7.07.2021, 22:02
Оқылды: 585

БҚО-да карантин талаптары күшейтілмек

Өңіріміз эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, 26 маусымнан бастап "қызыл аймаққа" қайта кірді. Облыс аумағында коронавирустың "Дельта" штамын жұқтырғандардың саны күн санап артуда. Шілде айы басталғалы, яғни соңғы бір аптада індетке 1029 адам шалдыққан. 700-ге жуық облыс тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Реанимациялық төсек орындардың 61 пайызы бос емес. Соған орай өңірімізде карантин талаптары күшейтілмек. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

IMG-20210707-WA0019

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, індет жұқтыру дерегі Орал қаласында және Бәйтерек, Бөрлі аудандарында көп. Эпидемиологиялық ахуал бойынша "қызыл" аймақта Орал қаласы мен Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары тұр. Ал "сары" аймақта Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Теректі аудандары, "жасыл" аймаққа Жаңақала ауданы енген.

IMG-20210707-WA0020

Соңғы тәулікте облыс бойынша 189 адам КВИ-ге шалдыққан. Бүгінде індет ошағына қоғамдық көліктер, сауда үйлері, медициналық ұйымдар, қоғамдық тамақтану орындары айналып отыр.

IMG-20210707-WA0017

- Санитарлық-карантиндік пункттердегі күнделікті мониторингке сәйкес 1 шілдеден бастап 127 жолаушы ПТР талдамасынсыз мемлекеттік шекараны кесіп өтті. Олардың арасында коронавирус анықталған жоқ. Бүгіннен бастап Сырым бекетінде ПТР анықтамасыз өткен жүргізушілер мен жолаушыларды тексеретін жылжымалы зертхана тұр. Облыста "Ashyq" қосымшасы бойынша 562 нысан жұмыс істейді. "Ashyq" қосымшасының деректері бойынша 2021 жылдың 10 маусымынан бастап облыс бойынша оқшаулануы тиіс 200 науқас анықталды. Оның ішінде қызыл мәртебемен – 107 адам, сары мәртебемен – 93 адам бар. Анықталған бұзушылықтарға ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 14 әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде үшеуі қаралды, айыппұл сомасы 175 020 теңгені құрайды. Өңірімізде "үнді" штамының таралуына орай эпидахуал күрделенуде. Соған байланысты облыс аумағында карантин талаптарын күшейту мәселесі туындап тұр. Қаулыда вакцина алмаған қызметкерлердің (соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және коронавируспен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) жұмысын шектеуді ұсынамын. Сондай-ақ, саябақтарда, жағалауларда, алаңдарда, скверлерде балалар мен ересектерге арналған қозғалыс құралдарын (электромобильдер, педальды автомобильдер, самокаттар, картингтер, гироскутерлердің барлық түрлері және т.б.) жалға беруге тыйым салынбақ. Ашық ауада аттракциондарға да тыйым салынады. Монша таңғы сағат 07.00-ден  түнгі 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Сауналар, СПА-орталықтар, бассейндерге сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін аралықта жұмыс істеуге рұқсат етіледі, - деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

IMG-20210707-WA0018

Штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков өңір тұрғындарының вакцина алу мәселесін қозғаса, медицина саласының ардагері Мақсот Берген вакцинаның тиімділігін сөз етті. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы карантин талаптарын күшейтуді, қауіпті індеттің алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширатуды сала мамандарына тапсырды.

Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале