18.05.2023, 9:30
Оқылды: 143

Ерекше адамдарға қамқорлық ескерусіз қалуда

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында күн  тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселе қаралды.

e63a5c34-b628-4f17-b3d0-1d4eed88131f

Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне жаңадан тағайындалған Ерлан Тоқсанов «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес ресми түрде ант қабылдады.

Өңір басшысы елімізде мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне араластыру үшін кезең-кезеңімен жүйелі шаралар қабылданып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2023 жылдың 20 сәуірінде Әлеуметтік кодекс қабылданғанын айтты. Осыған орай  облыста қандай шаруалар тындырылды, алда қандай жұмыстар жасалмақ, міне, осы туралы мәселе күн тәртібіне шығарылып отырғанын жеткізді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенова баяндады. Басқарма басшысының мәліметі бойынша, облыста мүгедектігі бар адамдар саны – 24351, оның ішінде 18 жасқа дейінгі ерекше балалар саны –  2965. Биыл осы санаттағы  жандарды әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Облыс бойынша 1737 әлеуметтік инфрақұрылым  нысаны бар. Соның ішінен 537 нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайсыз, стандартқа сай емес.  2023-2027 жылдар аралығында 1200 нысанды стандартқа сәйкестендіру жоспарланды. Биыл 259 нысанға бейімдеу жұмысын жүргізу  жоспарланса, соның 27-сі ғана талапқа сай болып шықты. Төрт ай ішінде Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Сырым аудандары бірде-бір нысанды бейімдемеген. Ақжайық, Жаңақала, Шыңғырлау аудандары бір-бір нысанға  ғана көңіл бөлген,  – деді А. Төлегенова.

Кеңесте жаңадан салынатын әлеуметтік нысандарды жобалау кезінде мүгедектігі бар адамдардың еркін жүріп-тұруы жайы ескеріле бермейтіні сөз болды. Мысалы, Жаңақала ауданындағы Мәстексай ауылында жаңадан салынған мәдениет үйі  пайдалануға берілді. Құрылыс жобасында ерекше адамдарға қолжетімді инфрақұрылым қарастырылмаған. Сол себепті ондай олқылықты жою үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. Басқарма ұсынған ақпаратқа сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы, сондай-ақ жұмыс орындарын квоталау және мүгедектігі бар адамдарға арнайы жұмыс орындарын құру арқылы іске асырылмақ. Қазіргі кезде жұмыспен қамту орталықтарына 597 ерекше адам жолыққан. Оның 464-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды: 51 адам жұмыс берушілер мәлімдеген бос жұмыс орындарына, 166 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 4 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 адам жастар практикасына, 7 адам «Күміс жас» жобасына, 213 адам «Бастау Бизнес» жобасына жолданған және 21 адам грант алды.

Өңір басшысы білім басқармасы басшысының орынбасарынан 98, мәдениет басқармасы басшысынан 47 нысанның неге стандартқа сай емес екенін сұрады. Алайда кеңеске қатысып отырған орынбасар тек қаржы мәселелерімен айналысатынын айтып, ақталғандай болды. Ондай жауапқа қанағаттанбаған әкім кеңеске төбе көрсетуге емес, күн тәртібіндегі мәселе бойынша дайындалып келу қажеттігін барша басшыға қатаң ескертті. Өзекті мәселе бойынша бірқатар басқарма, аудан басшысына және қала әкіміне сұрақтар қойып, мардымды жауап ала алмаған облыс әкімі оларға нысандарды аралап, стандартқа сай бейімдеу жөнінде  тапсырма  берді.

Кеңес отырысында «Қазсушар» РМК БҚФ-ның директоры Рауан Құсайынов  су шаруашылығы нысандарында 2023 жылғы су тасқынын апатсыз өткізу және шаруашылық қажеттіліктерге пайдалану жөнінде баяндама жасады. Рауан Ерланұлы Шаған өзенінде су тасқынының апатсыз өткенін, тиісті шаралар қолдану үшін Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Первомай ауданының әкімшілігімен тұрақты ақпарат алмасып отырғандарын баян етті. Шағанда жобалық су көлемі толық жинақталған. Сонымен қатар Жайық өзеніндегі судың биік шегі 26 сәуірде 557 см-ді құраса, былтыр осы мезгілде ол 395 см болған.  Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 82,8 текше метр су құйылуда. Су қоймаларының толтырылуы – 86%. Жинақталған су қоры жаз-қыс  айларында тұрғындардың шаруашылық қажеттіліктерін және мал суаттарын ұйымдастыруға толық жетеді. Жыл басынан бері Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне 425 млн текше метр көлемінде су алынды. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көлемнен  үш есеге көп.  Қазіргі таңда аталмыш су жүйесі бойынша 20 710 гектар көлтабанға су шығарылған және әрі қарай жалғасуда. Көшім өзенінің сағасында орналасқан  көлдерге  су  берілуде.

– Қараөзен бойынша көктемгі су тасқыны орташа болды. Қараөзен жүйесіне Ресейден 163,445 млн текше метр көлемінде тасқын су ағыны алынды. 2022 жылы тасқындық ағын көлемі 50,760 млн текше метрді құрады. Жүйе бойынша 28 970  га жерге су шығарылды. 2022 жылы – 4500 га. Қазіргі таңда Қараөзен бойында орналасқан су қоймалары 54,3%-ға толды (Сарышығанақ – 86,9%, Айдархан су қоймасы – 24,3%). Сарыөзенде су тасқыны орташадан төмен болды. Сарыөзен жүйесіне Ресей Федерациясынан 26,665 млн текше метр су алынды. Жүйе бойынша 3200 га көлдете суарылатын жерге су шығарылды. 2022 жылы тасқын  су ағын 14,409 млн текше метрді құрады. Сарыөзен бойындағы су қоймаларының толуы – 64,5%. Соның ішінде 1-Казталов су қоймасы – 60,4%, 2-Казталов су қоймасы –  58,4%, Мамай су қоймасы –  57,1%, Рыбный Сакрыл су қоймасы –  65,2%.  Мамырдың 1-інен бастап Ресей Федерациясынан Еділ суы беріле бастады. Келісімшартқа сәйкес РФ Саратов каналынан Қара және Сарыөзендеріне алынатын судың көлемі 146,8 млн метрді құрайды. Жүйе бойынша 6000 га көлдете суарылатын жерге су шығарылды. «Қазсушар» РМК БҚФ-ның қызмет көрсететін аумағында 58 880 гектар көлтабанға су шығарылды,  –  деді Рауан Құсайынов.

Бүгінде «Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Тоған ауылындағы Киров су қоймасын реконструкциялау» жобасы бойынша құрылыс жұмысы жалғасуда. Жоба 2022-2024 жылдары жүзеге асуы тиіс. «Казталов ауданы Ақпəтер ауылы маңындағы Қараөзен өзеніне Жайық-Көшім жүйесінен суды бассейнаралық жіберу үшін Киров – Шежін каналын қайта жаңғырту – IV кезең» жобасы бойынша қалқымалы су сорғы стансасы жеткізіліп, орнатылуда. Филиал жыл сайын өз күшімен су шаруашылығы нысандарына ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау  жұмыстарын  жүргізеді.

Облыс әкімі «Қазсушар» филиалы басшысынан «Жайық  – Шалқар» жобасына түзетулер енгізу, Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылынан жоғары орналасқан Қараөзен өзеніндегі су қоймасы бойынша экономикалықтехникалық негіздеме дайындалып, жоба жасақтау үрдістерінің жайын сұрап білді. Аудан әкімдерінен көлтабандарға су шығару, ондағы қақпалардың, қондырғылардың жай-күйін қарауды тапсырды. Н. Төреғалиев аудан әкімдеріне биылғы бітік шыққан шөпті шабуға ерте қамдануға нұсқау берді. «Бар кінәні киіктерге жауып отырмаңыздар. Әйтпесе, былтырғы немесе алдыңғы жылғы жағдай қайталанады», – деп ескертті облыс әкімі. «Қазсушар» мекемесі басшылығына Киров су қоймасының құрылысын алдағы қарашада аяқтауды тапсырды. Су қоймасының құрылысы жоспар бойынша 2024 жылы бітуі керек.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале