов ҚР Әкімшілік құқықбұузшылық кодексінің 367-бабына сәйкес өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұрғындарға қатысты 19 хаттама толтырылғанын хабарлады.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале