6.05.2024, 17:00
Оқылды: 35

БҚО-да Отан қорғаушылар күні атап өтілді

Отан қорғаушылар күні дегенде ұрпағына ұлан-ғайыр жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ата-бабаларымыздың рухты ерлігі мен қазіргі буынның туған жерге қызмет ету дәстүрінің жалғастығы еріксіз ойға оралады. Ел қорғау, Отан қорғау қашан да қасиетті ұғым әрі мәртебелі міндет. Жаңа Қазақстанның бірлігі мен тұтастығын, қауіпсіздігін, бейбіт өмірді күзеткен ұлттық әскеріміздің мерекесі бұл. Осыған орай Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында салтанатты іс-шара өтті.  Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі майдангерлерді, ардагерлерді  және сарбаздарды мерекемен құттықтап, бақ-береке тіледі.

IMG_9069

- 1992 жылғы 7 мамыр – Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған тарихи күн. Отыз екі жыл ішінде Батыс Қазақстан облысының әскери қызметшілері мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері өз міндеттерін абыроймен атқарып, «Әділетті Қазақстан» құру жолында үлестерін қосуда. Қай заманда да Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қорғауға дайын болу – азаматтық борышымыз. Мемлекет басшысы  мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы әскери әлеуетімізге  байланысты екенін атап өткен болатын. «Қазақстан жер жүзіне қашанда бейбітшілікті жақтайтын және жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде танымал. Сондай-ақ экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктері ғана емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналдық», – деді Президент.

IMG_9114

Облысымызда су тасқыны болған кезде, әсіресе, әскерилер тұрғындарымыздың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етті. Бір сөзбен айтқанда, олар Отан алдындағы міндеттерін адал атқарды. Өңіріміздегі және басқа  облыстардан  келген 3 мыңға жуық күштік құрылым қызметкерімен бірге еліміздің нағыз партиоттары, елдің болашақ қорғандары – жастар қауымы қиын сәтте ұйымшылдық танытып, ел үшін аянбайтындарын көрсетті. Еріктілер мен қарапайым тұрғындар да күндіз-түні тасқын суға қарсы жұмысқа қол ұшын созды. Соның нәтижесінде Орал қаласы мен 4 аудандағы 84 елді мекенді тасқыннан аман алып қалдық.  Бұл – бірлескен істің нәтижесі.  Нағыз ерліктің көрінісі, – деген Нариман Төреғалиев жиынға қатысып отырған Отан қорғаушыларға, еріктілерге, жастарға, қоғам белсенділеріне, түрлі компания басшылары мен кәсіпкерлерге, зиялы қауым өкілдеріне   су тасқынымен күреске қолдау көрсеткендері үшін  алғыс айтты.

IMG_9173

- Өткен аптада Астана қаласының жанында әуе базасының ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, атқарған міндеттеріңізге жоғары баға берді. «Су тасқыны кезінде біздің әскери қызметшілер антына адал болып, алдыңғы қатарда болды. Әскери ұшқыштарымыз кәсіби шеберліктерін көрсетті. Зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек, эвакуациялық пункттерге тұрғындарымыз дер кезінде жеткізілді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Отан қорғаушылар күні –  тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршамызға ортақ қастерлі мереке деп білеміз,  – деген өңір басшысы 35 Отан қорғаушыға БҚО әкімінің алғысхатын салтанатты түрде табыс етті.

IMG_9233

Халқымыз қашанда атына адал, сертіне берік ерлерін қадір тұтады.  Сондай қадірлі азаматтар сапында ҚР Ұлттық ұланы №5517 әскери бөлімінен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, капитан Чингисхан Валиев, 1-жедел мақсаттағы батальон бөлімшесінің аға маманы Альтаир Қасенов, материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының взвод командирі Қаршыға Байболатов, әскери оркестрдің аға маманы Еділ Жұматов,  ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша   департаменті бастығының бірінші орынбасары-штаб бастығы, подполковник Сухраб Мұсаев, №99250 әскери бөлімінен Медет Құзайыров, Бейімбет Қуанышқалиев, Тілек Теміралиев және басқа да Отан қорғаушылар болды.  Алғыс хат алушылар қатарынан  төтеншеліктер, полиция қызметкерлері, қорғаныс істері департаментінің мамандары, сарбаз ардагерлердің қоғамдық бірлестіктер өкілдері бой көрсетті. №99250 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімінің аға офицері, майор    Азамат   Үсенбаев марапат иелері атынан  қасиетті һәм мәртебелі Отан қорғау міндетін адал атқаратындарын жеткізіп, марапат үшін алғыс айтты.

0a72d7d5-1463-4cba-bf96-77115c380016

Жиын соңы  «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстаным!» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлбаршын  Әжігереева,

Фотоға түсірген: Мәди Салық

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале