4.12.2021, 16:04
Оқылды: 1092

Ғалым Кеңес Айтжанұлының ұстаздық келбеті

Еліміздің батыс өлкесіндегі психология ғылымы сөз бола қалса, алдымен, ғалым-ұстаз Кеңес Айтжанұлы Нұрғалиевті айтамыз. Бүгінде жетпістің белесіне көтерілген ғалым – еліміздің психология ғылымына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға.

D38D0777-0EE3-4861-A46C-38F612A0ECA7

Енді шегініс жасап, ғалым ағамызды алғаш көріп, дәрісін тыңдаған кезеңдерді еске түсірейін.

1988  жылы сол кездегі А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенті атанған кезімізде психология пәнінен дәріс оқыған ұстаз Кеңес Айтжанұлы болды. Ал семинар сабағын тәжірибелі ұстаз Темірғали Қайырғалиев жүргізді. Қазір есіме алсам, үнемі 416-шы дәрісханада жүретін осы сабаққа басында студенттер үрке қарағанымен, соңынан қызығып, ағайдың дәрістерінен қалмайтын болды. Шешен лектордың өзіндік шынайы дискурсы барлық сыншыл деген студенттерді баурап алып кететін еді. Қазақ этнопсихологиясын терең зерттеп жүрген Кеңес Айтжанұлы – қазақ ұлтының бар мінезін толық аша білген ғалым. Өз дәрістерінде, тіпті, қазақ филологиясының студенттері естімеген тілдік оралымдарды шебер қолдана білуімен шәкірттер жүрегіне жол таба білген ұстаз ретінде қалың көпшілікті бірден мойындатты. Өзімнің топтастарым, атап айтқанда, Ербол Дәулетов, Асан Қайыров, Жәнібек Есімов, Есенияз Базаров және қатар оқыған басқа да студенттер ағайдың дәрістерінен көп мағлұмат алатынын айтып жүрді. Оның келбетінен ұстаздық мейірім қашанда төгіліп тұратын. Студенттерді тексеру, олардың бағасын төмендету дегенді ағай мүлдем білмейтін. Керісінше, студенттерді ғылыми жұмыстарға тарту, ғылыми жорналдарды оқып,  талдауға үйретуді жаны жақсы көретін. Мәселен, ағайдың басшылығымен этнопсихология бойынша ғылыми конференцияларға қатысып, жобалар дайындағаным есімде. Психология бойынша университетішілік олимпиадаға қатысып, К.А. Нұрғалиев, Т. Қайырғалиев жетекшілігімен әртүрлі психологиялық тапсырмаларды орындағанымды білемін. Ағайдың сан салалы ғалым екендігін сол кездегі дәрістерінен аңғаратынбыз. Сол кездің өзінде бірқатар шетелдік университеттерде тағылымдамадан өтіп, психология ғылымын тереңдете зерттеп жүрді. Ағамыз бұл салаға мықты дайындықпен келгенін соңынан алғашқы қазақ психологтарының бірі, ағайдың ұстазы Марат Мұқановтың шәкірттерінің бірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, біздің жерлесіміз Сағира Рахметовадан естідім. Сондағы апайдың айтқан  жылы сөзі: Кеңес Айтжанұлы – қазақ психологиясының дамуына өзінің қомақты үлесін қосқан ғалым.

Енді ағайдың өмір жолына аздап тоқталайық.

Кеңес Айтжанұлы сол кездегі А.С. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) «ағылшын тілі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, еңбек жолын 1972 жылы «ағылшын тілі мұғалімі» біліктілігін бойынша Орал қаласындағы №2 мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып бастаған.

1973 жылдың ақпан айынан бастап Орал облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған.

1974 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік пединститутының педагогика және психология кафедрасына ауысуына байланысты Абай атындағы Қазақ мемлекеттік пединститутының (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті) психология кафедрасына стажер-зерттеуші болып оқуға жіберіледі.

Бір жылдық тағылымдамадан соң, Кеңес Айтжанұлы 1975 жылы Абай атындағы ҚазПИ (қазіргі Абай атындағы АМПУ) психология кафедрасы жанындағы «психология» мамандығы бойынша күндізгі аспирантураға оқуға түседі. 1978 жылы күндізгі аспирантураны бітіргеннен кейін А.С. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтына жұмысқа жіберіліп, өзінің ғылымдағы және ұстаздық еңбек жолын аға оқытушы, доцент, соңынан кафедра меңгеруші қызметімен жалғастырады.

Ғылымды тереңдете зерттеп жүрген дарынды жас 1984 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым Академиясының психология институтында  докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңесте кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Соңынан КСРО халық білімі жөніндегі мемлекеттік комитетінің 1991 жылғы 29 қарашадағы шешімімен оған психология бойынша доцент атағы беріледі.

1990-1991 жылдары конкурс бойынша өтіп, халық білімі жөніндегі КСРО мемлекеттік комитетімен мамандар алмасу жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама шеңберінде, Қытай Халық Республикасының Бейжің педагогикалық университетінің психология факультетіне тағылымдамаға жіберіледі.

Есімі елімізден тысқары елдерге белгілі болған дарынды ғалымның еңбектерін сол кездегі жетекші психолог ғалымдар мойындап, Кеңес Айтжанұлы қазақ психология ғылымын дамытқан ғалымдар қатарына қосылады. Кеңес Айтжанұлы – КСРО психологтар қоғамының V (Мәскеу қ. 1977 ж.) VI (Мәскеу қ. 1983 ж.), VII ( Мәскеу қ. 1989 ж.) Бүкілодақтық съездерінің және көптеген халықаралық, республикалық және аймақтық симпозиумдар мен конференциялардың жұмыстарына белсенді қатысып, басты баяндамалар жасаған ғалым екенін айтқымыз келеді.

К.А. Нұрғалиев қазақ психология ғылымының дамуында үлес қосып, оның мазмұнында өзінің көзқарасын көрсете білген ғалым. Ол, сонымен қатар, этнолингвопсихология, шығармашылық ойлау психологиясы, тұлға психологиясы, басқару психологиясы, практикалық психология т.т. сияқты психология ғылымдарының салаларын зерттеп келеді. Шетелдік компанияларда психология мәселесімен айналысып, еліміздің халықаралық байланысының дамуына да үлесін қосқан ғалым ретінде белгілі.

Кеңес Айтжанұлы Нұрғалиев елімізде, алыс және жақын шетелдерде орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде көптеген ғылыми еңбектерін жариялаған ғалым. Елу жылға жуық ұстаздық және ғылыми ізденістер нәтижесінде ғалым ағамыздың есімі қалың жұртшылыққа танымал болғанын мақтан етеміз. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, бүгінгі таңда оның жетекшілігімен психология бойынша жиырмадан астам магистрлік диссертация дайындалып, көптеген шәкірттері еліміздің жарқын болашағы жолында жемісті еңбек етіп жүр.

Бүгінде Кеңес Айтжанұлы – Халықаралық мәдени-әрекеттік зерттеулер қоғамының мүшесі (the INTERNATIONAL SOCIETY FOR CULTURAL and ACTIVITY RESEARCH - ISCAR).

Ғалым – 2020 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ базасында «Педагогикалық Ғылымдар» республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің белсенді мүшесі.

«Кез келген мықты тұлғаның артында ақылды жары тұрады» деген сөз бар. Кеңес ағамыздың жары – Ағила Мұстақымқызы Нұрғалиева да ғылымға жақын жандардың бірі. Ол – тарих ғылымдарының докторы, профессор, беделді ғалым.

Хакім Абайдың мына бір өлең жолдары Ағила Мұстақымқызының адал жар ретіндегі келбетін дәл ашқандай:

«Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.

Жар көңіліне бір жанын пида қылып,

Білместігің бар болса, қылар сабыр».

Ағай екеуі еліміздегі байырғы оқу орны М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұстаздық қызмет атқарып келе жатқанына бірқатар жылдардың жүзі өтті. Бір-бірімен ойы да, мақсаты да жарасқан, ғылым сүйген осы бір жандар тәуелсіз еліміздің басты тірегі екенін айтқымыз келеді. Қазіргі уақытта М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті педагогика және психология кафедрасының доценті Кеңес Айтжанұлы Нұрғалиев – аяулы әке, тәлім берер ата.

Бүгінде жетпістің асуына шығып отырған ғалым ұстазымызға Алламыз амандығын, отбасына берекесін берсін, ғылымда мол жетістікке жете берсін дегіміз келеді.

Шәкірті: филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале