30.06.2022, 11:00
Оқылды: 95

«Тауарыңыз бен қызметіңіз сапалы болса, байқау-көрмеге қатысуға шақырамыз»

Эльмира Бисембайқызы, «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауы қай жылдан бері өткізіліп келеді? Оны өткізудегі мұрат-мақсат қандай? Оған қай саладағы кәсіпорындар қатыса алады?  Өткізу және қатысуға өтініш беру тәртіптері жайында айтып өтсеңіз.

утеш

 Суретте: Эльмира Өтешева, БҚО кәсіпкерлер палатасының жобаларды қолдау бөлімінің бастығы

–  «Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын алуға конкурс және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы Жарлығына сәйкес өңірлерде және республикада жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі өткізіледі. Бұл байқау-көрме жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтерін жандандыруға, отандық өнімнің сапасын арттыруға және қазақстандық нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған. 2015 жылға дейін конкурстарды уәкілетті мемлекеттік құрылым өткізіп келді. Ал 2015 жылдан бастап «Алтын сапа» сыйлығының конкурсын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесін ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – конкурсты ұйымдастырушы) болып табылады.

Биыл облыстағы тауар өндірушілердің өңірлік байқау-көрмесі 15 шілдеде өтеді. Онда жеңімпаз деп танылғандар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алады. «Байқауға кімдер қатыса алады?» деген сұраққа жауап бере кетелік. Әрине, ел аумағында өнеркәсiптiк тауар, тамақ өнiмдерi мен өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi өндiретін жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға байқау қатысушысы бола алады. Екіншіден, олар конкурсты ұйымдастырушы растаған өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейіне және оны жүйелі түрде жақсартуды қамтамасыз етуде оң нәтижелерге қол жеткізген болуы керек.

Байқауға қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ҚР Үкіметі бекіткен «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік және республикалық байқау-көрмелеріне ұсынылатын материалдар мен бұйымдарды рәсімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау қағидаларына сәйкес байқауды ұйымдастырушыға өтінім береді, материалдарды рәсімдейді, ұйымдастырушыға тапсырады. Байқауға қатысуға өтінім электронды түрде www.altynsapa.kz сайтында беріледі. Сондай-ақ қатысушылардың материалдарын дайындау, ұсыну және алдын ала бағалау қағидаларына сәйкес рәсімделген материалдар (есептер) Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында, Орал қаласындағы Исатай-Махамбет көшесіндегі 84-үйдің 3-қабатындағы мекенжайда қабылданады. Барлық сұрақ бойынша кәсіпкерлер палатасының мына телефондары арқылы хабарласуға болады: 8 7112 243078, 8 777 587 8046.

 – Байқау-көрмеге қатысушылар қатары жыл санап көбейіп келеді.  Сондықтан әр аймақтан әлеуетті қатысушылар санына шектеу бола ма?

   – Жаңа айтып өткенімдей, байқауға қатысушылар санына ешқандай шектеу қойылмайды. Бастысы, еліміздің аумағында өнеркәсiптiк тауарларды, тамақ өнiмдерiн және өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi өндiруші жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға болуы керек.  Сонымен қатар байқауды өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейі және оны жүйелі түрде жақсартуды қамтамасыз етудегі оң нәтижелер  ұйымдастырушы тарапынан расталуы тиіс.

 – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» байқауын ұйымдастыруды қолға алған алғашқы үш жылын еске алыңызшы.  Облыс  бойынша байқауға қатысуға өтініш берушілер саны қандай еді? Соңғы үш жылда қатысуға ниет білдірушілер саны өсті ме? Байқаудың өтетін күні  –  15 шілде, бүгінгі күнге дейін  оған қатысуға қанша өтініш түсті?

 – «Қазақстанның үздік тауары» байқауы 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты өткізілмеді. Байқаудың басында 2015-2016 жылдары қатысуға ниет білдіргендер аз болды. Өтінімді электронды түрде www.altynsapa.kz сайтында және облыстық кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік-байқау көрмесін өткізу күнінен 10 күн бұрын беру керек. Өтінімдерді қабылдау шілденің 1-іне  дейін жалғасады. Бүгінгі таңда өңірдегі 40-тан астам тауар өндіруші байқауға қатысуға өтінім берді. Сондықтан кәсіпкерлер қауымына уақытты тиімді пайдаланып, тауарыңыз бен қызметіңіз сапалы болса, байқау-көрмеге қатысыңыз дегім келеді.

  Эльмира Бисембайқызы, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы қандай аталымдар бойынша өтеді? Бұған дейінгі байқауларда облысымыздың кәсіпорындары қандай аталымдарда үздік деп танылды?

 – Көрме-байқау үш аталым: өнеркәсіптік тауар, үздік азық-түлік тауары және халық тұтынатын үздік тауар бойынша өткізіледі. Байқау ережесіне сәйкес сыйлықты белгілі бір аталым бойынша алғаннан кейін төрт жыл ішінде аталымға өтінімді қайта ұсынуға болмайды. Соңғы жеті жылда өңірдегі тауар өндірушілердің қандай аталымдар бойынша үздік деп танылғанына тоқтала кетейін. 2015 жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің облыстық кезеңіне 23 кәсіпорын қатысушы болды. Республикалық деңгейде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында «Стекло сервис» ЖШС жеңімпаз атанды.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы үшін байқауға қатысуға алты кәсіпорын өтінім берді. Байқау қорытындысында «Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталмында «Агропродукт ЛТД» ЖШС үздік болды. 2016 жылы облыстық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде  17 кәсіпорын бақ сынады.  «Алтын сапа» сыйлығы байқауына  5 кәсіпорын өтінім берді. Олардың ішінен  «Камал Ойл» ЖШС «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» атанды. 2017 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесінің облыстық кезеңіне 32 кәсіпорын жолдама алды. «Нұржанар» АҚ «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. «Алтын сапа» сыйлығы байқауына  үш кәсіпорын өтінім берді. «Іскер» сыйлығына «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС ие болды. Одан кейінгі 2018 жылы аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде 32 кәсіпорын бақ сынады. «Алтын сапа» сыйлығын алуға үш кәсіпорын ниет білдірді. Республикалық комиссияның қорытындысы бойынша «Үздік өнеркәсіптік кәсіпорын» аталымында «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС үздік кәсіпорын болып танылды. Сондай-ақ экспорттаушылар байқауының қорытындысы бойынша «Ұлы дала елі» байқауында «Орал трансформатор зауыты» ЖШС жүлделі орынға ие болды.  «Іскер» сыйлығы «Жұлдыз» ЖК «Мария Ханым» сән үйіне бұйырды.

2019 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесіне 40-тан астам тауар өндіруші мен қолөнерші қатысты. ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауына қатысуға үш   кәсіпорын өтінім берді. Байқаудың қорытындысында «Үздік өнеркәсіптік кәсіпорын» аталымында «Орал трансформатор зауыты» ЖШС үздік деп танылды. Сондай-ақ «Отделстрой» ЖШС жетістіктері үшін «Іскер» сыйлығымен марапатталды. 2020 жылы әлем елдерін алқымнан алған тәжтажалдың кесірінен  «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесі өткізілмеді.  «Алтын сапа» сыйлығын алуға бес кәсіпорын үміттенді. «Отделстрой» ЖШС-ның мерейі үстем болып, «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» атанды. Сондай-ақ  «ТМК Казтрубпром» ЖШС жетістіктері үшін «Іскер» сыйлығын иемденді.

2019 жылғы өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығына байқаудың (байқау екі жылда бір рет өткізіледі) облысымыздан алғаш рет «Өнеркәсіп өнімдерін өндіру» (Сумен жабдықтау және газбен жабдықтау жүйелеріне арналған қорғаныс қабығы бар полиэтилен құбырларын өндіру) аталымы  бойынша «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС жеңімпазы атанды.

Өткен жылы пандемияға байланысты «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесі ұйымдастырылмады. «Алтын сапа» сыйлығы байқауына қатысуға өңірдегі тауар өндіретін және қызмет көрсететін 9 кәсіпорын өтініш білдіріп, тек бесеуі финалға шықты, Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша облысымыздан тауар шығаратын екі кәсіпорын жеңімпаз атанды Олар –  «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында бойынша «Батысмұнайгазжабдықтары» ЖШС, «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Кублей» ЖШС.

Облыстағы кәсіпкерлер «Qazaqstan Project Management Awards 2021» Ұлттық байқауына қатысты. Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында «Qazaqstan Project Management Awards 2021» ұлттық байқауын өткізді. Бұл байқауды өткіздегі  мақсат  – елде жобалық менеджментті дамыту. Сонымен қатар  мемлекеттік құрылымдарға, ұйымдарға, кәсіпкерлік субъектілерге қолдау көрсетуге, жобаларды басқару әдістері мен құралдарын өз қызметінде белсенді түрде енгізуге және қолдануға, мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзыреттерді дамытуға ынталандыруға бағытталған. Батыс Қазақстан облысынан байқауға «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» компаниялары қатысып, тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, «Жылдың үздік жобасы» аталымында жеңімпаз атанды.

 Байқаудың жеңімпаздары үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?  Жеке тұлғалар үшін бөлек, заңды тұлғалар үшін бөлек?

 – Байқаудың жеңімпаздары «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқау-көрмесінің эмблемасымен және дипломдарымен марапатталады. Олардың тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Байқаудың жеңімпаздары төрт жыл бойы конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. Бір сөзбен айтар болсақ, мұндай байқау-көрмелердің берері көп. Бизнес өкілдері тәжірибе алмасады, бір-бірінің тауарларын көреді. Кәсіпкерлер үшін өндірілген өнімдердің сұранысқа ие болуы маңызды. Сондықтан мұндай байқаулар өнімдерді жарнамалайды, нарыққа жаңа «ойыншыларды» шығарады.

  Алдағы 15 шілдеде облыстық қазақ драма театрында өңірлік  «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесі өтеді. Оған қатысуға облыстағы тауар өндірушілерді шақырамыз. Шара кәсіпкерлерді сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ынталандыруға бағытталған. Облыстық деңгейдегі жеңімпаздар өз өнімдерін республика деңгейінде көрсете алады.
Жарыс сағат 09:00-ден 15:00-ге дейін өтеді. Әлеуетті қатысушылардан өтінімдер altynsapa.kz сайтында шілденің 1-іне  дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасына  87112 24 30 78, 8 777 587 8046 телефондары арқылы хабарласып алуға болады.

 – Байқаудың сәтті өтуіне тілектеспіз. Сұхбатыңызға рақмет.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале