ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымдағы жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.

Фото: zhaikpress.kz фотомұрағатынан
Ең көп арзандаған өнім — қызанақ, оның бағасы 5,5%-ға төмендеді. Сондай-ақ І санаттағы жұмыртқа мен қияр 1,3%-ға, майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген, стерилденген сүт, майлылығы 2-3% айран, майлылығы 5-9% сүзбе және қара шай 0,2%-ға арзандады. Ажарланған күріш, балғын, салқындатылған және мұздатылған балық, қаймақ, алма және ас тұзының бағасы да 0,1%-ға төмендеді. Өңірлердегі бағаның төмендеуіне көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы мен бакалея тобындағы жекелеген тауарлар бағасының кемуі негізгі фактор болды.
Өңірлер бөлінісінде дефляциялық үрдіс бірқатар қалаларда байқалып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жалпы баға деңгейі бір аптада Қонаевта (-0,5%), Көкшетауда (-0,4%), Павлодарда (-0,3%), Шымкентте, Атырауда және Петропавлда (-0,2%) төмендеді. Ал Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз және Өскемен қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы килограмына 654 теңгені құраса, ең төменгі баға Шымкентте (406 теңге) тіркелді. Тазартылған күріштің орташа республикалық бағасы килограмына 532 теңге болды, ал ең қолжетімді бағалар Қызылорда (461 теңге) мен Алматыда (478 теңге) байқалды. Картоптың республикалық орташа бағасы килограмына 280 теңгені құрап, ең төменгі көрсеткіш Таразда (220 теңге) тіркелді. І санаттағы он дана жұмыртқаның орташа бағасы ел бойынша 575 теңге болса, ең арзан баға Көкшетау (486 теңге) мен Ақтөбеде (488 теңге) тіркелді. Ет өнімдеріне келсек, сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 777 теңгені, ал тауық етінің орташа бағасы килограмына 1 725 теңгені құрады.