23.12.2022, 11:00
Оқылды: 85

БҚО-да соңғы үш жылда электр желілерінде 510 апаттық жағдай болды

Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда электр желілерінде 510 апаттық жағдай болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

221223053714361e

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 2020 жылы – 284, 2021 жылы – 202, биыл 24 апат тіркелген.

Осыған байланысты облыста алдағы үш жылда электр желілері мен жабдықтарын қайта құруға 20 млрд теңге қарастырылып отыр.

Миржан Нұртазиевтің айтуынша, бұл жоба ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген облыстың кешенді даму жоспары аясында жүзеге аспақшы.

Оның сөзіне қарағанда, осы мақсатқа 2023 жылы – 6 млрд, 2024 жылы – 7 млрд, 2025 жылы 7 млрд теңге жұмсалмақ.

Қазіргі кезде өңірде электр желілері мен қосалқы станциялардың 82 пайызы тозса, аталған жоспар жүзеге асқан жағдайда 62 пайызға дейін төмендейді.

Күні бүгін 97 млн-ға жуық теңгеге 12 жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.

«Сонымен қатар жөндеу жұмыстары «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның өз қаражаты есебінен жыл сайын жүргізіледі. Биыл осы мақсатқа 707,2 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ биыл аталған серіктестік үшін 437,1 млн теңгеге төтенше жағдай желісі арқылы түрлі техника сатып алуға бюджеттік өтінім жолданды», деді Миржан Нұртазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу құбырлары 50,7 пайызға тозғанын жазған болатынбыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале