4.08.2026, 10:45
Оқылды: 13

Егінжайда қызу еңбек

Облыстағы  шаруашылықтар  егінге  орақ  салды. Күздік бидай мен қара  бидай  өсірілетін    52,3  мың  гектар алқаптан    170  мың  тонна  астық  жиналды.  Орташа  өнімділік  көрсеткіші  – гектарына  32,4 центнер. 

СИТКАЗИЕВ (2)

Көктемде ауыл шаруашылығы дақылдары 676 мың гектар алқапқа егілген. Атап өтсек, 281 мың гектары – дәнді дақылдар (оның ішінде күздік дәнді дақылдар – 93,6 мың га), 176 мың гектары – майлы дақылдар, 215 мың гектары – мал азықтық дақылдар және 4,1 мың гектары – картоп, көкөніс пен бақша дақылдары.

– Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі көпжылдық орташа деңгейден төмен болмайды деген ойдамыз. Егістіктердің басым бөлігінің жағдайы «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағалануда. Сонымен қатар диқандар ерте пісетін көкөніс дақылдарын да жинап бастады. Егін жинау науқанының табысты өтуі шаруашылықтардың материалдық-техникалық қамтылуымен тікелей байланысты. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 11,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазіргі таңда осы жанар-жағармайды жеткізуші операторды айқындау үшін конкурс өткізу жоспарлануда. Егін жинайтын және күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары толық дайын, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситказиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Бүгінде өңірде егіске қажетті тыңайтқыштар жеткізілуде. Отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан барлығы 48,2 мың тоннасы сатып алынған. Облыста жалпы сыйымдылығы 586 мың тонна 8 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 174 мың тонна астық сақтайтын қоймалары бар. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұлар биылғы жиналған өнімді  сақтауға  жеткілікті.

ЖП, дала, Бәйтерек

Берік Маратұлы егістік науқанын сапалы жүргізудің маңызды тетіктерінің бірі мемлекеттік қолдау деп атап өтті. Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялауға және қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,9 млрд теңге субсидияға бағытталмақ. Бүгінгі күні 740 млн теңге игерілді. Ал көктемгі дала және егін жинау жұмысын қаржыландыруға облысқа 22,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 12,9 млрд теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілмек. Яғни «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 10,9 млрд теңге және «Кең дала» арқылы 2,0 млрд теңге қарастырылған. Ал 10 млрд теңге «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-дан бөлінбек. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,3 млрд теңге, яғни бөлінген қаражаттың 67%-ы жеңілдетілген несие ретінде 5%-бен берілді. Сондай-ақ шаруашылықтардан 1,3 млрд   теңгеге өтінім түскен.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале