28.07.2026, 16:45
Оқылды: 142

Энергия ресурстарын ұтымды  пайдалану  қажет

Облыс әкімі  Нариман  Төреғалиевтың  төрағалығымен  өңірде  энергия үнемдеу  және энергия тиімділігін арттыру  саясатын  жүзеге  асыру  мәселелері  қаралған  кеңес  өтті.  Жиынға  құзырлы  құрылым  жетекшілері, Орал  қаласы  және  барлық  аудан  әкімдері,  кәсіпорын басшылары қатысты. 

Жп Орал

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин баяндама жасады. Оның сөзінше, өңірде 1087 субъект мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген. Былтыр мониторинг нәтижесінде 648 мемлекеттік мекемеге талдау жүргізіліп, 293-інде энергияны нормативтерден артық тұтыну көрсеткіші анықталды. Басқарма басшысы мемлекеттік сатып алу аясында энергия үнемдейтін жабдықтардың заңнама талаптарына сәйкестігіне назар аудару қажеттігіне де екпін түсірді.

Аймақта электр желілерінің тозу деңгейі – 75,43%. Соған қарамастан кейінгі үш жылда электр энергиясының нақты шығыны 15,41%-дан 13%-ға дейін төмендетілген. Техникалық шығынды 1%-ға төмендету жылына шамамен 30 млн теңге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік  береді.

Облыс әкімі энергия ресурстарын тиімді пайдалану, бюджет қаражатын үнемдеу, кезең-кезеңімен жасыл экономикаға көшу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы құрылымдарға үнемдеу мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайтынын қатаң  ескертті.

– Құрметті әріптестер! Бірғана мысал, кейде қараңғы түспей жатып көше жарығы қосылып, уақытында өшірілмей қалады. Мұндай олқылық болмауы тиіс. Түптеп келгенде, энергия ресурстарын ұтымды пайдалану – коммуналдық шығынды азайту ғана емес, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, мемлекет мүлкін ұқыпты ұстау және әрбір мемлекеттік құрылым басшысы жауапкершілігінің көрсеткіші, – деді  облыс  әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале