14.07.2026, 16:30
Оқылды: 13

Ғасырдан астам тарихы бар кітапхана

 

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 155 жыл толуына орай өткен аптада «Бас кітапхана – ортақ мұра, ортақ тарих» атты іс-шара өтті. Айта кетсек, жыл басында Сағынғали Сейітов атындағы Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Жұбан елінен – Жұбан кітапханасына тарту» атты фестиваль ұйымдастырған еді. Сыны да сыры кетпеген облыстық кітапхананың мерейтойына Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы Гүлмира Қауланова, сондай-ақ  кітапханашылар мен оқырман қатысты.

жубан китапхана4

Тағылымды іс-шараның шымылдығын Гүлмира Жоламанқызы ашып, руханият жолында  қызмет етіп жүрген өлкеміздің бас кітапханасына сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

–  Кітапхананың мерейтойына арналған ауқымды іс-шара Сырым, Шыңғырлау, Казталов аудандарынан басталды. Енді, міне, бүгін Жұбан елінен ақынның отты рухын, ақжолтай тартуын арнап Ақжайық ауданынан руханият өкілдері қонаққа келіп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы бастап, кітапхана директоры Роза Сәкенқызы қостаған фестивальға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Рухани ортаның жандануына тың серпін берген бас кітапхананың мерейтойы әдеби көріністер, поэзиялық композициялар, шығармашылық кездесулер және зияткерлік ойынмен жалғасты. Айтыскер ақын Мейірман Шәкенов «Пушкин дейтін отельден жаңа ғана, Келіп тұр  Евгений Онегин, Анна Каре­нина, Пушкиндерің» деп домбырамен өлеңдетіп, қазақтың, орыстың және шетел әдебиет кейіпкерлерінің образдық бейнесін ортаға шақырды. Сазгер Рақым Жанайысовтың «Ақжайық – әсем әнімсің» әнін халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рүстем Кереев пен Алтынбек Базаров орындады.

жубан китапхана7

«Ақжайық өлкем – ғажайып көркем» атты цифрландырылған көрме-инсталляцияда ғасыр куәсі болған кітаптар оқырманға таныстырылды.  1965 жылдан бастап кітапханаға келген қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың қолтаңбалар коллекциясы көрсетілді. 350-ге жуық коллекцияның арасында Әбіш Кекілбаев, Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов, Роллан Сейсенбаев, Жадыра Шамұратова сынды қоғамға танымал ауторлардың қолтаңбалары сақталған кітаптар бар. Кітапхананың 140, 150 жылдығына орай басылған энциклопедия мен кітаптар таныстырылды. Көрмеде өлкетанушы Бақтығали Қоспаевтың, Махамбеттің бейітін тапқан Құрақ Бектұрғановтың, қос майдангер ақын Сайқұдықтың саңлағы Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтің және т.б. Ақжайық өлкесінен шығып, жалпақ жұртқа танылған қаламгерлердің кітаптары таныстырылып, өмірбаянынан сыр шертілді.

Іс-шарада «Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске...»  атты поэзиялық композиция қойылды. Қойылымда Жұбан ақынды отансүйгіштікке баулыған Зеріп ананың қазақ әйеліне тән бейнесі, майдандас, қаламдас досы Сағынғалимен оттың ортасында жүріп, елдің үнін аңсаған кезінен көрініс сахналанды, «Мен қазақпын!» деп халықтың рухын асқақтатқан өлеңінен үзінді оқылып, қойылым көрерменнің қошеметіне бөленді.  Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Жұбан кітапханасына аудан әкімі Мұрат Сердалиннің алғысхаты мен Ақжайықтан шыққан жазушылардың кітаптарын, 18 ауылдық округтің картасы бейнеленген сыйлық табыстады.

– Кітапхана тарихын елдің тарихынан бөліп қарауға болмайды. Қандай тар заман болса да, қазақ кітапқа деген құштарлығын жоғалтпады. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған Шолпан Оразаева бастаған кітапхана ұжымына ауданымыздың атынан алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сонымен бірге Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов кітапхана ұжымын мерейтойға орай құттықтап, толайым табыс тіледі. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы Гүлмира  Қауланова мәдени-рухани құндылықтарды насихаттауға және кітапхана тарихын, кітапханашылардың ерен еңбегін айшықтауға қосқан үлесі үшін Зәйлім Мәжитова мен Роза Мұсағалиеваға алғысхат берді.

– Жұбан кітапханасы – еліміздегі кітапханалардың ішіндегі ең көнесі. Алғаш рет 1812 жылы әскери училище болып ашылған. Жергілікті ауқатты адамдар қаражат жинап, кітап қорын қалыптастырған. Деректерге сүйенсек, Веревкин ныспылы атаман әскери училищенің жанынан  ашылған кітапхананы көпшілік қолдануға рұқсат алу үшін Орынбор генерал-губернаторына ұсыныс жазған. Сол себепті 1871 жылдың 24 қазаны алғаш әскери училищенің кітапханасы ресми ашылған күн болып есептеледі. Кітапхананы әр жылы Александр Акутин, Матушкин, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Лидия Губанова сынды мамандар басқарып, кітапхананың гүлденуіне үлестерін қосқан. Біз ұжым болып қолда бар деректер мен архив кұжаттарын пайдаланып, «Кітапхана және уақыт», «Облыстық кітапхана Тәуелсіздік жылдарында» атты кітап басып шығардық. Былтыр 25 ауыл кітапханасында модернизация жобасы жүзеге асты. Жоба аясында кітапхананың сыртқы келбеті ғана өзгермей, ішкі мазмұны да жаңарды, – деді Жұбан кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл  Аяпова.

Фестиваль «Жұбан елі – саз әлемі» Не? Қайда? Қашан?» атты зияткерлік-танымдық ойынмен жалғасты. Құрманғазы атындағы саз колледжінің ұстаздары «Фальшсіз фантастика» және «Оқырмандар» болып екіге бөлініп, тартысты ойын өткізді. Ойынның мақсаты – бүгінде ел есінде көмескіленіп, ұмыт болған  шығармаларды ұрпақ санасында қайта жаңғырту. Осы орайда «Кетсең де шалғай» өлеңінің әнін жазған Сейітқали Қайырғалиевтың, Махамбеттің күйлерін алғаш таспаға түсірген Қанаш Иманбайұлы туралы сұрақтар қойылды. Сонымен қатар тартысты доданы тамашалап отырған оқырманға Жұбан Молдағалиевтың шығармашылығынан сұрақ-жауап тапсырмасы берілді.  Жеңімпаздарға Абайдың «Қара сөздері» ғақлиясы сыйға тартылды.

Фестиваль «Тарихы терең, жыры мәңгі рухани мұра әлемі» атты еркін сипаттағы отырысқа ұласты. Жиынға ақжайықтық Сағынтай Бейсенғалиев, Құрман Бейсеғалиев, Ерлан Хұсайынов, жас ақын Абылайхан Мақсұтов және т.б. азаматтар қатысты.

– Бүгін өңіріміздегі бас кітапханада жақсы-жайсаңдар бас қосты. Өткен тарихты зерделеп болашақ үшін үлкен бір үмітте әңгіме құрдық. Кітап адам миының жасушаларын жақсартып, қартаюды бәсеңдетеді. Жас буынның дені кітап оқымай жатады. Оған көбі қоғамды, тұрмысты кінәлайды, бірақ ең басты себеп – адамның өзінде. Әр пенде уақыт тапса, кітапты да, газет-журналды да оқи алады, –   деді Ақжайық ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Құрман Бейсеғалиев.

жубан китапхана8

Фестиваль аясында филология ғылымдарының магистрі, педагог Айдана Татаханова кітапханашыларға «Сөзден басталып, табысқа айналатын жол» атты ораторлық шеберлік сағатын өткізді. Жиын соңында кітапханашыларға «21 күнде шешен сөйлеп үйрен» атты ауторлық курсын сыйға тартты.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале