21.12.2021, 9:30
Оқылды: 69

Индустриалды дамудың көкжиектері

Азаттықтың ақ таңы атқалы бері Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға    бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Өнеркәсіп саласының жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 1991 жылы 25,7%-ды құраса, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы  бойынша 45%-ға жетті. Ал осы мерзімде өнеркәсіп өндірісінің өнім көлемі 4,5 млн теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл – 40 млн есе өсім деген сөз.

4

Ал өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 3,6 млн теңгеден 210,7 млрд теңгеге дейін өсті.

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 2,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен  салыстырғанда 7,2%-ға төмен болды. Оның негізгі себебі мынада: қыркүйек-қазан айларында Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің жұмысы жоспарлы алдын ала жөндеуге тоқтатылды, жер қыртысындағы су мөлшерінің жоғары болуына байланысты ұңғымалардың өнімділігі  төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім өндіру көлемі өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен  (2020 жылғы 10 айда - 165,1 млрд  теңге) 9,9%-ға төмендеп, 160,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде өнім өндіру металлургия саласында 34,6%-ға, тамақ өнеркәсібінде 4,1%-ға және мұнай өңдеу саласында 42,2%-ға төмендеді. Алайда нарықтағы бағалардың қымбаттауына бай­ланысты және әлемді дүрліктірген пандемияға қарсы карантиндік шаралар жағдайында кейбір салаларда өнім өндіруде ілгерілеушілік байқалады. Мысалға, химиялық өнеркәсіптің өнім өндіру көлемі 1,4 есеге, киім өндірісі саласындағы өсім 1,3 есеге, жиһаз өнеркәсібі өндірісі 1,6 есеге өсті,  –  деді өңірлік коммуни­кациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязов.

Өңірдің индустриалды дамуы Қарашығанақ кен орнымен тығыз байланысты. Өйткені облыстың экономикалық дамуындағы өнеркәсіп саласының қомақты үлесі «ҚПО б.в.» компаниясының еншісінде.  «Karachaganak Petroleum Operating» (KPO) консорциумы кен орнын игеру кезінде өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге қол қойған сәттен бастап күні бүгінге дейін мұнай өндіруді дамытуға 27 млрд-тан астам АҚШ долларын жұмсады. Оның ішінде 2020 жылы  617 млн доллар көлемінде инвестициялар тартылды. Биыл компания Қарашығанақта бюджеті 1 млрд доллардан асатын, жылына 4 млрд текше метрге дейін шикі газды қосымша өңдеуге мүмкіндік беретін ірі инвестициялық бастамалардың біріне айналған газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасын   жүзеге асырды. Газды кері айдаудың 4-компрессоры құрылысының жобасы аяқталып келеді. Бұл жоба жер қабатына айдалатын газ көлемін көбейтіп, сол арқылы көмірсутек шикізатын өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан сәл бұрынырақ «Шынар» мұнай-газ конденсатты кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысы аяқталды.

«Конденсат» АҚ-ның өндірістік базасы негізінде бірқатар жоба іске асырылды. Олар – мұнай өнімдерінің са­пасын арттыратын техноло­гиялық блокты тазалау бойынша газ фракциясының құрылысы, өндіріс қалдықтарын жағудан кейінгі шығарындыларды азайтуға мүмкіндік беретін газдарды кәдеге жарату және тұрақтандыру бойынша қуаттарды іске қосу, жылдық қуаты 600 мың тонна «К-5» экологиялық класты мотор отынын шығару секциясын іске қосу және зауыттың қуатын 850 мың тоннаға дейін ұлғайту жобалары. Жалпы алғанда көмірсутектер экспорты саласында республиканың табиғи газының үштен бірінен астамы (40%-ы) және газ конденсатының барлық көлемі (97%) Батыс Қазақстан облысына тиесілі. Сонымен қатар өңірде республиканың барлық ет қалбырларының 70%-ы өңіріміздегі ет өңдеу кәсіпорындарында («Кублей» ЖШС, «Агропродукт ЛТД» ЖШС) өндіріледі.

Тәуелсіздік жылдарында облыста жаңа өндіріс орындары мен брендтер пайда болды. Ондай кәсіпорындар қатарында «Белес Агро» ЖШС ұн комбинаты, «Пойма май комбинаты», «Кристальная» ауыз суын өндіруші «Фирма Родник»  ЖШС-лары бар. Машина жасау саласы табысты дамуда. «Агрореммаш» компаниясында өрт сөндіру арнайы көліктері өндірісі жолға қойылды. Сондай-ақ республиканың барлық өңіріне жеткізілетін коммуналдық арнайы техника өндірісі  игерілді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның өндірістік базасында Қазақстанда алғаш рет мұнай жинау және дайындау бойынша аутоматтандырылған кешендерді жобалау, дайындау және қайта құру технологиясы енгізілді. 2010 жылы экспортқа бағытталған күштік трансформаторлардың заманауи өндірісі  «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да ашылды.

Өңірде кеме жасау саласы да тәуелсіздік жылдарында қалыптасты. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ  осы жылдар ішінде 32 кеме жасап шығарды. 2020 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысы бойынша орындалған маневрлік орналасу пункті үшін құрғақ салмағы 400 тонна жүзбелі айлақтың құрылысы аяқталды. Биыл мамыр айында ҚР ҰҚК Шекара қызметі өкілдерінің қатысуымен шекара күзеті қызметіне қажетті «Айбар» шағын   кемесі суға түсірілді. Сонымен қатар  2  «Қайсар»  катері құрастырылды.

Өңірдің мұнай-газ өндірісі саласына мамандануы, оның аумағының Орал-Каспий бассейніне жақындығы теңіздегі су асты-техникалық жұмыстары үшін күрделі техниканы құрастыру бағытындағы өндірістердің дамуына жетеледі. Мысалы, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ өткен үш онжылдықта су асты мұнай және газ құбырларын инспекциялау және оларға қызмет көрсету, суға батқан нысандарды тексеруге пилотсыз су асты іздестіру жабдықтарының қорын құрды. Металл прокаты саласында 1997 жылы болат сорғыкомпрессорлық тұрбаларды өндіру бойынша «Казтрубпром» ЖШС зауыты құрылды. «Стекло сервис» ЖШС-ның өндірістік цехында облыстың және өзге де өңірлердің құрылыстарына қажетті термоберіктілігі күшейтілген шыны мен көп қабатты әйнек пакеттері шығарылды. 2003 жылы «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның полиэтилен тұрбалар зауыты іске қосылды. Зауыт базасында республикада бірінші болып диаметрі 1600 милиметрлік полимерлік тұрбалар шығаратын желі  орнатылып, өнім шығаруда.

«Болашақ-Т» ЖШС базасында финдік «Elimatic», германдық «Weiler» және «Vol­lert» сияқты белгілі шетелдік компаниялардың технологияларын пайдаланатын тұрғын үй құрылысы комбинаты салынды. Үй құрылысы комбинаты көпшілікке арналған тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету үшін темір-бетон бұйымдар, перспек­тивалы құрастырмалы жүйелер жасап шығарады. Оның қуаты жылына жалпы аумағы 50 мың шаршы метр ғимарат салынатын өнім шығаруға лайықталған. Облыста өндіріс өсімін қамтамасыз ету мақсатында жаңа өндіріс түрлерін игеру бойынша жұмыстар атқарылуда.  «Батыс Қа­зақстан машина жасау компаниясы» АҚ 2011 жылдан бастап «General Electric» компаниясымен бірлесіп газ­турбиналарды жөндеу бойынша қызмет көрсету орталығын ашты. Онда қайта өңдеу агрегаттарын жөндеу бойынша қызметтер көрсетіледі. Турбиналарды жөндеуге «General Electric» компаниясының лицензиясы алынды.

– 2021 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің ұлғаюына ықпал ететін бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Соның ішінде қайта өңдеу кәсіпорындары мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырыстары бойынша  бірқатар келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта жалпы шамасы 8,7 млрд теңге болатын 22 шартқа қол қойылды. Биыл «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС өңірдегі машина жасау компанияларымен 11 келісімшарт жасады. Оның ішінде «БҚМК» АҚ-мен сыйымдылықтарды, электродегидраторларды, буферлік сыйымдылықтар мен никельді ұнтақ (ПНЭ) жеткізуге, «Орал құю-механикалық зауыты» АҚ қосалқы бөлшектерді, тербелме станоктарын,    сорғыларды жеткізуге 8 келісімшартқа қол қойды,  – деді Жұмакелді  Батырниязов.

«Оралагрореммаш» АҚ күкірт қышқылын тасымалдауға арналған жартылай тіркеме-цистерналардың 22-сін шығару жөнінде «Қазатомпроммен»  келісімшарт жасады. Биыл зауыт 8 тіркеме-цистерна дайындайды.  «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС базасында полиэтилен тұрбаларын өндіру көлемін ұлғайту,  қуаты жылына 7000 тонна пластмасса қалдықтарын қайта өңдейтін және пластикалық орамалар өндіру жобасы «жандануда». «Орал механикалық зауыты» ЖШС базасында ірі қара малды бекітуге арналған жабдықты шығару жобасы жүзеге асырылды. Ал «Каз­Трубпром» ЖШС «KSP-Steel» ЖШС-мен бірлесіп жоғары технологиялық өнімді, атап айтқанда, 100%-ға жуық жер­гілікті қамту үлесі бар CAL IV деңгейіндегі бұрандалы жоғары герметикалық премиум қосылыстары бар шеген, сорғы-компрессорлы құбырлар өндіруге мүмкіндік беретін бірлескен өндіріс жобасын әзірледі. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда металлургия саласындағы өнім өндіру көлемінің төмендеуіне тосқауыл болады. Қазіргі уақытта компания «KSP-Steel» ЖШС және «МН Industry» бұрғылау компаниясы үшін өнім жеткізу шамасы  ұлғайды.

Қорыта айтқанда, өңірдегі өндіріс орындарының, машина жасаушы компаниялардың мықты әлеуетін тиімді пайдалану, өндіріс орындарын қайта құру маңызды болып қала бермек. Сонымен қатар зауыттардың жаңа өнім түрлерін өндіру бағытындағы ізденістері алдағы уақытта да  жалғаса береді.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале