17.04.2024, 11:32
Оқылды: 45

«BQITU JASTARY» алдыңғы шепте

Дана халқымыз «Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады» деп бекер айтпаған. Өңірде төтенше жағдай жарияланғалы ел-жұрт бір атаның баласындай, бес саусақтың саласындай күш біріктіріп, тасқынға тосқауыл болуға жұмылды. Қазіргідей сын сағатта керегі де осы – бірлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апаты екенін және мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайтынын, барлық шығын толық өтелетінін айтты. Бұл тасқын судан жапа шеккен қарапайым халық үшін үлкен демеу болды.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 11.24.09
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алшылары қарғын судан зардап шеккен Қаратөбе, Сырым, Теректі және Бөрлі аудандарының халқына алғашқылардың қатарында гуманитарлық көмек жолдады. Апат айтып келмейді. Сондықтан, тілсіз жаудан келер қауіп Орал қаласына ойысқанда университет студенттері дереу «BQITU JASTARY» еріктілер штабын құрып, тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстарға бел шеше кірісіп кетті. Жауапты сала мамандарымен бірге тәулік бойы дамыл таппастан су басқан аумақтардан көшірілетін тұрғындар орналасатын уақытша қосындарды дайындау, адамдарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау, өзге өңірлерден келіп жеткен гуманитарлық көмекті қабылдап алып, діттеген жеріне жеткізу сынды маңызды міндеттерді асқан жауапкершілікпен және ұйымшылдықпен атқарды. Сондай-ақ білім ордасының ұжымы топан судан зардап шеккен жерлестерімізге көмек ретінде бір күндік еңбекақысын аударды.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 11.21.26

Қазіргі таңда университет ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, негізгі жұмыстан қолы қалт еткенде еріктілер қатарынан табылып, нақты іс-әрекеттерімен туған қаламызды табиғи апаттан аман алып қалуға үлес қосып жатыр. Қала тұрғындарымен бірге Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жағалауларын бекіту мен бөгеттер тұрғызуға, қапшықтарды құм-топырақпен толтыруға атсалысып жатыр.

WhatsApp Image 2024-04-17 at 11.23.28

Өңірдегі жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Тасқын қаупі күн санап артып барады. Соңғы тәулікте қала маңындағы бірнеше саяжайды су шайып, жүздеген отбасы баспанасыз қалды. Тасқыннан зардап шеккен жерлестерімізді жан-жақты қолдау мақсатында оқу орнының спорт кешені эвакуациялық пункт ретінде жасақталды. Барлық қажетті төсек-орынмен қамтамасыз етіліп, жауапты мамандар бекітіліп, кез келген уақытта тұрғындарды қабылдауға әзір. Университеттің еріктілер қатары да сағат санап толығуда. Талай қиындықты өткерген халқымыз бұл табиғи апатты да ауыздықтайтынына сенеміз. Осынау қиын-қыстау кезеңде елдің амандығы, жұртымыздың бірлігі айрықша маңызды. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, сын сағатта сыр бермейік, табиғаттың тосын мінезіне бірлесе қарсы тұрайық!

Бекболат Шакешев,

БҚИТУ ректоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале