12.11.2024, 12:53
Оқылды: 300

COVID-19  САЛҒАН ЖАРА: оңалту мен сауықтыру жайлы не білеміз?

COVID-19 пандемиясы 2023 жылы ресми түрде аяқталғанымен, SARS-CoV-2 вирусы жоғалған жоқ, әлі де тіркеліп жатыр. Бұл вирус адамзат өмірінде үлкен із қалдырды: пандемиядан кейін адам ағзасында физикалық, менталдық және психологиялық өзгеріс пайда болды. Екі-үш жыл бұрын коронавируспен ауырғандар бүгіндері есте сақтау қабілеті нашарлағанын, жеңіл-желпі тұмау тисе иіс сезбей қалатынын айтады. Олардың денсаулығын қалпына келтіру мүмкін бе? Пандемиядан кейін денсаулығына зақым келгендерді оңалту мен сауықтыру үшін мемлекет қандай мүмкіндік ұсынды? Minber.kz жарияланған мақалада осы сұрақтың жауабын іздеп көреміз.

WhatsApp Image 2024-10-21 at 19.29.24

Фото: amu.edu.kz

Астана медицина университетінің реабилитология және спорт медицинасы кафедрасының меңгерушісі, доцент Наталья  Сливкинаның айтуынша,  вирус жұқтырғандардың 10%-ға жуығында пост-COVID  (Long COVID) синдромы дамиды. Ең жиі кездесетін белгілерге шаршау, ентігу және когнитивтік дисфункция (мысалы сананың шатасуы, ұмытшақтық немесе психикалық назардың немесе айқындықтың болмауы) жатады.

– COVID-19-дан кейінгі жағдай адамның жұмыс немесе үй жұмысы сияқты күнделікті әрекеттерді орындау қабілетіне де әсер етуі мүмкін. COVID-пен ауруханаға жатқызылған науқастарда өкпе құрылымы мен қызметінде тұрақты өзгерістер тіркеледі, жедел респираторлық дистресс синдромы дамыған немесе механикалық желдетуді қажет ететін емделушілер әсіресе өкпе фиброзына ұшыраған, – дейді.

Оның айтуынша, «SARS-CoV-2 инфекциясы кей адамда жүрек проблемасы, соның ішінде жүрек бұлшықетінің қабынуын тудыруы мүмкін. Шын мәнінде, зерттеу COVID-19-дан айыққан адамдардың 60% жүрегінің тұрақты қабыну белгісін анықтаған. Егер коронавирус инфекциясы бүйректі зақымдаса, ол ұзақ мерзімді бүйрек ауруларының асқынуына, диализ қажеттілігін арттыруға соқтыруы мүмкін.

– POTS (постуральды ортостатикалық тахикардия синдромы) – бұл қан айналымына әсер ететін жағдай және COVID-тен аман қалған адамдар осы синдромға келгенде осалдық танытуы мүмкін. POTS неврологиялық белгілерді, соның ішінде бас ауруы, шаршау, бастың мең-зең болуы, ойлау немесе концентрациядағы қиындық пен ұйқысыздықты туындатады. Кей адамда COVID-тен айыққаннан кейін 2-типті қант диабетінің белгілері дамуы мүмкін, – дейді Наталья Сливкина.

Бертінге дейін дәрігерлер пост-COVID синдромы 6 ай уақыт шамасында жазылады деп келген еді, алайда ковидпен ауырғанына 2-3 жыл өтсе де денсаулығына шағымданатындар көп. Сөзіміз сұйық шықпауы үшін пандемиядан соң денсаулығы сыр бергендермен сөйлестік. Өтінішіне сәйкес, респонденттердің аты-жөнін өзгертіп бердік.

Бірінші кейіпкеріміз Нәзира Оралда тұрады. Медицина саласы қызметкері, жұбайы – инженер. Бұл отбасы жас кезінен салауатты өмір салтын ұстанады. Дұрыс тамақтануды да ерте жолға қойған. Сүйікті ісі – саяжайдағы жеміс ағаштары, жидектері мен көкөністерді күтіп-баптау. Соңғы жылдары саяжайдағы жүктемені азайтуға мәжбүр. Өйткені вирус зардабы олардың өмірін түбегейлі өзгертті. Қазіргі күні дәрігерге көріну, кеңес алу, алуан дәріні уақтылы қабылдау күнделікті кестеге енген.

– 2020 жылы коронавирус жұқтырдым, өкпем 50% зақымданды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 14 күн ем алдым. Жұбайыммен бір палатада емделдік. Оның өкпесі 25% зақымданды. 14 күннен кейін бізді ауруханадан шығарды. Одан кейін санитарлық, дезинфекциялық режимді сақтап, 14 күн үй карантинінде болдық. Коронавирустан кейін ең ауыры – аурудың салдары. Бұл – жүрек-қан тамырлары жүйесінің зақымдануы. Менің де, жолдасымның да қан тамырларымызға едәуір зақым келді. Екеуміздің де жүрегіміздің қызметі бұзылды, патологиялық өзгеріс пайда болды. Жұбайыма кардиостимулятор қоюға тура келді. Мен 1 жыл бойы кардиолог бақылауында тұрдым, ауру асқынып, перикардит болдым. Өкпе зақымданғаннан кейін өкпенің тыныс алуы ауырлады, өкпем толық қалпына келмеді. Коронавирустан отбасым қатты зардап шекті. Мен пульмонологтың, жолдасым кардиологтың бақылауында. Жолдасым екі рет екпе алды. Мен қарсы көрсетілімге байланысты екпе ала алмадым», – деді Нәзира.

Оның айтуынша, ауруханадан шығарда «тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаға барасыз, сол жерде оңалту емін аласыз» деген екен. Алайда емханаға келгенде «бізде ондай ем-шара жоқ» деген жауап алған. Сондықтан БҚО Теректі ауданындағы «Ақжайық» шипажайында өз қаржысына оңалтудан өткен. Шипажайдағы ем-шараның бұған дейін көрсетілген қызметтен айырмашылығы коронавируспен ауырғандарға өкпе мен жүрекке арналған жаттығу жасатып, скандинавиялық серуенге шығару ғана болған.

Ал Астанада тұратын Әлия бүгіндері жүрегі мен қан қысымына шағымданады.

– Отбасымыздың барлық мүшесі COVID-пен ауырды.  Жұбайымды ауруханаға алып кетті, өкпесінің 40% зақымданған. Өзім екі баламмен емді үйде қабылдадық. Кіші қызым екеуміз 2020, 2021 жылдары 3 рет ауырдық. Үш жағдайда да коронавирусқа тапсырған тестте вирус расталды, – дейді.

Коронавирустан кейін Әлияны созылмалы тахикардия мен жоғары қан қысымы мазалайтын болып алды. Кенжесі әлі күнге  жөтеледі, шашы түсе бастаған, алопеция диагнозы қойылған. Д3 дәрумені тапшылығы анықталған, қандай ем-шара қолданса да бұл дәруменнің орнын толтыру мүмкін болмай отыр.  Әлияға да, жұбайына да ауруханадан шыққанда реабилитация жөнінде кеңес айтылмаған. Емхана да оңалту процедурасын ұсынбаған. Сондықтан бұл отбасы шетелде ем алып, денсаулығын қалпына келтіріп жатыр.

Халықтың жүйкесіне COVID туралы білімнің аздығы әсер етті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-тен кейінгі жылдары 130 елде психотерапия қызметі күрт көбейгенін анықтаған. Ал Астана медицина университетінің клиникалық психология кафедрасы меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, жоғары санатты дәрігер, психиатр (психотерапевт, нарколог) Анар   Қаражанованың айтуынша, Қазақстанда ресми статистика деректеріне сәйкес 2020-2023 жылдар аралығында өмірінде алғаш рет анықталған психикалық және мінез-құлық бұзылысы диагнозы бар адам саны 100 мың тұрғынға шаққанда 45,6-дан 66 адамға өскен. Ғалым бұл жағдайды  пандемиямен ғана байланыстыруға болмайды, өйткені осы уақыт аралығында әлемде, мемлекетте және әр адамның жеке кеңістігінде көптеген түрлі жағдай болды дейді. Мысалы, пандемиядағы психикалық денсаулықтың нашарлауының негізгі себебі – жаңа вирус туралы білімнің жеткіліксіз болуы, оның адамнан адамға берілу жылдамдығының жоғары болуы, өмірге аса зор қатер төндіруі және вакцинаның болмауы; БАҚ беттеріндегі даулы, қорқыныш тудыратын хабарламалардың жариялануы; қорғаныс құралдарының (тіпті медицина қызметкерлері арасында) және тестілеу мен емдеуге арналған ресурстардың жетіспеушілігі; адамдарға жеке бас бостандығына нұқсан келтіретін қоғамдық денсаулық сақтау шараларын таңу; өсіп келе жатқан көп көлемдегі қаржылық шығындар. Міне, осының барлығы психиканың бұзылуына ықпал етті. Адам ағзасы стресс жағдайына жауап бере алмады.

WhatsApp Image 2024-11-12 at 12.23.11

Фото: А. Қаражанованың жеке архивінен

– Адамдар вегетативті жүйке және эндокриндік жүйелердің көрінісін бастан кешірді – жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтерілді, тәбеті төмендеп, ұйқы, ас қорыту жүйесі бұзылды, бас ауруы, денедегі ыңғайсыздық сезімі, эндокриндік бұзылулар және басқа да көріністер пайда болды. Көптеген зерттеуге сәйкес, стрестен туындаған эмоционалды реакция түрлі психоэмоционалды күймен көрінген және бұл өмірлік жағдайға байланысты болған. Ең көп таралған көрініс мазасыздық пен қорқыныш, ашу болған. Мазасыздықты белгісіздік пен ақпараттың жетіспеушілігі салдарына байланысты сезінген. Қорқыныш сезімі ауруға, өлімнің және кейбір жағдайда туыстары мен жақындарынан айырылу ықтималдығына байланысты туындаған. Кей адам вирусты жұқтырып алғаны, үйдегілерге қауіп көзі болғаны үшін өзін кінәлі сезінген. Туыстары мен жақындарына қалай қолдау көрсететінін білмеген. Сонымен қатар, бәріне жақын жанасуды, құшақтауды, ортадағы әдеттегі қарым-қатынасты шектеу ұсынылды. Осындай оқшаулану, әдеттегі өмір салтын және әлеуметтік байланыстарды жоғалту, ұзақ уақыт бойы мазасыздық пен қорқыныштың жоғары деңгейі депрессияның қалыптасуына ықпал еткен, – дейді маман.

Оның айтуынша, стрестің когнитивті қабілетке әсері туралы бөлек айту керек – адамдардың жұмысқа, әсіресе интеллектуалды қызметке ден қоюы қиындап, есте сақтау қабілеті төмендеген. Стресті жеңу үшін темекі шегу, алкоголь ішу немесе шамадан тыс тамақтануға бейім болды.

– Туысы мен жақынынан айырылған адамдар да бөлек тақырып. Халыққа көмек көрсету саласында жұмыс істейтін мамандар бірнеше айдан кейін эмоционалды күйзеліске ұшыраған. Бұл әсіресе жоғары эмоционалды және физикалық жүктемемен бетпе-бет келген медицина қызметкерлеріне ерекше әсер етті. Психиатр мен психотерапевтерге келгендер паникалық шабуыл, шамадан тыс мазасыздық, түрлі фобия, ұйқының бұзылуына қатысты шағыммен жиі жүгінген. Кейінірек депрессия мен суицид жасау ойы бар науқастар пайда болған.

Психологтар көмегіне жүгінгендер отбасылық қарым-қатынастарға, бірге оқшаулануға мәжбүр болған адамдар арасындағы дау-жанжалға байланысты жиі шағымданған. Осы кезде отбасылық дисфункциялардың барлық нұсқасы белең алған, – деп сипаттаған Анар Қаражанова суицидке қатысты маңызды мәселені көтерді. – Статистикалық мәліметтерге сәйкес, шектеулер мен пандемияның өршуі кезінде суицид саны өспеген. Суицид кейінгі уақыт аралығында жиілеп кеткен, яғни ковидпен ауырып «жазылғаннан» кейінгі уақыттарда жиілеген. Бұл – назар аударатын мәселе.

Коронавирус салдарынан сауығып шығуға қанша уақыт керек?

Психикалық, менталдық тұрғыдан зардап шеккен адамдар қанша уақытта қалпына келуі мүмкін? Бұл сұрақ бәрімізді мазалайды. Анар Қаражанова қалпына келу уақыты адамның осы кезеңде бастан кешкен тәжірибесіне, жеке физиологиялық және психикалық ерекшелігіне, ата-ана тәрбиесінің ерекшелігіне, тұрмыстық жағдайына, қарым-қатынас дағдысына, басқа да көптеген факторға байланысты екенін айтады.

Наталья  Сливкина ковидтен кейінгі синдром апта, ай, тіпті жылдар бойы сақталуы мүмкін, сирек жағдайда мүгедектікке де алып келеді дейді. Олай болса, ковидпен ауырғандарды сауықтыру, денсаулығын түзету, қалпына келтіру өте маңызды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы коронавирус инфекциясынан кейінгі реабилитацияны ұйымдастыру туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығымен бекітілген «Медициналық оңалту көрсету қағидаларында»  халықты медициналық оңалту бойынша нақты ережелер мен әдістер айқындалған.

Айта кету керек, 2023 жылдың 30 қаңтарында ҚР ДСМ-нің медициналық қызметтер сапасы бойынша біріккен комиссиясының селекторлық тәртіпте өткен отырысының №178 хаттамасымен «Ересектердің COVID-19-дан кейінгі (постковид синдромы) жағдайы» диагностика және емдеудің клиникалық хаттамасы және АМСК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) деңгейінде постковид синдромы бар пациенттерді жүргізу бойынша чек-лист қаралып, мақұлданған. Коронавируспен ауырған науқастар осы құжат негізінде оңалту қызметін пайдалана алады. Сонымен қатар, бізге пікір берген сарапшымыз  Наталья Сливкина коронавирус пневмониясымен ауырғандар үшін ауру деңгейіне байланысты МӘМС арқылы реабилитациялық ем алуына мүмкіндік барын тілге тиек етті.

– Күндізгі стационардан басқа, егер пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, мемлекеттік және жеке санаторийде реабилитациядан өте алады. Шипажайлар, жеке клиникалар өз кезегінде мемлекеттік тапсырыс алу және коронавируспен ауыратындар үшін медициналық қызмет көрсетуші болу үшін жалпы конкурс өткізеді. Учаскелік дәрігер пациенттерді санаторийге немесе басқа емдеу мекемесіне жоспарлы түрде «Емдеуге жатқызу бюро порталы» арқылы жолдайды. Пациенттер өз емханасында тест тапсырып, дәрігердің жолдамасын алуы керек. Күні тағайындалғаннан кейін пациент оңалтуға бара алады, – дейді Наталья Сливкина.

Мұны ҚР ДСМ Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының бас сарапшысы Әлия Сүлейменованың сауалымызға берген жауабынан да көрдік. Біз салалық министрлікке Қазақстанда коронавирус инфекциясынан кейін адамдарды оңалту үшін қандай шаралар қабылданған, оған қанша қаржы бөлінген және ол қызметтерді қандай мекемелер көрсететіні туралы сауал жолдадық.  2020 жылы «COVID-19 коронавирус инфекциясымен медициналық оңалту» жеке медициналық көмек түрі ретінде болмағанын, бұл қызмет 2021 жылы енгізілгенін айтты.

Green and Black Minimalist Business Strategy Analysis Checklist Instagram Post

– 2021 жылы «COVID-19 коронавирус инфекциясымен медициналық оңалту» жеке қызмет түрі ретінде енгізіліп, 43 851 қызмет көрсетуге 1 940 564 мың теңге бөлінді. 2022 жылы «COVID-19 коронавирус инфекциясымен медициналық оңалту» үшін 78 752 қызмет көрсетуге 1 384 039 мың теңге бөлінді. Қазақстан мен әлемде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына, ДДҰ-ның COVID-19 пандемиясының аяқталғанын жариялауына байланысты, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің коронавирус инфекциясымен күресу шараларын көздейтін қаулыларының күші жойылды. Осыған байланысты, COVID-19 коронавирус инфекциясымен медициналық оңалту қызметтері жалпы медициналық оңалтуға енгізіліп, «Медициналық оңалту» лоты аясында қаржыландырылады, – деді министрлік өкілі Әлия Сүлейменова.

 

Оның айтуынша, жыл сайын МӘМС аясында медициналық оңалту қызметін көрсететін мекемелер көбейе түскен. Мысалы, елімізде 2020 жылы мұндай мекеме саны 575 болса, 2021 жылы – 619, 2022 жылы – 665, 2023 жылы – 769, ал 2024 жылы 762 медициналық оңалту орталығы МӘМС шеңберінде қызмет көрсетіп жатыр. Олардың арасында мемлекеттік мекемелермен бірге жекеменшік клиникалар да бар. Міне, осы клиникаларда 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 60 мыңнан астам пациент «COVID-19 коронавирус инфекциясымен медициналық оңалту» аясында медициналық көмек алған.

Алайда, мемлекеттік сатып алу порталынан дәл осы қызмет лоты (лот атауы – медициналық оңалту) туралы ақпарат табылмады.

Коронавируспен ауырған науқастарды сауықтыру, оңалтуға қатысты қандай шипажайлар қызмет көрсетіп жатқанын анықтау үшін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының ресми сайтынан жауап таба алмадық. Аталған ұйымның жолдамасы негізінде қызмет көрсететін шипажайлардың ресми сайттарында коронавируспен ауырғандардың денсаулығын қалпына келтіруге қатысты қандай да бір қызмет түрі туралы ақпарат көрінбеді.

Шет мемлекеттердегі тәжірибе не дейді?

2021 жылдың 28 қыркүйегінде ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы мүше мемлекеттерге Covid-19 инфекциясынан кейін оңалту мәселесі бойынша ақпарат пен ресурстар ұсыну мақсатында техникалық брифинг ұйымдастырған. Брифингте ДДҰ Еуропа аймағынан келгендер COVID-тен кейінгі оңалту олардың қалыпты жағдайға оралуына қалай көмектескені туралы бейнефильмде айтып берген. Фильм ДДҰ Еуропа аймақтық бюросының веб-сайтында орналастырылған. Фильмдегі маңызды сәттерді қысқа-нұсқа баяндайық:

Швеция COVID-пен ауырған науқастарға көмек көрсету жүйесін жасап шығарды, бұл реабилитацияның стационарлық және амбулаторлық кезеңін қамтиды. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап диагностика мен тексеру мәселелері бойынша ұлттық жұмыс тобы құрылды. Жиналған ақпарат негізінде науқастарға денсаулығына байланысты ұсыныс беріледі.

Испаниядағы медициналық көмек орталықтандырылмаған Каталония автономиялық қоғамының мысалында айтылады. Онда постковид синдромымен ауыратын науқастарды өмір сүру сапасын 18 ай бойы бақылап, реабилитацияға кеңес берген. Өңірлер арасындағы ерекшеліктер ескерілген.

Черногорияда денсаулық сақтау министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылып, ДДҰ-мен ынтымақтастық орнатқан. Медицина қызметкерлерін оқытуға және психологиялық қолдауға назар аударған.  COVID-тен кейін науқастарға қажетті реабилитациялық көмек денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде ұсынылған және оны міндетті медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырған. 2021 жылы медицина қызметкерлерін оқыту басталды, бұл реабилитация саласындағы кадрлар әлеуетін арттырды.

Ұлыбританияда оңалтудың жаңа жүйесін жасауға жергілікті қауымдастықтар мен науқастар да қатысты. Жаңа жүйеге сәйкес, көпсалалы реабилитация және виртуалды оқыту мен терапия формаларын пайдалану бағдарламаны қолжетімді етіп отыр. Пациенттерге виртуалды топтық сессияларға қатысуға мүмкіндік берілді, сол арқылы жеке реабилитация бағдарламасы ұсынылады.

Журналистік шешім қандай?

Коронавирус жұқтырғандардың пандемиядан кейінгі өмірі, денсаулығы, жай-күйі туралы мәселе бұған дейін еліміздегі БАҚ құралдарында көтерілген емес. Бұл тақырыпты жазудағы мақсатымыз пандемияның алғашқы жылдарында коронавируспен ауырғандардың денсаулығына назар аударту. Себебі COVID-тің шекарамыздан өткен кездегі қуаты алапат болды. Алғаш  жұқтырғандардың арасында кісі өлімі жиі тіркелді, емделіп шыққандардың өкпесінің бір бөлігі зақымданды. SARS-CoV-2 жұқтырғандардың 10%-ға жуығында пост-COVID  (Long COVID) синдромы дамитыны, синдром апта, ай, тіпті жылдар бойы сақталып, сирек жағдайда мүгедектікке, 2-типті қант диабетіне ұшырататыны, басқа да салдарлары ойландырады.

COVID-тен кейін психотерапия қызметінің күрт көбеюі, біздің елде кейінгі үш жылда өмірінде алғаш рет анықталған психикалық және мінез-құлық бұзылысы диагнозы бар адам санының 100 мың тұрғынға шаққанда 45,6-дан 66 адамға өскені алаңдатады. Сала  мамандары мен сарапшыларды, кейіпкерлерді тыңдай келе елімізде клиникалық протоколдар мен көмек бағыттары әзірленгенімен медициналық ресурстың теңсіздігі сияқты проблеманың реабилитация сапасын және оған қол жеткізу мүмкіндігін шектейтінін білдік. Пандемияның денсаулығымызға тигізген салдарын жоюға қатысты ем-шаралар туралы ашық дереккөздерде ақпарат тапшы екенін түсіндік. Дәрігерлердің айтуынша, жалпы реабилитациянын негізгі принциптері: толыққанды тамақтану, ұйқының дұрыс болуы, еңбек және дене демалысының режимі, жақсы көңіл күй, таза ауада серуендеу, витаминдер, тыныс алу жаттығулары, физиотерапиялық ем шаралар. Олай болса, мынадай ұсыныс жасауға бекідік:

Біріншіден, толыққанды тамақтану, еңбек демалысы режимін сақтау үшін Еңбек кодексі мен еңбек қорғау нормаларының сақталуын қамтамасыз ету және қадағалау. Жасыратыны жоқ, көптеген жұмыс орындарында тәулігіне 8 сағаттық еңбек режимі сақталмайды.

Екіншіден, медициналық оңалтудан өту тәртібі туралы ақпараттың ашық болуын қамтамасыз ету. Бұл орайда пандемиядан зардап шеккен пациенттердің денсаулығын қалпына келтірудің қағидаларымен халықты хабардар ету.

Үшіншіден, психотерапия қызметін қолжетімді ету. Психолог, психотерапевт, психиатр қызметінің қымбаттығы халықтың психотерапия қызметін алуына кедергі болуы мүмкін.

Төртіншіден, шет мемлекеттер тәжірибесіне сүйеніп, соның ішінде Швеция мен Британиядағыдай пациенттерге виртуалды топтық сессияларға қатысуға мүмкіндік беріп, сол арқылы жеке реабилитация бағдарламасын ұсынуды ұйымдастыру.

Альфия Шамаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале