7.06.2022, 9:45
Оқылды: 110

Демеуқаржы туралы дерек

Өсімдік шаруашылығы – ел экономикасының дамуына үлес қосатын маңызды саланың бірі. Ендеше, осы саладағы мемлекеттік қолдауларға тоқталып өтелік. 

34

Фотосурет: 7kun.kz

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларына 782 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның ішінде «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасына 247,0 млн теңге беріледі. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сатып алған элиталық тұқымдардың, бірінші репродукция тұқымдарының, сондай-ақ бірінші ұрпақ будандарының құны 50-70% аралығында субсидияланады. Демеуқаржы егістіктің 15%-ынан аспайтын көлеміне сатып алынған дақылдың элиталық тұқымдары үшін, 20%-ынан аспайтын алаңға сатып алынған бірінші репродукция тұқымдар үшін төленеді. Картоптың элиталық, бірінші репродукция тұқымдары үшін субсидия егіс алаңының 50%-ынан аспайтын көлеміне сатып алынған жағдайда беріледі. Мұндай шектеулер бірінші ұрпақ будандарының сатып алынған тұқымдарына қолданылмайды.

Биыл сондай-ақ тыңайтқыштардың (органикалықтарды қоспағанда) құнын субсидиялау үшін 153,4 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат сатып алынған тыңайтқыштарға жұмсалған шығынды өтеуге төленеді. Тыңайтқыштарға субсидия төлеудің екі жолы бар. Біріншісі, тыңайтқыштарды толық құнымен сатып алған жағдайда, демеуқаржы тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге төленеді. Екіншісі, егер тыңайтқыштарды өндіруші зауыттардан арзандатылған құнымен келісімшарт негізінде сатып алса, субсидия тыңайтқыш сатушыға беріледі. Субсидия алу үшін өтініштер 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Тыңайтқыштарға арналған субсидиялардың мөлшері тыңайтқыштың ең төменгі нарықтық құнының жартысына сәйкес мөлшерде абсолюттік мәнде (теңге) белгіленеді. Ал пестицидтердің құнын субсидиялау үшін биылға 120,7 млн теңге көзделіпті. Бұл қаражаттар сатып алынған пестицидтер құнының жартысынан аспайтын мөлшерін субсидиялауға жұмсалады.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 23,5 млн теңге қаралып отыр. Яғни шаруаның егіс алқабын суаруға кеткен шығыны өтеледі. Қаражат суару үшін сатып алынған судың бір текше метріне арналған субсидиялар мөлшеріне сәйкес сараланып белгіленеді.

Бұған қоса, биыл қайта өңдеуші кәсіпорындарға тапсырылған майлы дақылдардың тұқымдарын субсидилау бағдарламасы жандандырылмақ. Аталмыш бағдарламаға 237,6 млн теңге бөлінді. Осы аталған бағдарламалар бойынша субсидиялау үрдісі автоматтандырылған. Яғни субсидия алу үшін өтінімдер qoldau.kz веб-порталы арқылы қабылданады.

субсидия

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленгенін айтқан еді. Министрдің сөзінше, жаңа жүйенің qoldau.kz-тен айырмашылығы – фермерлер оны тегін пайдаланады. Жүйе субсидия алушылардың тізімін автоматты режімде қалыптастырады. Шаруалардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексереді. Субсидиялар алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалайды. Бұл жүйе әзірше Ақмола облысында пилоттық тестілеуден өткен. Министрлік субсидиялаудың бірыңғай тегін ақпараттық жүйесін биылғы екінші жартыжылдықта қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале