13.07.2023, 9:30
Оқылды: 64

Дифференциалды тариф керек

Оралдағы «Батыс су арнасы» ЖШС шаһар тұрғындарын ауыз  сумен және  кәріз  суымен  қамтамасыз етеді. Коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорында қазір кәріз-сорғы стансалары (КСС) жаңғыртылып жатыр.

3f5a96a8-f969-42a9-a578-0603b1cf1eb1

Аталмыш серіктестіктің бас инженері Арман Кенжебаевтың айтуынша, кәріз-сорғы стансаларын қайта жаңғырту – ең өзекті мәселе. Себебі қаладағы КСС-лар апаттық жағдайда тұр. Бүгінде Деркөл кентіндегі 19А кәріз-сорғы стансасы пайдалануға берілген. Ал 18А КСС-ты қайта жаңғырту бойынша жоба жасалуда. Сонымен қатар шаһардағы тұрғын үйлер мен нысандардан шыққан судың 70 пайызға жуығын кәріздік тазарту қондырғысына (КОС) айдайтын ең ірі сорғы станса – 2-КСС  жаңғыртылуда.

– Облыс орталығындағы «Школьник» сауда үйінің қасында орналасқан 3-КСС-ты жаңалап жаңғырту бойынша конкурс өтті. Тұрғындардан осы сорғы стансасынан үнемі жағымсыз иіс шығатыны, кәріздердің жиі бітеліп қалатыны жөнінде арыз-шағымдар көп түседі. Бүгінде тозығы жеткен бұл сорғы 1970 жылдары салынған. Оны қалпына келтірсек, қалалықтар айтатын кемшіліктер жойылады деген ойдамыз. Алдағы күндері 1-КСС-ті де жаңғырту жоспарда тұр. Сондай-ақ кәріздік тазарту қондырғысына техникалық зерттеу жүргізіліп, қайта құруға жоба дайындалуда, – деді Арман Тұралыұлы.

f9fc2877-8e1d-4b62-9975-214463cec634

Бас инженер Орал қаласының халқы көбейіп, құрылыс қарқыны артқанын атап өтті. Әсіресе, Зашаған кенті тұрғындарының саны өсуде. Жыл сайын жаз мезгілінде зашағандықтарға су жетіспейді. «Себебі жер үйде тұратындар суды үнемдемейді. Ауыз судың көп бөлігін бау-бақша суаруға пайдаланады. Салыстырмалы түрде айтатын болсам, шаһар тұрғындары қазан мен наурыз айларының аралығында тәулігіне 40-45 мың текше метр су жұмсайды.

Ал өткен аптада оралдықтар 59 000 текше метрдей су пайдаланған. Осыдан көретініміз, халықтың тұрмысына қажет судың мөлшері – 40 000 текше метр. Ал оның үстіндегі 18 мың текше метр тәулік сайын бау-бақша, жасыл желекті суаруға кетеді деген сөз. Осылайша, біреулер таза сумен бақша суарып жүргенде, жоғары қабатта тұратындарға ішетін су тапшы. Мысалы, 5 литрлік құтыдағы суды 350 теңгеге сатып алдық дейік. Яғни 1 литр судың бағасы – 70 теңге. Ал қалаға берілетін судың 1000 литрінің бағасы 40 теңге 89 тиын тұрады. Сондықтан мұндай арзан сумен бақша суару да, көлік жуу да тиімді болып тұр», – деді бас инженер. Нормативке сәйкес, бір адам тәулігіне (ішуге, жуынуға, кір жууға) 200 литр су жұмсайды екен. Арман Тұралыұлы адамдардың суды үнемдеуді үйренуі үшін дифференциалды тариф енгізу қажет деп есептейді.

Бұл тариф тұтынушылардың топтарына қарай белгіленеді. Яғни дифференциалды тариф қолданылса, ауыз су бағасы жеке тұлғалар, жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындар, бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғаларға бөлек есептелінеді. Суды көп тұтынса, оның төлемақысы да жоғары болады.

87266e22-757f-4f0e-8d15-d803c1acaca2

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның қалалықтарға жерасты су қоймасы мен кәріздік тазарту қондырғысы арқылы  тәулігіне 60 мың текше метр су беруге шамасы жетеді. Алайда сенбі-жексенбі күндері суға қажеттілік 70 мың текше метрден асып кетеді екен. Егер су шығыны артса, қысымы төмендеп, жоғары қабатта тұратындарға су жетпей қалады. Сондықтан күндіз су жеткілікті болу үшін түнде судың қысымын төмендетуге  мәжбүр.

Кәсіпорында кадрлардың тұрақтамауы да өзекті мәселенің бірі болып отыр.

«Жұмысшылардың жалақысы 100 000-150 000 теңге аралығында. Әрине, мұндай жалақыға ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Өткен аптаның өзінде арнайы көліктердің 7 жүргізушісі жұмыстан шығып кетті. Бүгінде мұнда 750-ге жуық адам жұмыс істейді. Қаражаттың тапшылығына байланысты жалақыны уақытында бере алмай отырмыз. Алдымен аванс, айдың соңында жалақы береміз. Кәріз желілерін, құбырларды қалыпқа келтіру үшін де ақша жетіспейді. Сондықтан тарифті өсірмесек, бұл мәселелердің қашан шешілетіні белгісіз. Құзырлы мекемелер бұл түйткілді қарастыруда», – деді бас инженер.

Арман Кенжебаев кәріз құбырларына түрлі қалдықтарды лақтыратын тұрғындарды сынға алды. Себебі оралдықтар тек сұйық зат  құйылуға тиіс кәріз құбырына, яғни унитазға және қол жуатынға шүберек, сүйек, тас-топырақ және басқа да қалдықтарды сала беретінін айтады. Мәселен, тұрғындардан кәріздің бітеліп қалғаны жөнінде күніне оннан астам арыз-шағым түседі екен. Сондай-ақ бас инженер қала көшелерінде  арықтар салынуы керек деп есептейді. Оралдағы көшелердің бойында арықтар бар, бірақ аз. Соның салдарынан жауынның және еріген қардың суы кәріздерге құйылады. Ал бұл ондағы су мөлшерін арттырып, кәріздік тазарту қондырғысының жұмысын қиындатады.

Айта кетелік, біз осыдан бір ай бұрын барған кезде аталмыш мекемеге оралдықтардың 200 млн теңгенің  үстінде қарыз екенін білдік. Бұл көрсеткіш әр ай сайын өзгеріп отырады. Бірақ берешегі үш айдан асып кеткен қарыз иелерінің ісін сот орындаушыларына жолдайды. Яғни компания басшылығы төлем жасамағандардың үстінен атқарушылық жазба  шығару үшін нотариусқа арыз жібереді. Жеке сот орындаушылар нотариустың шешімі бойынша тиісті шараларды қабылдайды. Мекеменің кредиторлық қарызы – 1,5 млрд теңгеден асады. Ол кәсіпорындағы инвестициялық жобалардың қаражаттың тапшылығына байланысты енді ғана жүзеге аса бастайтынын  айтты.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале