10.09.2021, 12:33
Оқылды: 318

Бонитерлеу жүріп жатыр

«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР-ның 1998 жылғы 9 шілдедегі №278 заңының 19-бабымен республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды мал уәкілетті орган бекіткен нұсқаулыққа сәйкес бонитирленyі (бағалануы) керек. Бонитирлеуден өтпеген асыл тұқымды малды асыл тұқымдық мақсаттарда өткізуге жол берілмейді. Бонитирлеуді асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің тізіліміне тіркелген бонитирлер (сыныптаушылар) жүргізеді. Осы күндерде облыс бойынша 59 жеке тұлға уәкілетті органға малдың белгілі бір түрі және өнімділігінің бағыты бойынша бонитирлеу қызметін бастағанын хабарлады. Сондай-ақ бонитирлеу туралы мағлұматты ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің сайтынан да білуге болады.   

0000000

Бонитирлеу жұмыстары тамыз, қыркүйек айларында өткізіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы №3-3/517 бұйрығымен бекіткен нұсқаулықта айтылған. Бонитирлеу нәтижелерін 1 қазанға мал шаруашылығы салалары бойынша асыл тұқымдық өнімді (материалды) есепке алу нысандарына, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстар есебінің жиынтық ведомосіне, ақпараттық талдау жүйесіне енгізіп тапсырулары тиіс.

Бонитирлеу (бағалау) дегеніміз – тиісті сынып немесе индекс бере отырып, шаруашылыққа пайдалы белгілер кешені (тұқымдылығы, өнімділік сапалары, сыртқы тұрпаттық-бітімдік ерекшеліктері) бойынша малдың асыл тұқымдық құндылық деңгейін айқындау. Бағалаудың негізгі белгілеріне малдың  тірілей салмағы, төлдің  қарқынды өсімі және өсім кезіндегі азықтың өтемі, сиырдың сүттілігі, сырт пішіні мен дене бітімі, тұқымдылығы мен шығу тегі жатады. Табындағы  6 айға дейінгі төлдер, өгіз  және тарттырылған, бордақылаудағылардан  басқа барлық мал бағалауға жатады.

Бағалаудың алдында бірнеше іс-шара атқарылуы тиіс. Мәселен, малдың түгендеме нөмірін тексеру, нақтылау, жоқтарын қалпына келтіру керек. Салмағын өлшеп, қоңдылығын анықтайды. Аналықтардың буаздылығы және жыныс жүйесінде патологиялық өзгерістердің бар-жоғы және асыл тұқымды аталықтардың ұрық сапасы тексеріледі. Бұқашықтарды өз өнімділігі бойынша және бұқаларды ұрпағының сапасы бойынша зерттеуге, қорытынды жасауға мән берген жөн.

Қазіргі таңда «Ақпараттық талдау жүйесіне» ірі қара мал өсіретін 3329 фермерлік шаруашылық тіркелді. Олардың  2425-і (73%) тұқымдық түрлендіруге қатысуда. Соның ішінде 201 фермерлік шаруашылық (6%) асыл тұқымды мал өсірумен, сатумен айналысады. Осы фермерлік шаруашылықтар 2021 жылдың тамызына 10836 бас асыл тұқымды төл сатты. Олардың  5960-ы бұқашық болса, 4876-сы – қашар.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығы» туралы заң талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын естен шығармаған жөн. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың бонитирлеуден өтпеген асыл тұқымдық өнімді өткізуі, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің (бонитир) деректерді есепке алуды жүргізуден бас тартуы және есептілікті ұсынбауы,  жеке және заңды тұлғалардың бонитирлеуден  өтпеген асыл тұқымды малды өсімін молайту мақсатында пайдалануы заңға қайшы саналады. Жоғарыда аталған заңбұзушылықтарға жол бергендер аталмыш кодекстің 407-бабына сәйкес жауап береді. Яғни жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне  –  отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне  – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады. Осы салада хабарлама жасауға жататын қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар заң талабын бұзса, белгілі бір мөлшерде айыппұл төлейді.

Жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығы  саласында қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық негiздерiн белгілеу жоғарыда аталған «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңмен реттеледі. Сонымен қатар асыл тұқымды малдың тектiк қорын сақтау және көбейту, оны өз төлiнен өсiруге, өнiмдiк сапасын жақсартуға бағытталған асыл тұқымды мал шаруашылығы саласымен айналысатын мемлекеттiк құрылымдар, жеке және заңды тұлғалар аталмыш заң талаптарын басшылыққа алады.

     

Саламат Темірғалиев, 

БҚО аумақтық инспекциясы асыл тұқымды

мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале