9.09.2021, 17:39
Оқылды: 136

Денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы құйылмақ

Елдің даму бағыты мен экономикалық, әлеуметтік бағдарын айқындайтын құжатта Президент мемлекеттің барлық салаларына назар аударды. Соның ішінде «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мен фармацевтика өнеркәсібін өркендетуге қомақты қаржы құю керек» деп шегелеп айтқаны, осы салада жүрген мен үшін жағымды жаңалық. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екенін Президентіміз атап көрсеткен.

мммм

Бүгінде біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. Дәрі-дәрмекті жүздеген миллиард долларға шетелдерден сатып алып отырмыз. Соның ішінде, антибиотиктер, сульфаниламидтер, вирусқа қарсы дәрілер, гормондық дәрілер бізде шығарылмайды.

Қазақстан дәрі өсімдіктеріне өте бай ел болып саналады, сондықтан фармацевтикалық зауыттар мен фармацевтикалық фабрикалар салынуы керек, өнім түрлерін көбейту керек. Бұрын Орал қаласында мия зауыты жұмыс істеп тұрды. Міне, сол уақытта  бүкіл Еуропада миядан дәрі жасайтын кәсіпорын Орта Азияда, Ташкентте және Оралда ғана болды. Сол Оралдағы зауыт  қазір  жабылып қалған. Біз сол зауытты қайтадан «тірілтсек» нұр үстіне нұр болар еді. Медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алмасақ болмайды. Бір қуанарлық жағдай,  Жолдауда отандық фармацевтикалық өнімдерді 2025 жылға қарай, 50 пайызға жеткізу қажет делінген. Лайым, бұл мақсат орындалғай.

Қазақстанда мықты ғалымдар, ғылыми орталықтар, Құдайға шүкір, бар.  Оған Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі болғаны дәлел бола алады. Естеріңізде болса, «құс тұмауына» да Қазақстанымыз  қарсы вакцина шығарып, бұл ауруды тоқтатқан болатын.

Біздің QazVac-тың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ, қазіргі кезде QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде.

Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтардың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпей отыр.

Сонымен бірге Президент медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес екенін атап өтті.

«Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталуы қажет екендігі қадап айтылған Жолдауда. Сол мақсатқа қол жеткізсек, зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады.

Әр сала бойынша соның ішінде медицина мен фармацевтика саласы бойынша нақты қабылданатын шаралар жайын қадап айтқан Президенттің Жолдауы денсаулық қызметкерлерін қанаттандырып отыр. Енді оларды жүзеге асыру мемлекеттік құрылымдарға үлкен сын, емтихан екені даусыз.

 

Мақсот Берген,

КСРО және ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің

Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале