Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен мәдениет саласы қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақысын белгілеу мәселелері талқыланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – облыстың үш жылдық бюджетіне өзгерістер енгізу болды. Биыл жергілікті бюджет көлемі 6 миллиард теңгеден астам қаражатқа ұлғайып, жалпы көлемі 525,2 миллиард теңгеге жетті. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаларды қолдауға бағытталмақ. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарын дамытуға, сондай-ақ Казталов ауылы мен Ақсай қаласындағы ауруханаларды жаңғыртуға 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына 1,3 миллиард теңге, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
Жиында баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев өңірде білім беру саласын дамыту мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жұмыс жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Облыстық психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жалдау ақысына, штаттық бірліктерге, коммуналдық және өзге де ағымдағы шығынды өтеуге, сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандыруына қомақты қаражат бөлінді. Бұл білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттырып, мамандардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қауіпсіздік шараларына қосымша қаржы қарастырылса, Бәйтерек ауданының Переметный ауылындағы орта мектепке блок-модульдік қазандық сатып алу жоспарланған.
– Ауыл мектептерінің материалдық әлеуетін нығайту мақсатында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ақжайық ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе ауылындағы орта мектеп үшін 60 орындық жаңа ғимарат сатып алу жобасы. Сонымен қатар Шыңғырлау кентіндегі Л. Қылышев атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмысын аяқтау, Тасқала ауданындағы «Достық жалпы білім беретін мектеп-бөбекжай кешені» ғимаратын күрделі жөндеу жобасына мемлекеттік сараптама жүргізу жұмысы да назарда. Бұдан бөлек, Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласының 13-шағынауданында салынатын 900 орындық мектептің сыртқы инженерлік желілерін жүргізуді аяқтау көзделген. Ал Орал қаласында шығармашылық және даму орталығының құрылысын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр, – деді Нұрлан Есенғалиев.
Баяндамашы мәдениет, спорт және туризм салаларын дамыту бағытындағы жобаларға да басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Осы орайда облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимаратында бейнебақылау жүйесін орнату, тәулік бойы жұмыс істейтін әскерилендірілген күзет бекетін ұйымдастыру және жылуды есепке алу жүйесін жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.
Өңір спортының дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық құрама командалардың спортшылары мен жат-тықтырушыларына ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылып, бұл олардың кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауына қолдау көрсетпек. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаңа ғимаратын күтіп-ұстауға бағытталған қаржы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Туризм саласын дамытуға да серпін берілмек. Туристік нысандарды салу мен реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарының бір бөлігін өтеу арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларды қолдау мақсатында «Ақпараттық технологиялар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне стартап экожүйесін дамыту және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау қызметі үшін қосымша қаражат бөлінген.
Өңірдегі мәдени мұра нысандарын жаңғырту жұмысы да жалғасады. Атап айтқанда, А. Островский атындағы орыс драма театрының ғимаратын ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратын қайта жаңғырту жұмысын жалғастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Орал қаласының Ақжайық шағынауданында 12 мың орындық стадион салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына да қомақты қаражат бағытталатыны айтылды. Бұл қаржы тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы азаматтардың баспана алу мүмкіндігін кеңейтуге, «Қаладан ауылға» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге қоныс аударушыларды қолдауға жұмсалмақ. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана сатып алу, апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын жаңа пәтерлерге көшіру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, облыстың барлық ауданы мен Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жалға берілетін пәтерлер сатып алу жоспарланған. Бұл бастама көпбалалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және өзге де әлеуметтік топтардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту арқылы жаңа шағынаудандардың инженерлік желілерін жетілдіру көзделген.
Кеңес отырысында халықтың әлжуаз топтарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда болды. Былтырдан бастап тұрғын үй жүйесі толықтай цифрлық сипатқа көшірілген. Енді кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту тәртібі де өзгермек. Бұрын пәтерлер жергілікті әкімдіктердің шешімімен берілсе, енді бұл үдеріс аутоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.
– Бұрынғыдай баспана кезегіндегі азаматтарды санаттарға бөліп қарау тәртібі енді болмайды. Маусым айының бірінен бастап «Отбасы банкінің» тұрғын үйлерді үлестіру ережесіне өзгерістер енгізіп, кезек жүйесін реттеуге кірістік. Ендігі жерде әр аудан бойынша бірыңғай кезек қалыптастырылады. Қазір осы мәселені жан-жақты қарап, әділ әрі ашық жүйе қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы айларда бұл түйткілдің нақты шешімін шығарып, баспана бөлу тетігін барынша қолжетімді ету көзделіп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Жиында мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелері бюджет қаржысын шағын ауылдардағы сирек пайдаланылатын нысандарға емес, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс орындарын ашуға бағыттау қажеттігін айтты.
– Бұрын бюджет қаражаты орынсыз жұмсалған жағдайлар болды. Өңірдегі бір ауылда қомақты қаржыға мәдениет ошағы салынды, алайда онда жылына бір-екі ғана жиын өтеді. Сондықтан бөлінген қаржыны өндіріс орындарын ашуға бағыттаса, ауыл халқын тұрақтандыруға мүмкіндік туар еді. Оның үстіне мұндай жобалардың әлеуметтік-экономикалық пайдасы әлдеқайда жоғары болады, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов.
Жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясы» қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақысын белгілеу жөніндегі ұсынысы да қаралды.
Кеңес отырысының қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»