24.07.2020, 14:50
Оқылды: 527

БҚО-ға Иманғали Тасмағамбетов атынан гуманитарлық көмек жеткізілді

Белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтың атынан «Сәби» қайырымдылық қоры Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жолдады.

D6C178BD-61F5-400B-8E7D-684A68E3E13E

БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған арнайы комиссияның жетекшісі Мақсот Бергеннің айтуынша, гуманитарлық көмек есебінде қомақты қаржыға Ресейден "Парацетамол", "Цефтриаксон", "Курантил", "Азитромицин", "Бромгексин", "Кардиомагнил", "Клексан" және тағы басқа вирусқа қарсы препараттар жеткізілді. 55 мың бума дәрі-дәрмек ауыл-аймақтағы 4 мыңнан астам тұрғынның аурудан сауығуына сеп болмақ.

– Гуманитарлық көмек есебінде келген дәрі-дәрмек барлық аудан ауруханаларына таратылады. Облыс әкімдігі тапсырмасымен гуманитарлық көмек есебін қадағалайтын комиссия құрылды. Комиссия құрамында қоғамдық бірлестік өкілдері мен белсенді еріктілер бар. Аудандардағы бас дәрігерлер гуманитарлық көмектен бөлінген үлесті қабылдап алады. Дәрі-дәрмектер амбулаториялық ем тағайындалған адамдарға беріледі, – деді Мақсот Берген.

Орал қаласына келген «Газель» көлігіндегі дәрі-дәрмек қораптарын еріктілер Достық үйіне орналастырды. Дәрілік заттардың теңдей бөлінуіне Орал қаласындағы №5 емхананың медбикелері көмектеспек. «Алашқа ардақты азамат Иманғали Тасмағамбетов Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтта білім алғаны көпке мәлім.

95746449-DACA-44A5-B9F8-58B3CF52D244

Студенттік шағы өткен өңірдегі ахуалға бейжай қарамаған қайраткер қамқорлығы мен азаматтық көмегіне Ақ Жайық атырабындағы халық дән риза. Қазіргі кезде қаладағы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Сабылып дәрі іздейтіндердің қарасы саябырсуда. Сондықтан коронавирус пен пневмония ауруына қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек он екі ауданға жолданады. Облыс әкімдігімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құрылымдарымен бірлесіп, гуманитарлық көмектің тиісті орынға жеткізілуін қоғам назарында ұстаймыз», – деді «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале