3.11.2026, 10:45
Оқылды: 8

Фастфуд өнімдер: Баланың ас мәзірін қалай реттейміз?

Бүгінде балалар тұтынатын тағамдардың жарнамасы көздің жауын алады. Мемлекет осындай жарнамаларға шектеу қоюды қарастырып отыр. Алайда одан балалардың тамақтану дағдысы өзгере ме? Тақырыпты egemen.kz тарқатып көрді. 

Close up of teenage girl sitting in fast food restaurant outdoors and holding french fries, there is a burger with french fries on a table

Сурет: istockphoto.com

Жарнамаға шектеу қою

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында қант, тұз, май мөлшері мол өнімдердің жарнамалары балалардың тағам таңдауына әсер ететінін ескертіп отыр.

Әлеуметтік желілердегі көз тартқан тағам көріністері өз алдына, көшедегі жарнамалық тақталар және дүкен сөрелеріндегі түрлі түсті қаптамалар да балаларды қызықтырып тартатыны мәлім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл педагогтердің тамыз конференциясында фастфудтың агрессивті жарнамасына назар аударып, оның балалар денсаулығына тигізетін зардабын атаған еді. Президент елімізде қант диабетіне шалдыққан 7 мыңнан астам бала дәрігерлердің бақылауында тұрғанын айтты. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі мұндай өнімдердің жарнамасын шектеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуге кірісті.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Самал Лепесованың айтуынша, ұсынылған өзгерістер бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі – балалар теледидар көретін, радио тыңдайтын уақытта құрамында қант, тұз, қаныққан майлар және трансмайлардың мөлшері мол өнімдердің жарнамасын шектеу.

«Денсаулық сақтау министрлігі заңнамалық өзгерістерге қатысты ұсыныстар әзірледі. Негізгі мақсатымыз – құрамында қант, тұз, трансмайлар және қаныққан майлардың мөлшері жоғары өнімдердің маркетингтік ықпалынан балаларды қорғау. Телеарналар мен радиода мұндай өнімдердің жарнамасын таңғы сағат 6:00-ден кешкі 21:00-ге дейін шектеу ұсынылып отыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жарнамаға, блогерлердің осындай өнімдерді насихаттауына қатысты нормалар да қарастырылған. Ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдармен келісу сатысында», дейді министрлік өкілі Самал Лепесова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) тағамдық құрамды бағалау өлшемдерін пайдалануды Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қарастырып отыр. Құрамында қант, тұз, қаныққан майлар секілді көрсеткіштер арқылы жіктеуге негізделген мұндай жүйенің алайда отандық нарыққа қалай бейімделері белгісіз.

Тағы бір мәселе – жарнаманың жаңа түрлерін бақылау. Радио-теледидардағы жарнама уақытын шектеу салыстырмалы түрде оңай, ал әлеуметтік желілердегі ақылы жарияланымдарды, блогерлердің жасырын жарнамаларын, шетелдік платформалардағы коммерциялық мазмұнды қадағалау әлдеқайда күрделі. Мұндай жағдайда заңның тиімділігі – шектеудің қатаңдығына ғана емес, оның орындалуын бақылайтын тетіктерге де байланысты болмақ.

Салық тұтынуды азайта ма?

Жарнаманы шектеумен қатар мемлекет тұтынуды экономикалық тетіктер арқылы реттеуді де қарастырып отыр. Соның бірі – жекелеген сусындарға акциз енгізу. Елімізде энергетикалық сусындарға акциз белгіленген. 2026 жылы оның мөлшері литріне 100 теңгені құраса, 2027 жылы 140 теңгеге, 2030 жылдан бастап 240 теңгеге дейін өседі. Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант мөлшері жоғары сусындарға да осындай салық енгізу мәселесін көтеріп отыр.

Мұндай тәсілді қолданудағы мақсат – өнімнің бағасына әсер ету арқылы тұтынуды азайту. Алайда мұндай шараның нәтижесі салықтың мөлшеріне ғана байланысты емес. Яғни, тұтынушының табысына, нарықтағы балама өнімдердің бағасына және өндірушілердің салық ауыртпалығын қаншалықты өз мойнына алатынына байланысты.

Мектептерде ас мәзірі қандай?

Айта кеткен жөн, биыл сәуір айынан бастап мектепте ас мәзіріне өзгерістер енгізілген. Тағам құрамындағы қант пен тұз мөлшері азайтылып, ас сапасын бақылау күшейтілді. Ас сапасын мектеп әкімшілігі, арнайы комиссия, ата-аналар бақылап отырады.

Мамандардың пікірлерінше, ата-аналар мен мұғалімдер бірлесе жұмыс істеуі қажет, өйткені баланың дұрыс тамақтануға дағдылану мәселесі бір күнде шешілмейді.

Білім беру ұйымдарында жекелеген өнімдерді сатуға шектеу қойылғанымен, маңайында орналасқан дүкендерде сол өнімдер еркін саудаланады. Тағы бір мәселе, мектепте пайдалы ас ұсынылғанымен, үйде әрдайым дайын тағамға тапсырыс берілсе, баланың талғамын өзгерту қиын.

Ал мектептегі тамақтану жүйесінде ескерілетін бір мәселе – асханалардың жұмысын бағалағанда тағамның құнарлылығымен қатар, қаншалықты тұтынылатыны зерттелуі қажет. Яғни, қай тағамның жиі желінбей қалатыны, қандай өнімнің сұранысқа ие екені, оқушылардың не себепті асханадан бас тартатыны – анықталып, мұндай зерттеу – ас мәзірін түзетуге нақты негіз болар еді.

Шектеу қойылған тағамдарды алмастыру мүмкін бе?

Белгілі бір тағамды тұтынуға тыйым салу – сұранысты бірден жоймайтындықтан, балалардың тамақтану дағдысын өзгерту тұрғысында шектеумен қатар, сол тағамды алмастыратын өзге өнімдер ұсынудың да маңызы бар.

Нутрициолог маман Гүлвира Ибраеваның айтуынша, баланың сүйікті тағамын үй жағдайында дайындауға болады.

«Бала белгілі бір тағамның дәміне үйреніп қалса, оны бірден шектеу қиын. Сондықтан сол тағамның балама түрін үйде дайындауға болады. Мәселен, бала картоп фриді ұнатса, оны үй жағдайында әзірлеудің жолдары бар. Ең бастысы, ата-ана тағамның құрамын, дайындалу тәсілін өзі қадағалайды. Баланы пайдалы тамақтануға үйрету оның жақсы көретін тағамынан түгел бас тартқызу деген сөз емес», дейді Гүлвира Ибраева.

Әрине, пайдалы тағамды насихаттау тұрғысында оның қолжетімділігі ескерілуге тиіс. Әсіресе табысы төмен отбасыларда азық-түлік таңдауға жұмсалатын қаражат шектеулі, мұндай жағдайда тағамның құнарлылығынан бұрын бағасына мән берілуі мүмкін. Сол себепті дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру ісін халықтың сатып алу мүмкіндігінен бөлек қарастыру мүмкін емес, яғни, пайдалы өнімдер қымбат болып, ал құнарлылығы төмен дайын тағамдар арзан болса, тұтынушының таңдауын өзгерту қиын болары мәлім.

Осыған байланысты отандық тағам өндірісінің әлеуетін пайдалануға болады. Мысалға, тары, құрт, ірімшік секілді дәстүрлі өнімдерді  заманауи қаптамамен қаптап, ыңғайлы түрде ұсыну – нарықта балама өнімдердің қатарын көбейтудің бір жолы.

Әдет отбасыдан бастау алады

Жарнамаға шектеу қою, мектеп асханасын жаңарту, жекелеген өнімдерге салық енгізу – мемлекеттің қолындағы тетіктер. Бірақ олардың ешқайсысы отбасындағы тамақтану дағдысын өздігінен өзгерте алмайды.

Мысалға, мектепте пайдалы тағам туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, оқушы үйінде немесе достарымен бірге басқа өнімдерді тұтынуы мүмкін. Бұл ретте балалардың тамақтану мәдениетін қалыптастыру тұрғысында тек ақпарат берумен шектелмеу маңызды. (Өйткені дұрыс тамақтанудың пайдасын білу және оны күнделікті әдетке айналдыру екі бөлек мәселе).

Психолог Ғазиза Әділбай баланың тағам таңдауы көбіне ата-анасының күнделікті әрекетіне байланысты қалыптасатынын айтады.

«Бала ең алдымен ата-анасына еліктейді. Үйде қандай тағам жиі тұтынылса, бала соны қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Сондықтан дұрыс тамақтану туралы түсіндіру жұмысын отбасынан бастаған жөн. Балаларға арналған мультфильмдер, танымдық бейнероликтер арқылы пайдалы тағамның маңызын түсіндіруге болады. Бірақ мұның бәрі ата-ананың күнделікті іс-әрекетімен ұштаспаса, нәтижесі шамалы», дейді психолог Ғазиза Әділбай.

Тағам өндірушілер тұтынушының назарын аударудың сан алуан әдісін пайдаланады. Ал дұрыс ас мәзірін насихаттау ісі ақпараттық түсіндіру сипатында ғана қалған. Сондықтан пайдалы тағам туралы мазмұнның қызықты әрі түсінікті түрде балаларға ұсынудың жаңа тәсілдері қажет.

Түйін

Фастфуд жарнамасына шектеу қою бастамасы – балалардың тамақтану мәдениетіне қатысты бірнеше мәселені байқатты. Атап айтқанда, жарнамасына тыйым салынатын өнімдердің нақты өлшемі белгіленуге тиіс екенін, әлеуметтік желілердегі жарнаманы бақылаудың құқықтық тетігі қажет екенін және мектептегі тамақтану сапасын жақсарту оқушылардың нақты тұтыну дағдысын зерттеумен ұштасуы жөн екенін көрсетті. Ал экономикалық шектеулер енгізілген жағдайда солардың нәтижесін тек салық түсімімен емес, тұтыну көлемінің өзгеруі және өнім құрамының жақсаруы тұрғысында бағалау маңызды.

Жарнамаға тыйым салу баланың күнделікті ас мәзірін бірден өзгертпейді. Бірақ дұрыс әзірленген заң – өндірушілердің жарнама тәсіліне, өнім құрамына, тұтынушының таңдауына әсер ете алады. Сондықтан жаңа талаптардың нәтижесі солардың қаншалықты қатаң болатынына емес, қаншалықты тиімді іске асатынына байланысты болары анық.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале