17.05.2021, 20:46
Оқылды: 255

Дезинсекция жұмысына бюджеттен 93 306,0 мың теңге бөлінген

Орал қаласында масаны улап жатқан мердігер БАҚ өкілдеріне Хан тоғайын өңдеу жұмысын көрсетті. «Магтоксин» ЖШС-ның дезнұсқаушысы Альбина Дүйсенбаева дезинсекцияның алғашқы кезеңі дернәсілдерді улау сәуір айының басы мен мамыр айы ортасында жүргізілгенін хабарлады.

 1

– Биыл өзен-көлдердегі су деңгейі жоғары болуы, соңғы кездегі қапырық ауа райы масаның көбейе түсуіне әсер етуде. Улау жұмысына арнайы 8 техника пайдаланылады. Серіктестік қарауында 18 дезинфектор жұмыс істейді. Біз баратын аймақты алдымен энтомолог зерттеп алады. Операторлар жұмыс барысын қадағалайды. Жел күшейген кезде немесе жаңбыр жауғанда инсектицидті қолданудың нәтижесі болмайды. Энтомолог қорытындысы бойынша және тұрғындар шағымына байланысты дезинсекция жүргізуге шығамыз. Масаның күшейетін кезеңі маусым айы ортасында болады деп есептейміз. Қалың жынысқа кіріп, у шашу оңай емес. Арнайы барып өңдеген аумақты бір тәуліктен кейін тексереміз. Әр ай сайын масаны улаған учаскелерді қайтадан өңдеп шығамыз. Әсіресе, Зашаған кенті, Құс фабрикасы, Бортау маңы, орталық саябақ іші, саяжай аумағын жиі ораламыз. Жалпы өңдеу учаскелерінде адамдар ұзақ тұрмағаны абзал. Улаған соң төрт сағаттан кейін ғана сол аумаққа баруға кеңес береміз, - деді Альбина Дүйсенбаева.

8

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Аян Хамидуллиннің айтуынша, Орал қаласы мен қалаға жақын орналасқан ауылдарды дезинсекциялауға бюджеттен 93 306,0 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жеткізуші болып «Магтоксин» ЖШС анықталды. Жалпы алғанда 13 мың гектар жер өңделмек. Профилактикалық дезинсекция 2 кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде шыбын-шіркейдің дәрнәсіл сатысы өңделді. Бұл кезеңде өзендер жағасы, тоғандар, бір сөзбен айтқанда, дернәсіл өсіп-өнетін учаскелер өңделеді. Осы жұмыс үшін биологиялық препарат – бактицидт қолданылады. Биыл дернәсіл улау сәуір айының басында басталып, мамыр айының ортасында аяқталды.

5

Екінші кезеңде гнустың қанатты сатысы өңделеді. Осы кезеңде негізінен орман аймақтары, жол бойындағы орман белдеулері хлорпирифос және циперметрин әсер етуші заты бар инсектицидті пайдалана отырып өңделеді. Осы мақсаттар үшін аэрозольді желдеткіш және САХ-5 және 2-м Циклон термогенераторлық бүріккіштері қолданылады. Бұл жұмыстар жазғы маусым бойы жүргізіледі.

4

Маса мен безгек масаларынан өңдеу жұмыстарын мердігер Орал қаласының аумағында, сондай-ақ Орал қаласы мен Серебряков, Круглоозерный, Коминтерн, Желаев, Асан, Мичурин, Новенький, Трекин, Володарка, Достық ауылы аумақтары мен орман белдеулерінде және де саябақ аймағында (мәдениет және демалыс саябағының аумағы, Хан тоғайы, Перевалочная тоғайы, Анискино көлі және т.б.) жүргізеді.

 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале