26.11.2019, 17:09
Оқылды: 109

Еуропаны мойындатқан Ержан

Барша қазақстандықтар сияқты оралдықтар да өткен жексенбі, яғни 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өткен «Junior Eurovision – 2019» байқауында екінші орын алған жерлесіміз Ержан Максимге әлеуметтік желі арқылы құттықтауларын  жаудыруда. 

Алғашқылардың қатарында жас дарынды жеңісімен құттықтаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев twitter парақшасында: «...Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құт-тықтаймын! Алар асуларың биік болсын! Алға!» деп жазды.

Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Халықаралық ән байқауындағы жарқын өнеріңізбен кезекті рет асқақ арманға деген құлшынысы зор дарынды, еңбекқор әнші екеніңізді паш еттіңіз. Расында, сіздің орындауыңыздағы әсем ән әлем халықтарының қазақ мәдениетімен таныса түсуге деген құштарлығын оятқаны сөзсіз» деген құттықтауын жолдады.

20191125_122202

– Бұл тек Ержантайдың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің жеңісі! Бәрі қуанып, кешеден бері құттықтап жатыр. Қаршадай ғана баламның Еуропаның төрінде лайықты өнер көрсеткені, ең бастысы, кәсіби мамандардың жоғары бағасын алғаны мерейімді тасытты. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» демекші, байқау барысын тікелей эфирден қарап, тілеуін тілеп отырдық. Кәсіби қазылардың ең көп дауысын жинағанымен, онлайн дауыс беру жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді. Әйтсе де, екінші орын деп еш қамықпаймыз. Өйткені біз үшін бұл нағыз жеңіс. Немеремнің қазақ елінің намысын абыроймен қорғап шыққанының өзі үлкен мәртебе! - дейді Ержанның атасы, Орал қаласының тұрғыны  Максим Есқалиев.

Естеріңізге сала кетейік, 19 елдің жас әншісі бақ сынаған «Junior Eurovision – 2019» халықаралық ән байқауында Қазақстанның намысын қорғаған оралдық Ержан Максим бұрын еш жерде жарияланбаған «Арманнан қалма!» композициясын табиғи дауыста шебер орындап шықты.

erzhanmaksim

12 жасар жас дарынның талантына тәнті болған кәсіби қазылар Ержан Максимнің өнеріне ең көп дауыс берді. Осылайша, қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Байқау қорытындысы бойынша жерлесіміз жалпы 227 ұпаймен екінші орынға ие болды. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польшаның өкілі Вики Габор еншіледі.

Динара Жұмабекқызы 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале