15.07.2026, 17:45
Оқылды: 6

БҚО-да 90-нан астам кәсіпкердің сауда бағасын асырып сатқаны белгілі болды

Батыс Қазақстан облысында биылғы алты айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде сауда үстемесін шекті мөлшерден асырғаны үшін 92 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп жазады kaz.inform.kz

жп базар (5)
Сурет: Сайт архивінен 

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес шара қолданылды.

Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, сонымен қатар сауда объектілерінде тауар бағасының көрсетілмеуі және витринадағыдан жоғары бағамен тауар өткізу деректері бойынша 9 кәсіпкерлік нысаны да жазасыз қалған жоқ.

Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 634,850 мың теңге болды.
Кәсіпкерлік субъектілерінің сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарын, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің белгіленген мөлшерін сақтауын бақылау мақсатында департамент апта сайын сауда объектілерінде баға мониторингін жүргізеді.

- Осы шілде айында мониторинг барысында «Орал құс фабрикасы» ЖШС мен «Ақас» ЖШС өндірген С1 санатындағы жұмыртқаларды өткізуде бірнеше сауда нысанында сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асыру деректері анықталды. Қазіргі уақытта аталған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Э.Қиматова.

Департамент басшысының айтуынша, азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылу деректері бойынша жоспардан тыс 13 тексеру жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 802-бабына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзу деректеріне сәйкес 21 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оларға 1 млн 267,423 мың теңге айыппұл салынды.

- Департамент мамандары жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғауға байланысты 31 азаматтық іс бойынша сот талқысына қатысты. Соның 21-інде тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылса, қалған азаматтық істер сот өндірісінде қаралуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде департаменттің жәрдемімен тұтынушыларға 29 млн 950,371 мың теңге қайтарылды, - деп қосты Э.Қиматова.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале