31.01.2024, 12:45
Оқылды: 42

Ғалым 70 жасқа толды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Едіге Насамбаев 70 жасқа толды.

IMG_9095

Осыған орай университеттегі кезекті ғылыми кеңес отырысы «Мал шаруашылығы және биоресурстар» жоғары мектебінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Едіге Ғапуұлының 70 жасына арналды. Алдымен ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтының директоры Біржан Нұрғалиев мерейтой иесінің өмір жолымен таныстырды. Әр жылдары түрлі лауазымды абыроймен атқарып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған Едіге Ғапуұлы қазіргі уақытта «Мал шаруашылығы және биоресурстар» жоғары мектебінде қызмет атқарады.

Ғылыми кеңес отырысын жүргізген басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Өтеген Байырғалиұлы ғалым-ұстазға басшылықтың құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар мерейтой иесі «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Е.Каппельдің атынан саланы дамытуға қосқан үлесі үшін «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бір үлкен марапат – Ресейдегі байырғы аграрлық университеттердің бірі К.А.Темирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясы тағайындаған академик Е.Ф.Лискунның құрметіне берілетін медаль батысқазақстандық ғалым Едіге Насамбаевқа да табысталды. Бұдан соң Едіге Ғапуұлына ҚР ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың, Қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасы ұжымының және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Т.Бексеитовтің құттықтау хаттары табыс етілді.

Жиын барысында шақырулы қонақтар, мерейтой иесінің замандастары, әріптестері, шәкірттері сөз алып, ақжарма тілектерін жеткізді.

– Едіге Ғапуұлы Жәңгір хан университетінде жоғары білім алып, еңбек етіп, өнегелі ғұмырының 52 жылын осы білім ордасының қабырғасында өткізген. Қандай жұмысты атқарса да, жоғары кәсіби біліктілікпен, жауапкершілікпен орындайтын. Ғылымға да айтарлықтай үлкен үлес қосты, – деді Жәңгір хан университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Бозымов.

Еске сала кетсек, етті мал шаруашылығы саласында өзінің ғылыми жұмыстарымен қолтаңбасын қалдырған көрнекті ғалым Е.Насамбаев 350-ден астам ғылыми жұмыс, 75 оқу-әдістемелік құрал, 6 монография, 8 оқулық жариялап, селекциялық жетістікке және өнертабысқа байланысты 7 авторлық куәлік иеленген. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз үш ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидатын, PhD докторларының біреуін дайындаған. Сондай-ақ ғалым-ұстаздың ғылыми жетекшілігімен 24 магистрлік диссертация мен 200-ден астам бітіру дипломдық жұмысы жазылған.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале