21.01.2021, 15:53
Оқылды: 178

Дәрігер қабылдауына жазылу сұранысқа ие

Өткен жылы бұқаралық ақпарат  құралдарында облыстағы мемлекеттік құрылымдардың  қызметкерлеріне қатысты 95 жағымсыз материал жарияланған. Олардың 22-сі расталыпты.

D7922301-32BD-4DF5-939B-FB6683707C9B

Атап айтқанда, жарияланымдарда баяндалған деректер бойынша  мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының 19 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал  құқық қорғау құрылымының бір қызметкері әкімшілік жауапкершілік «арқалаған». Тәртіптік жауапкершіліктерді ашып айтар болсақ, қызметкерлерге екі ескерту, 11 қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы үш ескерту жарияланса, үш қызметкер атқарып отырған қызметтерінен босатылыпты. Жауапкершілік «арқалағандардың» арасында Орал қаласы және Теректі, Бәйтерек, Сырым аудандары әкімі аппараттарының  қызметкерлері бар екен. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте мәлім  етті.

Спикердің сөзінше, биыл өңірде қызмет ететін 435 мемлекеттік құрылымдағы қызметшілердің штаттық саны 4229 бірлік болса,  нақты қызметкер  – 3935. Жергілікті атқарушы құрылымдарда жүргізілген сауалнама мамандардың 70,1%-дан астамы еңбекақысының төмендігінен жұмыстан кеткенін көрсетіп отыр. Ал 1754 әкімшілік мемлекеттік бос лауазымға өткен конкурсқа қатысқан  1841 үміткердің 982-сі жеңімпаз болған. Ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша 376 жеңімпаздың 266-сы жоғары  лауазымдарға тағайындалыпты.

– Басқарма өткен жылы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларының сақталуын бақылау үшін 43 тексеру жүргізді. Тексерулер барысында 715 бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша мемлекеттік құрылымдардың қарауына 13 ұсыным мен 15 нұсқама енгізілді. Жыл соңына дейін барлығы 100% орындалды. Енгізілген ұсыну мен нұсқамаларды қарау нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласына қатысты 179 бұзушылық қалпына келтіріліп, заңсыз шығарылған 10 актінің, соның ішінде бір еңбек өтілі бойынша комиссия шешімі мен тоғыз актінің күші жойылды. Бұл заңсыздыққа кінәлі деп танылған 15 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік, ал бір мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді сұраған жеті өтініш негізінде жүргізілген тексеруден соң бес өтініште баяндалған мәселелер дәлелденді. Осылайша 12 тұлғаның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, – деп атап өтті департамент басшысы.

Ғалым Сұлтанұлы әдеп жөніндегі кеңес жұмысына жан-жақты тоқталды. Оның сөзінше, аталмыш кеңес бір жыл ішінде қараған 48 мәселенің 28-і профилактикалық бағытта болса, қалған 41,7%-ы тәртіптік істерді құрайды. Аталмыш кеңес 14 лауазымды тұлғаға  тәртіптік жаза қолдануды ұсынған. Олар мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасаған бес және Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған тоғыз қызметкер болып отыр. Бұдан бөлек департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының қызметшілері 11 әкімшілік хаттама толтырған. Олардың 10-ы қысқартылған тәртіппен қаралып, 666720 теңге әкімшілік айыппұл  өндірілген. Ал бір әкімшілік іс бойынша 138 900 теңге айыппұл сомасын мәжбүрлеп өндіру үшін жеке сот орындаушыларға жолданыпты. Өңірдегі әдеп жөніндегі уәкілдер жеке қабылдаулар жүргізіп келеді. Олардың қарауына мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректері бойынша мемлекеттік қызметшілер мен құрылымдардан, жеке және заңды тұлғалардан, БАҚ өкілдерінен 42 өтініш түсіпті. Қаралған өтініштердің нәтижесінде тоғыз  азаматтың бұзылған құқығы қалпына  келтірілген.

– Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлерінің 90%-ы электрондық нысанға көшті.

Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға әсер етуде. Биылғы  1 қаңтарда облыста 360 қызмет түрі бойынша 4 271 163 қызмет көрсетілді. Дәрігердің қабылдауына жазылу (667 630) және «Жедел жәрдем» шақыру (174 427)  ең көп сұранысқа ие қызметтер болып танылды. Жалпы, өңірдегі электрондық қызметтердің үлесі өткен жылдың қаңтарындағы көрсеткіштермен салыстырғанда (69%) 11%-ға өсті.  Орал қаласындағы мектептер мен емханаларда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Аталмыш орындарды оңай табу үшін олардың мекенжайлары 2ГИС іздеу бағдарламасына енгізілді, – деді  спикер  сөзінде.

Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген 25 тексеріс барысында 1229 бұзушылық дерегі анықталған. Қызмет алушылардың  12 шағымы қаралып, төртеуінің дәлелі расталып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Бұзушылықтарды жою және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы 23 ұйғарым мен бес ұсыныс енгізілді. Ал 29 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сегіз лауазымды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша 13 әкімшілік хаттама толтырылып, 380 030 теңге айыппұл салынған.

Спикердің сөзінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жаңа үлгідегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізілімі бекітілген. Қызмет көрсетудің тәртібін ақпараттандыруды арттыру мақсатында онда мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актінің реквизиттері  көрсетілген.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале