24.09.2022, 11:28
Оқылды: 506

БҚО-ға орыс көші жалғасуда

Кеше біздің сайт журналистері Орал қаласындағы автовокзалда болып, Орынбор мен Самарадан келген автобусты қарсылап алдық. Күткеніміздей Оралға келген екі автобустан да жас шамалары 30-ға енді келген жас жігіттер мен бір-екі әйел адам түсті.

самара

Қолдарында чемодан, айналасына қарап әлденені ақылдасып тұрған 4 жігіт пен бір жас қыз баланың жанына келдік. Өздерін таныстырғылары келмеді.

123

«Біз туриспіз. Демалуға келдік. Ресейдің саясатына біздің байланысымыз жоқ. Екі аптадай осы жақта болуды жоспарлап тұрмыз. Кейін елге қайтамыз», - деді жігіттердің бірі.

"Шекарадағы жағдай қалай екен?", - деген сұрағымызға...

WhatsApp Image 2022-09-24 at 11.18.11

«Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада мәселе жоқ. Иә, кезек бар, бірақ адам шошитындай көп емес. Мен алдында Грузияда болдым. Сол жақтағы шекараны айтар едім. Адам көп. Грузияға өткісі келетіндердің санынан жаңылуға болады. Бұл жақта ондай адам көріп тұрғаным жоқ. Мен демалуға келдім, кері қайтамын», - деп ойымен бөлісті.

Автобустан түскендер «Сим картаны қайдан сатып алуға болады, бізге билайн байланысы қолайлы, орталыққа қалай жетуге болады» десіп, жөн сұрасып жүрді.

Біз Орынбордан келген автобус жүргізушісін сөзге тарттық.

- Әдеттегі уақыттан кешігіп келдім. Себебі автобусты ұзақ тексерді. Әр адамды мұқият жеке-жеке тексерді. Сонымен уақыт көп кетіп қалды, - дейді жүргізуші.

Самарадан келген автобус жүргізушісі «Жағдай қиын. Адам көп, өздерің де біліп тұрсыңдар ғой» , - деп қысқа қайырды.

Қазір БҚО-ға Ресейдің жақын аудандарынан орыстар ағылуда. Оған себеп - Ресей президентінің мобилизация туралы жариялағаны. Соғыстан қашқан бейбіт халық жан-жаққа кетуде. Оны телеграмдағы бірнеше чаттан байқауға болады.

орсқат

Мәселен, «Релокация в Казахстан» деген каналға 16 мыңнан астам адам тіркеліп үлгерген. Каналда Қазақстанға қалай жетуге болады, уақытша тұру үшін қандай құжат керек, медицинаға қатысты, тағы басқа да сұрақтарға жауап іздеп отырғандарды көруге болады.

Ал "Релокация медиков в Казахстан" деген каналда ресейлік дәрігерлер жұмыс тәжірибелерін, біліктіліктерін ортаға салып, жұмыс іздеуде.

Олардың ішінде хирург, балалар дәрігері, массаж маманы, уролог, терапевт деп әркім өз мамандықтарын көрсетіп қойыпты. Ал қазақстандықтар болса, қай жерде бос орын бар сол хабарландыруларды салуда.

Тіпті сол телеграм чатта: "БҚО-ға хирург мамандығына бос орын бар. Жалақы 400 мың (66 мың рубльдан асады). Жолдасыңызға да жұмыс табу мүмкіндігі бар. Баланы балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Барлық сұрақ бойынша жекеге шығыңыз" деген хабарландыруды көзіміз шалып қалды.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев күні кеше ғана облыстың шекараға және қоғамдық тәртіпке жауапты мамандарын жинап жиын өткізген. Облыс әкімі осы бір дүрбелең шақта өңірде тәртіпті күшейтуді тапсырған.

Бүгінде БҚО-да 12 265 Ресей азаматы тіркелген. Олардың ішінде азаматтық алғысы келетіндер де бар. Мәселен, 29 адам азаматтық алуға өтініш білдірсе, оның 11-і азаматтық алыпты. Ресей азаматтары БҚО-да 90 күн жүруге құқылы, деп хабарлады БҚО ПД-ның көші-қон полициясы.

Біздің әріптестеріміз Сырым өткізу бекетінде де болды. Ол жақтағы жағдай тіпті қиын, біраз шақырымға созылған кезектің соңы көрінбейді деседі.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі төрт өткізу пунктінде кептеліс бар екендігін растады. Соңғы үш күнде шекарадан БҚО-ға қанша адам өткені туралы нақты ақпарат жоқ.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале