Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ведомство елдегі босандыру ұйымдарын тексеру жұмыстарын аяқтап, 80-нен астам санитариялық нұсқама берді.

Фото: DenMinPR
Тексеру 84 нысанның 82-сінде, атап айтқанда 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімінде жүргізілді.
Мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын, оның ішінде стерилизациялау және дезинфекциялау жұмыстарын, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйін бағалады. Қорытындысында 81 санитариялық нұсқама беріліп, 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік басқармаларға нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды және санитариялық-техникалық жағдайды талаптарға сәйкестендіруді тапсырды.
Алдағы уақытта мұндай тексерулер балалар ауруханалары мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында да жалғасады.