3.06.2022, 9:15
Оқылды: 291

ЭКО арқылы 78 отбасы сәбилі болды

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ӨКҚ ұйымдастырған брифингте өңірдегі ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша кейбір көрсеткіш көңіл көншітпейтінін айтты. Министр жұмыс сапары кезінде облыстық перинатальдық орталықтың жағдайымен танысқан, аталған нысанның заманауи тұрғыда дұрыс жабдықталмай отырғанына көз жеткізген.

4

«Перзентханалардағы әйелдерді босандыру бойынша қызмет сапасын арттыру, кадрлық ресурстармен және жаңа медициналық техникалармен қамтамасыз ету қажет. Облыс әкімдігі алдағы үш жылда барлық медициналық мекемеге жаңа құрал-жабдық сатып алып беруді, сала мамандарын біліктілік курстарына жолдама беру жоспарлап отыр. Ауқымды іс-шаралар жоспарының жүйелі түрде жүзеге асуына көмектесеміз», – деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сүйенсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы ауқымында қосалқы репродуктивтік технология арқылы елде 3 мың әйел жүкті болған. Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2021 жылы 249 әйелге ЭКО-жолдама берілді. Соның нәтижесінде 124 әйел жүкті болып, 78 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. Биыл бағдарлама демеуімен облысқа 246 квота бөлінді. Министр медицина мамандарының жеткіліксіздігіне көңіл бөлу керектігін айтты. Өңірге 270-тен астам дәрігер тарту қажет. «Былтыр 74 түлек облысқа жіберілді. Биыл да көптеген жас маман келеді. Осында қызмет етуге келген ақ желеңділерге жергілікті билік құрылымдары қолдау көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етіп, көтерме ақысын төлеп, біртіндеп еңбек ұжымдарына сіңісіп, көпшілікпен етене араласып кетуіне мүдделі болғаны жөн», – деді Ажар Ғиният.

2020 жылмен салыстырғанда, былтыр республика бойынша жүкті әйелдердің арасында COVID-19 індетін жұқтыру көрсеткіші 2,5 есе артып, сәби күткен 26 050 әйел жаппай ауырды. Еліміздің бас дәрігері өткен жылдары жаппай өршіген пандемия салдары көпке оңай тимегенін атап өтті. БҚО бойынша 2021 жылы 1 071 ана коронавирус жұқтырғаны анықталған. «Өкінішке қарай, биыл облыста екі ана өлімі тіркелді. Екі жағдайда да акушерлік асқыну басты себеп болып отыр. Осы оқиғаның себеп-салдарын зерделеу, өңірдегі жүкті және босанған әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек сапасын бағалау мақсатында министрлік тарапынан жасақталған топ жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар қабылданады», – деді ол.

Брифингте министр жергілікті деңгейдегі денсаулық жүйесіндегі басты мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, облыстағы медициналық мекемелерде түгелге дерлік тозған құрал-жабдықты жаңалау, сала мамандарының біліктілігін шыңдап отыру, медицина қызметкерлерінің ауылдық жерде тұрақтап қалуына жағдай жасауға басым көңіл бөлінуі тиіс. Осы себепті Президент пәрменімен медицина қызметкерлерінің жалақысын 2 есе көтеру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 561 мың, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 250 мың теңге болмақ. «Qazaqstan» ұлттық арнасының БҚО-дағы тілшісі Ардақ Мұратқызы көптеген дәрігер-мамандар жеке медициналық ұйымдарға ауысып жатқанын, олардың қызмет ақысы қалтаға соғатынын, осы үрдіске байланысты қандай шара қарастырып отырғандарын сұрады.

– Егер мемлекеттік медициналық мекемелерде маман табылмай, жеке клиникалардағы дәрігерге қаралуға қажет болса, оған тікелей тегін қаралуға мүмкіндік беретін тетік жасақталған. Электрондық жүйе бойынша ведмстволық ұйымның емделушінің өзі таңдаған маман шотына қаражат аудару ісі оңтайландырылған. Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіруге салалық басқарма жауапты. Оған қоса негізгі медициналық ұйымдар білікті мамандардың еңбекақысын өсіріп, үстемақы төлеп, орнықты қызмет атқаруына жағдай жасауы тиіс. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 10 миллиардтай қаражат құйдық. Бұл көрсеткіш 14 пайызға өсіп отыр. Сондықтан  кадр тұрақтылығын сақтау мекеме басшыларының біліктілігіне де байланысты, – деді Ажар Ғиният.

Брифинг кезінде онлайн жүйе арқылы «Надежда» газетінің тілшісі Оксана Наумова жаңадан салынатын медицина ошақтары мен бейімдеу орталықтарының жай-жапсарын айтуды өтінді. «Ең алдымен, алғашқы медициналық-санитариялық қызметін үйлестіру аса маңызды. Облыста осы бағытта 365 нысан жұмыс істейді. Бұл – республикадағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының 6%-ы. 2025 жылға қарай елімізде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 500 нысан салынады. Осы мерзімде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысында республикалық бюджет есебінен – 42, жергілікті бюджет қаражаты арқылы 46 амбулаторлық-емханалық нысан ашу жоспарланды. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы кардиоорталық пен көпбейінді аурухана құрылысын жүргізуді жоспарлаған екен. Құрылыс жобасына байланысты құжаттамалар талапқа сай жасақталса, соған сәйкес республикалық бюджеттен қаржы бөлдіртуге мүдделіміз»,  – деді министр.

Министрмен сұрақ-жауап кезінде «Ақжайық» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева көпшіліктің медициналық қызмет сапасына көңілі толмайтынын, емделушілердің ауру тарихы туралы мәлімет электронды қорда сақталмайтынын, қымбат медициналық құрылғылардан тексерістен өту үшін ұзақ уақыт күту керектігі жөнінде айтты. Ажар Ғиният цифрлық жүйені дамытудың мәселелеріне тоқталды. Оның сөзінше, бір облыс медицинасына байланысты әртүрлі ақпараттық жүйе іске қосылған. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы барлық мекемеге ортақ талап қойып, ақпараттық жүйелерінің біріктіріліп, тиянақты түрде мәлімет алмасуына себепкер болуы тиіс. Сонымен қатар министр медицина мамандарының бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы, өз ісін тиянақты атқаруы аса маңызды екенін атап өтті.

Ажар Ғиният өңірдегі медициналық қызмет сапасы қанағаттанарлық деңгейде деп бағалады.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале