10.09.2020, 19:52
Оқылды: 137

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жас кәсіпкерлердің қабілетін шыңдауда

Бүгін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Орал қаласында кәсібін ашқан жас кәсіпкерлердің жұмыс орнына пресс тур ұйымдастырылды.

1 (4)

Алдымен «Орал – 1» гаражы мекенжайында орналасқан жеке кәсіпкер Иван Касминнің шеберханасына бас сұқтық. Ол өткен жылдың мамыр айында 505 мың теңге көлемінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттің грантына ие болып, ұлттық сипаттағы кәдесыйлар дайындау шеберханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.

Бүгінде Иван өзінің шағын шеберханасында кілтке, балалар киімдеріне арналған ілгіштер, майлық салатын ағаш ыдыстар, шкатулкалар, сызғыш құралдар секілді кәдесыйдың 20 шақты түрін өндіріп, кәсібін дөңгелетіп келеді.

1 (14)

- Өткен жылы ғаламтордан «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы мемлекеттік грантқа қол жеткізуге болатынын білдім. Содан қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, толық мәліметпен танысқаннан кейін, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан оқып, сертификат алдым. Бағымды сынап, 200 мың көлемінде грантқа ие болып, алған грантымның үстіне өз есебімнен қаражат қосып, 530 мың теңгеге арнайы лазерлі құрылғы сатып алдым. Сөйтіп, өзімнің көптен бері армандап жүрген ісіме қол жеткізіп, ағаштан дайындалатын кәдесыйлар жасаумен айналыса бастадым. Құрылғы ағашқа түрлі өрнектер салып, ағашты оюлап күйдіріп, өздігінен кеседі. Ал дизайнды компьютер арқылы өзім дайындаймын. Цех орналасқан жер өзімнің жеке қоймам, аренда төлемеймін. Қазіргі таңда мен жасаған өнімдер қаламыздың түрлі гипермаркеттері мен супермаркеттерінде саттыққа шығарылуда. Болашақта кәсібімді одан әрі жетілдіру ойымда бар, - дейді Иван Касмин.

1 (53)

Бұдан кейін пластик терезе және есік жасаумен айналысатын «Ars» жеке кәсіпкерлігіне жол тартып, жасап жатқан жұмыстарын көзбен көріп қайттық.

- Өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз негізде 555 600 теңге көлемінде бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант иегері атандым. Бұл қаржыға пластик терезе мен есік жасау цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап толыққанды іске кірістік. Содан бері 300 данаға жуық терезе мен есік жасап шығарудамыз. Қазіргі таңда тапсырыстар өте көп. Оның ішінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан қаламыздағы №45 мектептің терезелерін жасауға атсалысудамыз. Әзірге қарауымда төрт қызметкер бар. Болашақта өнімді 300-ден 600 данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап жүрмін, - дейді «Ars» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арыстан Берсикенов.

1 (82)

Қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Еспек Болаттың айтуынша, биылғы жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 24 адамға 500 мың теңге көлеміндегі шағын несие берілген. Орал қаласы бойынша азаматтарға несие беру ауылшаруашылығын қолдау орталығы бойынша жүзеге асырылады. Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 111 адамға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 58 150 мың теңгеге мемлекеттік гранттар беру жоспарлануда. Биылғы жылы 105 адамға 58 084 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұсынылып, бөлінген қаражат толықтай игерілген. Қосымша 215 адамға 120 мың теңге қаражат бөлінген.

Ләззат Шағатай,

Суретті түсірген: Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале