30.07.2021, 9:28
Оқылды: 532

Дәулетшаһтың басындағы дау

Совет өкіметі 1920 жылдардың ортасынан бастап бай мен молданы, атқамінер мен саудагерді «жат элемент» деп жариялап, қысымға ала бастады. Соның бір көрінісі – азаматты сайлау және сайлану құқынан айыру болатын. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорында сақталған төмендегі құжаттар – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігердің бірі, Алаш арысы Дәулетшаһ Күсепқалиевтің басындағы ахуалдан хабар береді.

Даулетшах1

Жымпиты ауданының Тайпақ селосының аткомына (атқару комитетіне – Қ. Қ.) – Тайпақ ауруханасының бастығы Дәулетшаһ Күсепқалиұлынан арыз Мен 1903 жылдан бастап 4 сүнбіле 1911 жылға шейін Орал губернасында Гурьевте әм Жымпиты қаласында крестиан нәшәлнік болып едім. Сәует хүкіметінің негізгі заңы бойынша дауыс құқысынан қалдым. Өткен жылғы кеңес сайлау турасындағы нұсқауларда соның 18-19 тармақтарында айтылды, даусынан айрылып кеңес үкіметіне бес жылдан кем қызмет етпегендерге құқық қайрылып беріледі деп.

Мен соует хүкіметіне ұдайы 1920-ншы жыл 10-ншы қамалдан бүгінге дейін қызмет етіп келе жатырмын. Сол себепті сізден өтінемін: менім құқымды қайырып беруіңізді. Соует хүкіметіне жақсы қызмет етіп жүрмін. Сот астында болғаным жоқ. Жаман қызметім сауетке болған жоқ. Бұған қоса дүкіменттерді сізге тапсырдым. Орал облысының халқына 27 жылдай қызмет еттім. Аның үшін 1900 жылы Мәскеу униуарситетін бітіріп едім. Содан бері мынадай қызметтерде болдым: 1900-1901-1902 жылдарда Жымпиты үйезінде 11-ші бөлімнің ауылдағы доқтыры болып тұрдым; 1903-1911 – крестиан нәшәлнік болдым; 1911-1915 жылда Жымпиты қаласындағы ауруқананың бас доқтыры болдым; 1916 жыл – Ілбішін қаласында санитарный доқтыр; 1917 жыл – Теке (Орал – Қ. Қ.) қаласында санитарный доқтыр әм төңкерістен соң областной комитеттің шілені (облыстық комитет мүшесі – Қ. Қ.), бүтін Орал губернасының уәкілдерінің сайлауымен;

1918-1919 – Орал губерналық земстуасының упрауасының шлені, доқторлық денсаулық бөлімін басқарушысы; 1920 жыл 10 қамалдан (наурыз – Қ. Қ.) – Орынборда жұқпалы тазалық қарайтұғын КирВоенревкомының басқарушы доқтыры; 1920 жыл 1 әсеттен (шілде – Қ. Қ.) 1920 жыл 20 қауысқа дейін – Жымпиты аудандық денсаулық бөлімшесінің басқарушысы; 1920 жыл 20 қауыстан (қараша – Қ. Қ.) 1924 жылғы 1-нші дәлуге (қаңтар – Қ. Қ.) шейін – Тайпақтың аудандық доқтыры; 1924-1925 жылдарда – Жымпиты қалалық ауруқананың бас доқтыры; 1925-1927 жылда – Тайпақ ауруқанасының бас доқтыры; Ашаршылық жылдарда ысталауой (асхана – Қ. Қ.) басқардым, Қызыл крестке қызмет еттім доқтыр болып. 27 жыл қызметімде сот астында болғаным жоқ. Халыққа қарсы болғаным жоқ. Шумада (чума, оба – Қ.Қ.) көп қызмет еттім.

Қазыбек Құттымұратұлы

Мақаланың толық нұсқасын облыстық «Орал өңірі» газетінің 30 шілдедегі №61 санынан оқи аласыздар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале