1 қыркүйек – Білім күніне орай ҚазИИТУ ғылыми-білім кешені Орал қаласындағы Жастар стадионында «Білім. Ғылым. Инновация» атты іс-шара ұйымдастырды. Салтанатты жиынға ғалымдар, оқытушылар, студенттер және ата-аналар қатысты.

Ғылыми кешен – инновациялық білім берудің көшбасшысы, инженер және ақпарат технологиясы саласында мыңдаған білікті маманды шыңдаған білім ордасы. Оның құрамына ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі, халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжі, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, «Андас» оқу орталығы, «Транс» және «ЭкоЖержоба» ғылыми зерттеу орталықтары кіреді. Жаңа оқу жылының ашылу салтанатында ҚазИИТУ-дың құрылтайшысы, ҚР ҰИА академигі Ақсерік Әйтімов «Құтты болсын» айтып, жастарға ақжолтай тілегін жаудырды.
– Биылғы жыл еліміз үшін жаңа өзгерістерге толы болды. Жаңа Конституция қабылданып, жақында мемлекеттің бірлігін айқындайтын Құрылтай сайлауы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Жастардың ендігі мақсаты – технологияның, жасанды интеллектінің игілігін ұтымды пайдаланып, елдің экономикасын көтеруге біркісідей жұмыла атсалысу керек. Білім күні құтты болсын! – деді Ақсерік Сары-ұлы. Сондай-ақ салтанатты іс-шарада құрылтайшы бірнеше оқытушыға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің алғысхатын табыстады. Шара Хайыроваға «Ана тілді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Мұрат Мұхтаровқа Құрмет грамотасы табысталды. Ал Жанат Отарова, Ақбике Берікбосынова, Дамир Әйтімов, Валерий Мұхамеджанов, Берік Хұсайынов, Тұрсынғаным Ғабделова сынды оқытушыларға алғысхат табыс етілді. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің БҚО департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Ибрашев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Кенжебаев жас өрендерді зейінді, зерек болуға шақырды.

Іс-шара әрі қарай құттықтау сөзге ұласты. Аталмыш оқу орнының ректоры, облыс мәслихатының депутаты Әліби Баяхов студенттердің үлкен өмірге басқан қадамына сәттілік тіледі.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабында ғылым мен білім қатар өріліп, әлемнің көшбасшысы еліне айналу керектігін жазды. Биыл цифрландыру және жасанды интеллект жылына байланысты жаңа міндет жүктеп отыр. Аталмыш міндетті ҚазИИТУ абыройлы атқарып келеді деп ойлаймын. Биыл біз әлемнің алдыңғы қатарлы 40-тан аса университетімен байланыс орнаттық. Университет ғалымдары Гауһар Қайырлиева Чехия мемлекетінде, Жанар Досқазиева Қытай елінде облыстық делегация құрамында болып, алпауыт жоғары оқу ордаларында келіссөздер жүргізді. Бұл – қағаз бетінде қалып қоймай, келешекте еліміз үшін маңызды жобаға жол ашатынына бек сенімдіміз. Қаракөз жастарымыздың басты мақсаты – оқу, саналы тәрбие алу, ата-ана мен ұстаздың үкілеген үмітін ақтау. «Менің жаным ашиды мына өмірде, Өтпейтіндей көретін адамдарға» деп Мұқағали ақын жырламақшы, сіздерде өкініш болмау керек, – деді Әліби Науханұлы. Саратов мемлекеттік құқық академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы Рустам Байниязов жастарды студенттік өмірде білім-ғылымға ден қоюға бағыттады.
– Білім – адамға нағыз тұлға болып қалыптасуға, материядан рухы асқақ болу үшін керек. Адамның болмысына қарама-қарсы екі көзқарас (парадигма) бар: бірі – рухани білім, екінші-сі – заттанған құрал. Әрине, адамның өміріне аталған дүниенің екеуі де қажет. Бірақ рухани білім мен мәдениет кез келген дүниеден биік тұрады. Екеуінің қайсысы басым болады, адам да, қоғам да дәл сондай күйге түседі. Мен айтпасам да мұны заманауи өмір бізге айна-қатесіз көрсетіп отыр, яғни әлемде адамгершілік құндылық құлдырап барады. Қазіргі адамның білім туралы түсінігі өзгерген: технология, яки жасанды интеллект алға жетелейтін күш деп ойлайды. Жасанды интеллект – мақсат емес, бар болғаны көмекші құрал ғана, ол адамнан рухани тұлға жасап шығармайды. Есім-сойы әмбеге жақсы таныс, әйткенмен философиясын көбі түсіне бермейтін Абай Құнанбайұлының дәуірінде қазіргі технологияның бірде-бірі болмады. Біз неге ұдайы Абайдың сөзін еске алып отырамыз? Ырғын ақынның ішінен қалайша «Бас ақын» атанып, дараланып қалды? Өйткені Абай рухани ілім мен білімді жоғары қойды. Қазақтың кең даласында жалғызілікті оты-рып, «Ақиқат деген не?» деген сұраққа жауап іздеп, жерден тыс дүниені тануға ұмтылды. Оның «45 қара сөз» кітабын оқысаңыз, әр сөйлем ақиқатты іздеуге талпынған. Сол себепті Абай Құнанбайұлы қазақ тарихында мәңгі сақталып қалды. Ойшылмен тұстас ғұмыр кешкен ағайыны, балтырын тістеген қарсыластары «болымсыздыққа» (небытие), бос қуысқа айналды. Жалғыз Абайдың өзі рухани білімнің қаншалықты құнды екеніне дәйек бола алады. Сондықтан жастар, асыл уақытты бос өткізбей, көп кітап оқыңыздар, тануға, үйренуге бейім болыңыздар! – деді Рустам Сүлейменұлы. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов ғалымның сөзін қостады.

Университет ректоры Әліби Науханұлы ғылыми кеңестің ұйғарымы бойынша облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауовқа университеттің «Академиялық профессор» ғылыми атағы куәлігін және 2026-2027 жылғы ректор грантының иегері Айым Асылқызына сертификат табыстады. Сонымен бірге білім ордасының оқытушыларына қала әкімінің алғысхаты берілді. Жиында Өтебай Құспанов, Абай Шыныбеков сынды ардагер ұстаздар мен университетке қарасты оқу ұяларының басшылары қанатын үлкен өмірге сермеген жас өрендерге ақ батасын беріп, ақжолтай тілегін арнады.
Перизат Тілегенқызы,
«Орал өңірі»