19.09.2024, 10:15
Оқылды: 111

Бөрліде мұғалімдер мен дәрігерлер тапшы

Жыл басынан бері Бөрлі ауданының бюджетіне 179,1 млрд теңге салықтық және салықтық емес төлемдер түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке – 123,9 млрд теңге, облыстық бюджетке – 45,7 млрд теңге және аудандық бюджетке – 9,5 млрд теңге.

B80A4E72-39EF-41EC-AF44-57AD5210E9FA

– Бүгінде жеке инвестициялар өсімінің оң серпіні байқалуда. Былтыр 1,8 млрд теңгеге 8 жоба аяқталып, іске қосылды. Қазіргі таңда жалпы 29,4 млрд теңгені құрайтын 30 жеке инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау кезінде 460 уақытша жұмыс орны ашылса, жобалар іске қосылғаннан кейін 312-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны – 14 586. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,2%-ға өсті. Бірінші тамызда аудан бойынша 5136 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеуде тұр, – деді аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Аудан басшысының мәліметінше, мемлекеттік кірістер және статистика басқармасымен бірлесіп, жұмыс істеуге ниеті жоқ 158 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілген.

«Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 3,2 млрд теңгеге 43 жоба мақұлданған.

Кепілдендіру бағыты аясында 268 млн теңгеге 15 жоба мақұлданыпты. Бұл жобалардың негізгі бөлігі аутокөлік пен жабдық сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, коммерциялық жылжымайтын мүлік салуға, несие берешегін қайта қаржыландыруға бағытталған.

Негізінен өндірісті аудан саналатын Бөрліде 465 шаруа қожалығы, 22 ЖШС және 27 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Жыл басынан бері осы саладағы жалпы өнім 3 млрд 270 млн теңгені құрады.

Биылғы егістік алқабы – 63 807 гектар. Соның ішінде дәнді дақылдар – 17 581 гектар, майлы дақылдар – 7 495 гектар, мал азықтық дақылдар – 6 264 гектар. Агроөндірістік кешенді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 3 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Мысалы, «Достық-Қоныс» ЖШС етті мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр.  Осы мақсатта 2 000 асыл тұқымды мал өсіру және бордақылау үшін кешен ашпақ. Өткен жылдары басталған нысанның құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Ал «Amanat» шаруа қожалығы 1 млрд 64 млн теңге арзандатылған несие алған. Қаражатқа 80 га суармалы аймаққа арналған жаңбырлатып суару кешенін, сүт фермасының қажетті жабдықтарын сатып алған. Сондай-ақ биыл Венгриядан голштин тұқымды 408 бас мал әкелген. «Жарсуат» ЖШС суармалы алқаптарды ұлғайту бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл ауқымды жобалар жүзеге асса, Ақсу, Пугачев және Жарсуат ауылдарында тұрақты жұмыс орындары ашылып, қосымша салық көздері пайда болады. Аудан тұрғындарын сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.  

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2024 жылы ауданға бөлінген лимит көлемі – 470,4 млн теңге. Оның ішінде мал шаруашылығына – 235,2 млн теңге, өсімдік шаруашылығына – 14,9 млн теңге, шағын бизнесті дамытуға – 79,2 млн теңге, құс шаруашылығына – 29,8 млн теңге және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне – 111,3 млн теңге. Сондай-ақ 56 жобаны іске асырып, 72 жұмыс орнын құру жоспарланды. Бүгінгі таңда 32 ниет білдіруші жалпы сомасы 284,8 млн теңге несие алуға «Aqjaiyq» ӘКК-ге өтінім тапсырды. Нәтижесінде 188,5 млн теңгені құрайтын 22 өтінім мақұлданып, 3 өтініш иесіне 22 млн теңге қаражат берілді. Төрт адамның өтініші қаралып жатыр, ал 3 тұрғынға несие тарихының нашар болуына және өздерінің бас тартуына байланысты несие берілмеді, – деді аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы.  

Биыл 47 тұрғын бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алып, 48 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсырыпты. Мансап орталығында жұмыссыз ретінде 1269 адам тіркелген. Жыл басынан бері 931 жаңа жұмыс орны ашылған. Соның 574-і – тұрақты жұмыс орны. Enbek.kz сайтында аудан бойынша 348 жұмыс орны тіркелген. Көбінесе химия, математика, физика пәндерінің мұғалімдері, жалпы практика дәрігерлері, эндокринолог, онколог, маммолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлері, геодезист, слесарь, жүргізуші, электромонтер, аспаз мамандықтарына сұраныс бар. Ал аудандық ауруханаға 18 дәрігер және 17 орта медициналық қызметкер қажет. Биыл мұнда қызметке келген 14 дәрігерге пәтер берілген. Білім беру саласында да кадрлардың тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Орта мектептерде тарих, математика, информатика, физика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының аясында 288 млн теңге бөлініп, 10 маманға тұрғын үй алуға 71,8 млн теңге бюджеттік несие беріліпті. Жергілікті бюджеттен 41 маманға көтерме жәрдемақы төленді. Ақсай қаласы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасында қамтылмаған. Алайда қалада жұмыс істейтін мамандардың тұрғын үйге мұқтаждығын жою қажет. Сондықтан мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы әкімшілік ғимаратын жатақхана жасап, күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде.

Ауданда 111,5 шақырым автокөлік жолдарына жөндеу жүргізілуде. Ауқымды жобалардың бірі – Подстепное – Елек республикалық маңызы бар трассаны (36 шақырым) қайта жаңарту. Қазіргі уақытта 108-144 шақырымы реконструкциялануда. Сонымен қатар 36-72 және 72-108 шақырым аралығындағы жолдың 2 учаскені қайта жаңғырту үшін «ҚПО б.в.» компаниясы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тиісті жұмысты атқаруда.

Бұдан бөлек облыстық маңызы бар Ақсай-Теректі тас жолын (21 км) жөндеу үшін ЖСҚ сараптаманың оң қорытындысын алды. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Облыстық бюджет есебінен Кеңтүбек және Жарсуат ауылдарына кіреберіс жолдарды күрделі жөндеу (1,7 км) басталған. Ақсай – Кеңтүбек – Қарағанды аудандық маңызы бар жолдың 0-14 км учаскесі орташа жөнделуде.

Аудан әкімі аудандағы абаттандыру, құрылыс және жер мәселелеріне де тоқталды. Мысалы, 2783 бөрлілік баспана кезегінде тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақсай қаласында 9 қабатты 198 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ 9 қабатты 126 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Ал елді мекендерде 132 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Ауданда жер кезегінің тізімінде 15506 адам бар.

Бөрлі ауылында жеке тұрғын үй салуға берілетін жерлерге инженерлік желілер салынуда. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың I жартыжылдығында аяқтау жоспарланған. Осы жерден 680 азаматқа жер телімі беріледі. Ақсай қаласындағы 800 жер учаскесін су құбыры тартылды. Биыл электр және газбен қамтамасыз ету жұмысы аяқталған соң, кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері беріледі.

Бөрлі ауданында су тасқынының алдын алу мақсатында Ақсу, Кеңтүбек, Бақтарал, Пугачев және Аралтал ауылдарында бөгеттер салынуда. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында аутоматты жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылған. Осы құрылғы іске қосылғаннан бері жылдамдық режімін бұзған 20368 құқықбұзушылық анықталып, 534 млн теңге айыппұл салынған. Соның 273 млн теңгесі өндіріп алыныпты. Ауданда білім беру және денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылуда. Соның ішінде, «ҚПО б.в.» қаражаты есебінен Жарсуат ауылында 108 орындық мектеп салынып жатыр.

Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында Пугачев ауылында, Ақсай қаласының 13-шағынауданында мектептердің құрылысы жүргізілуде. Ал «Мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында ауыл мектептерінде химия, физика, биология, жаратылыстану кабинеттері жабдықталуда. Биыл ауылдық округтерге 6 «Соболь» жедел жәрдем көлігін сатып алу үшін облыстық бюджеттен 115 млн теңге бөлінген. Бұл көліктер қараша айында жеткізілмек.

Ясипа Рахимқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале