24.02.2022, 9:10
Оқылды: 82

Ең әдемі, ең көркем пән

Ақпан айының басында педагогтердің байырғы қара шаңырағы  –  Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ерекше бір байқау өтті. 

7015A368-8265-4AF7-842E-B1681FB03C67

Бұл байқаудың құрылтайшысы ұстаз бейнесіне тағзым қылған шәкірттері болды. Ерекшелігі сол – байқауға  қатысушылар да сол ұстаздан дәріс алып, «шекпенінен шыққан» ізбасарлары. Ерекшелігі сол – оқытылуы сарапқа түскен – музыка  пәні. Жиып айтқанда, ұлағат, құрмет, ізгілік атты көзге көрінбес, қолға ұстатпас бір асылдықтың үлгісі дерлік іс-шара болды бұл.

«Музыка пәнінің үздік мұғалімі» атты байқау республикада бұрыннан бар болғанмен облысымызда бірінші өтіп тұр екен. Аталған университеттің мәдениет және өнер кафедрасының мұғалімі болған, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Меңдіғаным Мергенбайқызы Нағымованың 60 жылдығына арнап осындай байқау өткізуді ұйғарған шәкірттер бастамасы университет басшылығы тарапынан қолдау тауып, бүкіл өңірдегі музыка пәнінің мұғалімдеріне қозғау салыпты. Жарысқа бел байлап түскен жүйріктердің жұмысына төрелік етуші қазылар алқасы құрамында болу жауапкершілігі жүктелген адамның бірі ретінде осы байқаудан білген-түйгендерімді ортаға салуды парыз санадым.

Естеріңізге түсіріңізші – ән,  дене тәрбиесі,  еңбек,  сурет сабақтарын асыға күтпеуші ме едік бала кезімізде?  Әр сабақтың өзіндік орны бар.  Соның ішінде аталған сабақтардың да баланың даму, адами қалыптасу процесінде берері көп екені даусыз. Ал эстетикалық сүйкімді тәрбиенің қайнар көзі – музыка пәнін оқыту ісінің де қыры мен сыры, құпиясы, тәсілі, өрнектері толып жатыр.

Байқауға қатысқан жиырмадан астам мұғалімнің ж­мысын онлайн арқылы толық, түгел қарап шықтым. Қызыға қарадым, түк те жалыққаным жоқ. Әрине, әртүрлі деңгей, әртүрлі мүмкіндік, әртүрлі тақырып. Бірақ қарап отырсаң, әрқайсысынан бір-бір түйір дәнек, бір-бір ерекшелік табасың. Ұстаз мамандығының  қызығына түскен шеберлердің ізденісіне еріксіз қайран қаласың.

Бір қарағанда, «жеңіл-желпілеу», «өлең айтуға үйрету» ғана сияқты болып көрінетін музыка пәнінің, шынына келгенде, шәкіртке қояр талабы да, берері де көп.

«Сәлеметсіздер ме?!» деп әндетіп кіріп келген ұстазға «Сәлеметсіз бе!» деп  әнмен жауап берген шәкірттердің көңіл күйі мұның алдында қандай сабақтан, қалай шаршап шығып отырса да көтеріліп сала беретіні сөзсіз.

Отан,  табиғат,  жыл мезгілдері, театрлар, қазақтың сал серілері, бесік жыры – осылай  жалғасып кете беретін му­зыка пәнінің оқу бағдарламаларының бала дүниетанымын кеңейтуге эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сұлулықты сезінуге  һәм қадірлеуге үйретуге бағытталғаны сайрап тұр.

Мақсат – осы, ал мақсатқа жету жолы – алуан. Ол – ұстаздың деңгейіне, шеберлігі мен шығармашылығына байланысты екені де  анық көрініп тұрды бұл сайыста.

Бір сабақ бар – ұстаз  жанып тұр, бірақ шәкірттер селқос. Бала бір жақта, мұғалім бір жақта... Неге? Айтып отырмын ғой, музыка – көңілдің сабағы. «Ән – көңілдің  ажары» деп не үшін айтты дейсіз бұл қазақ. Сол көңілдің тіні өте нәзік. Кілт ете қалатыны бар кейде. Себебі көп. Мысалы, мұғалімнің дауысы тым жоғары, қатты әрі асығыс, салқын сөйлесе де бала бұйығып қалады. Жылылық пен баурай сөйлеген дауыс ырғағын қалайды бұл пән. Сонда ғана кілті ашылады кішкентай жүректердің. Сонда ғана терер жемісі көп болады болашақта, кішкентайында алған музыка дәрістерінің.

«Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді»  дейді адам жанының тамыршысы Мұхтар Әуезов.

Құдіретті күй күмбірлеп кеткенде жанарларынан от жанып, тұлпардай елеңдей қалған  қаракөздердің отырысына елжіремеу мүмкін емес.

...Нота әліппесімен таныстыру, ырғақ,  әуен, екпін жігін айыруға үйрету – барлығы  осы пәнде.

Тағы бір сабақ – кіріспе сөзден кейін керемет бір сим­фониялық музыканы қосты мұғалім. Сыныпты кернеп кеткен шаттық әуенге, әсіресе, бір бала  қатты әсерленді.

Қанатын жайып, отырған орнында дирижерше ритммен қимылдап, қуана елтіп кеткен. Басқа балалар жәй ғана тыңдауда, ал мына баланың музыканы жанымен сезінетіні көрініп-ақ тұр. Әттең, орта жастан асып қалған тәжірибелі  мұғалім «көрмеді»  соны. Байқамаған болды, тіпті суық жүз танытып, басқа балалар сияқты тыныш отырып тыңдағанын қалайтынын  байқатты.

Сабақ тартымсыз өтті.  Бір орында тұрып, сырнай тартып, ән салдырумен ғана жүріп жатқан тірлік «менмұндалап» тұр. Соңында мұғалім оқушылардың осы сабаққа баға берулерін сұрады, сондай «дәстүр» бар екен осы күні. Не істесін, бәрі бас бармақтарын шошайтып, «бес» деген баға  берді. Бір ғана бармақ төмен қарай салбырап, «нашар» дегенді ымдады. Шынын айтқан жалғыз сол ғана. Мұғалім оны да «көрмеді».

Қандай қателіктер жіберілгенін, дұрысында қалай болуы керек екенін конкурсант оқытушылар өз чаттарында талқылап та қойған шығар. Айтпағым, дарынды баланы анықтауда, оны түсіне және жетелей білуде ұстаздан үлкен біліктілік, сезімталдық пен бапкерлік талап етіледі... Тыңдаған сайын, қараған сайын жаның енетін, қайнап өткен сабақтар көп болды. Майталман ұстаздардың  өзге әріптестерге әдістемелік үлгі қылып ұсынарлықтай деңгейлі жұмыстарына  қол соқпау мүмкін емес.

Байқау қорытындысында І орынды жеңіп алған Бөкей ордасы ауданы, Жәңгір хан мектебінің мұғалімі Рита Алмурзинаның, ІІ орынды иеленген Ақжайық ауданы, Бударин мектебінің  мұғалімі Нұршат Наурзалинаның, ІІІ орын жүлделерін қанжығаға байлаған  Теректі ауданы, Покатилов мектебінің мұғалімі Дулат Бисенов пен Ақжайық ауданы, Сарытоғай мектебінің мұғалімі Бекзат Жұмашеваның  еңбектері туралы осыны айтар едім. Жақсы ұстаз – шәкірт бағы. Кім-кімнің де өз ісінің шебері болғанына не жетсін.

Талапшыл да талантты ұстаз болған Меңдіғаным Мергенбайқызының ізбасарлары облысымыздың түкпір-түкпірінде  ерекше пәнді  әдемілеп жүргізуде  екен. Бұл байқау соны көрсетті. Ұстаз алдында ашық сабақ бергендей, есеп тапсырғандай бір сілкініп қалыпты  байқауға қатысушылар.

Байқаудың ұйымдастырушылары – БҚУ мәдениет және өнер факультеті. Соның ішінде БҚУ доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР  Композиторлар одағының мүшесі,  Мәдениет саласының үздігі  Меңдіғаным Мергенбайқызының төл шәкірттері Қуаныш Қисметов пен оның жары, сенімді серігі, университет ұстазы, әнші Раушан Қуаншалиеваның осы шаңырақтан бұрын-соңды түлеп ұшқан барша шәкірттердің басын қосып,  ұстаз атында арнаулы қор ашулары,  осы істің жоғары деңгейде өтуіне күш салып, абыроймен атқарып шығулары – үлгі қылып, айта жүрерлік іс.

Бұл қордың  болашақта да талай-талай ізгі істерге  мұрындық болатыны кәміл. Музыка пәні мұғалімдерін  дайындап беріп отырған алтын ұяның  білім саласында  алатын орны зор. Ал ең әдемі, ең көркем пән – музыка  пәні   салиқалы қоғам,  жан-жақты адам қалыптастырудағы маңызын ешқашан жоғалтпақ емес.

*     *     *

Меңдіғаным Мергенбайқызының атындағы байқау мен арнайы кабинетінің ашылуында оқылған өлең.

Жоқтаумен жүруші едім жеті жылдан,

Меңеш-ау, оралдың ба жеті қырдан!

Қондың ба мәңгіліктің биігіне,

Асыл Қыз, жаратылған өтіп ұлдан.

Жанардың жарық төгіп қарасынан,

Жарқ еттің ақ бұлттардың арасынан.

Сәл ғана аялдағын, мұндағы жұрт,

Жұлдыз қып өңіріңе қадасын ән.

Алдыңда шапқысы кепжазыла бір,

Ұстаздар шықты тұнып   сазына нұр.

Сырнайлы қыз-жігіттің кеудесінде,

Сен сыйлап кеткен бір-бір қазына жүр.

Үлгіріп қалғың келіп барлығына,

Асығып жүрдің ылғи таң нұрына.

Ескерткіш бүгін халқың тұрғызулы,

Жолыңда жүк қалдырмас нарлығыңа.

Ән осы. Әнге қосар өлең осы,

Теңіздей – уақыт атты терең осы.

Ізіңнен ізгі-өнеге өніп жатыр,

«Арманы орындалған» деген осы.

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале