26.03.2022, 11:40
Оқылды: 163

Экономиканың «қан қысымы» қалыпты ма?..

Төрткүл дүниені дірілдеткен коронавирус пандемиясы өркениетті дамыған елдердің өзін тығырыққа тіреді. Өндіріс төмендеді. Қазақстанда инфляция деңгейі өз көрсеткішінен асып, 8,4 пайызға жетті. Ақ Жайық өңірі де тұтас әлемнің бір бөлшегі іспеттес. Сондықтан жаһандық құбылыстардың да әсерінен қағыс қалмайды. Міне, биылғы жылдың екінші айы аяқталды. Былтырмен салыстырғанда ағымдағы жыл басында өндірісте ілгерілеушілік байқалады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, осы жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 320,5 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға  артты. Ағымдағы жыл қорытындысы қандай болмақ, болжам қандай деген сауалға жауап ізделік.

IMG-20220326-WA0011

Жылдық болжам қандай?

Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, өнеркәсіп көлемінің негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі (92,8%-ы) және оның шамасы 297,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға артық. Өңдеу өнеркәсібі саласында 14,8 млрд теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 98%-ды құрады. Саладағы аз-кем төмендеу мұнай өнімдерін өңдеу саласындағы өндіріс көлемінің 18,5%-ға, сусындарды өндіру көлемінің 36,7%-ға қысқаруынан анық байқалады. Мысалға, мұнай өңдеу саласына қатысты ірі кәсіпорындардың бірі «Конденсат» АҚ базасындағы шикізаттың жеткіліксіздігі, төтенше жағдай кезеңіндегі сыра шығару көлемінің азаюы өңдеу саласына теріс әсерін тигізді. Дегенмен өңдеу өнеркәсібінің басқа салаларына оң көрсеткіш тән. Соның ішінде өндіріс көлемі резеңке және пластмасса бұ-

йымдарын өндіру саласында – 2,9 есеге, металлургия өнеркәсібінде – 1,5 есеге, машина жасау саласында  1,2 есеге өсті. Өңірдегі экономистердің болжауынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,5%-ға, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 1,8 есеге артады деп күтілуде. Алайда қазіргі геосаяси жағдайға байланысты сауда-экономикалық байланыстардың қалай өрбитінін дәл болжау  өте қиын.

Үшжылдық жоспардағы жобалар

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде 4 жылда 38 мың жаңа жұмыс орнын ашатын, тұрғындардың көптеген әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуге бағытталған кешенді жоспары жасақталып, Үкіметте қабылданды. 2022-2025 жылдарға арналған бұл жоспар 115 іс-шараны қамтиды, оны жүзеге асыруға 2,5 трлн теңге қажет. Соның ішінде бұл мақсатқа жеке инвестициялар есебінен 2,1 трлн теңге (79,7%) бағытталмақ.

– Өнеркәсіптік өндіріс пен кәсіпкерліктің өсуін қамтамасыз ету үшін жалпы құны 1,8 трлн теңгеге 37 іс-шара іске асырылмақ. Оның ішінде сұйық метанол өндіру және мұнайды терең өңдеу зауыттарын салу, құю өндірісін іске қосу, цемент, аккумулятор батареялары өндірісін ашу көзделген. Сонымен қатар қыш кірпіш, керамзитті қиыршықтас, құрғақ трансформаторлар өндіру, ГТЭС (газ турбиналы электр стансасын) кеңейту жоспарлануда. Одан басқа арнайы экономикалық аймақ мәртебесін бере отырып, индустриалдық аймақтың құрылысына шамамен 150 млрд теңге шамасында жеке инвестиция тарту,  экономиканың түрлі саласында 40-қа жуық жобаны «жандандыру» жоспарлануда, – деді БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау  басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Гайтпаева.

Нұрия Ханзадақызының ұсынған ақпараты бойынша агроөнеркәсіп кешенінде  146,3 млрд теңгеге 76 жобаны жүзеге асыру, оның ішінде екі жылыжай, 25 бордақылау алаңы, көкөніс қоймасы, 10 сүт-тауар фермасының құрылысы жоспарланған. Ал әлеуметтік салада 31,5 млрд теңгеге Орал қаласында 160 төсек-орынға арналған кардиологиялық орталықтың корпусы, 24 жаңа мектеп (cоның ішінде 16 модульдық мектеп), колледж және жоғары оқу орындары студенттеріне арналған 650 орындық жатақханалар, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Туризмді дамыту мақсатында Теректі ауданындағы Шалқар көлінде туристік қызметті жайластыруға, 4 жұлдызды екі қонақүй құрылысына жеке инвестициялар есебінен 7,5 млрд теңге бағытталады деп күтілуде. Экология саласында 12,2 млрд теңгеге Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жабу және қалпына келтіру, 5 тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланып отыр. Енді бұл жоба-жоспардың қаншалықты жанданатынын уақыт көрсетеді...

9,4 млрд теңге неге игерілмеді?

Былтыр бөлінген қаржыны өз дәрежесінде игермеген бағдарлама әкімшілері баршылық.  2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыс бюджеті бойынша  9,4 млрд теңге (соның ішінде РБ және Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттер, яғни 6,2 млрд теңге) игерілмеді. Бюджеттік қаражаттардың қомақты бөлігінің игерілмеуі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында 2,9 млрд теңгені,  ауыл шаруашылығы басқармасында 1,2 млрд теңгені, Теректі ауданының бюджетінде  927,5 млн теңгені,  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 711,2 млн теңгені, Орал қаласының бюджетінде 682,5 млн теңгені, Бөрлі ауданының бюджетінде 610 млн теңгені, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасында 530,1 млн теңгені құрады. Басқа да бағдарлама әкімшілерінде қаржы игермеу фактілері болды.

– Бюджет қаражаты неге игерілмеді? Алдымен жобаларды іске асыру үшін қажетті құрылыс материалдарының жеткізілмеуімен байланысты. Бұған қоса орындалған жұмыстар актілерінің болмауы, құрылысшылардың жұмыс жүргізу кестесінен қалып қоюы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық және аутомобиль жолдары салаларында – мердігерлердің жұмыстардың қажетті көлемін орындамауы салдарынан қаражат игерілмеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан субсидияға өтінімдердің болмауы,  бюджет қаражатының үнемделуі қазына қаржысының игерілмеуіне әкеп соқты, –  деді Нұрия Гайтпаева.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық құрылыс басқармасынан мектептер құрылысы бойынша 200 млн теңге жұмсалмай қалды. Атап айтар болсақ, Бәйтерек ауданындағы Щапов ауылындағы 420 орындық жаңа мектеп құрылысына қатысты 91 млн теңге, Орал қаласындағы 300 орындық №18 мектеп құрылысына тиесілі  57,6 млн теңге, Казталов ауданындағы Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектеп үшін бөлінген 51,3 млн теңге игерусіз қалды. Бұл  білім ошақтары биыл пайдалануға берілуі тиіс.

Еңбек өнімділігі 2 есе артты

2021 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 232,1 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық.  Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына сәйкес биыл облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 236,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ал саладағы еңбек өнімділігі 2021 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 1845,1 мың теңгені құрады (жылдық статистикалық деректер 2022 жылдың сәуірінде қалыптастырылады). 2017-2020 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі 1106,0 мың теңгеден 2368,2 мың теңгеге немесе 2,1 есеге өсті.

– Өткен жылы 18,4 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде ірі жобалар бар. «World Green Company» ЖШС - көкөніс өндіру көлемі жылына 8 мың тоннаға дейін, ауданы 12 га жылыжай кешенінің құрылысы, жоба құны - 14 млрд теңге, 150 жұмыс орны құрылды. «Baystone» ЖШС құны 1,1 млрд теңге болатын, сыйымдылығы 4 мың тонналық көкөніс қоймасының құрылысы жобасын «жандандырды», жоба бойынша  15 жұмыс орны ашылды. «Uralsk Trade Company» ЖШС - құны 1 млрд теңге болатын, жылына 47 мың тонна дайын өнім өндіретін сүт зауытының құрылысын салды, 30 адамға тұрақты жұмыс берілді,  – деді Нұрия Гайтпаева.

2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында жаңа 400 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы құны 28,9 млрд теңгелік 36 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Гүлбаршын Әжігереева, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале