22.06.2021, 9:46
Оқылды: 272

Инвестор келгені елге игі

Өткен аптада облыс әкімі Ғали Есқалиев Шыңғырлау және Бөрлі аудандарына жұмыс сапарымен барып, жергілікті жерде атқарылған шаруалармен және шешімін күткен өзекті мәселелермен танысты. 

c71dcd21-2581-4ec7-8c84-e1350a88f552

Өңір басшысы алдымен Шыңғырлау ауданына қарасты Амангелді ауылына ат басын тіреді. Мұнда «Хайрушин» жеке кәсіпкерлігі 2018 жылы 25 млн. теңге өз қаражатына жылыжай салып, маңындағы елді мекендерді қыс бойы қияр өнімдерімен қамтуда. Бағасы қолжетімді, маусымына 2 – 2,2 тонна қияр алады. Кәсіпкерлік жақын күндері аумағы 300 шаршы метр болатын тағы бір жылыжайды іске қосуды жоспарлауда. Облыс әкімі жылыжайдың жолға жақын тұрғанын, логистикалық тұрғыдан тиімділігін атап өтіп, қажет жағдайда атқарушы құрылымдар тарапынан қолдау болатынын айтты.

231227a6-03ac-4f5a-b3a8-d277f0818022

Жалпы, Шыңғырлауға өзге өңірлерден келіп, инвестиция салып жатқандар жеткілікті екен. Бұған түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жері себеп кер десек қателеспейміз. Содан да болар, 2020 жылы Орал қаласынан Амангелдіге келіп, «Амангелді Агро» ЖШС-ын құрған кәсіпкер Әділжан Нұғманов 3365 гектарға егіс, 1 мың гектарға майлы дақылдар (күнбағыс, мақсары) егіп отыр. Былтыр 82 млн. теңгеге жуық инвестиция салса, биыл оның көлемі 317 млн. теңгеге жеткен. Еңбек өнімділігін арттыру үшін шетелдік соңғы үлгідегі техника сатып алуы да кәсіпкердің келешекке сенімділігін білдіреді.

01

Дәл осындай инвесторлар Ардақ ауылында да бар болып шықты. Оған тоқталмас бұрын, Ардақ Ардақ болғалы мұнда табаны тиіп тұрған бірінші облыс басшысы Ғали Есқалиев екенін де айта кеткен ләзім. Нарыққа көшкен қиын уақыттары ауыл іргесі сетінеген. Бірақ көшке қосылмай, атақоныстарында қалып қойған азаматтардың қазіргі ұйымдасқан тірлігі көз сүйсінтеді. Маңайында сылдырап аққан өзен-көлі жоқ ел не істейді? Әрине, қыстағы қар суын, көктем мен жаздағы, қала берді күздегі жаңбырды жинайтын тоғандар қазып, малжанын бағады. Ардақта қар қалың түсетіндіктен, суды тек жинақтап үлгерсең болды. Осы орайда ауыл тұрғындары ерте қамданып, бес бірдей бөгетті өз күштерімен ретке келтіріп, жеткілікті мөлшерде су жинақтап алыпты. «Көп түкірсе, көл» деген осыау, сірә?! Неге десеңіз, бұрындары ауыл жанынан плотина салуға 448 млн. теңгенің жобасы ұсынылған. Жарты млрд! Аз ақша емес. Ауданға әкім боп тағайындалған Әлия Мұханбетжанова ысырапшылдықты дер кезінде байқап, тоқтатқан. Ардақтықтар болса, осылайша ұйымдасып, әрекет етіп, өзге ауылдарға қыруар бюджет қаржысын үнемдеудің үлгісін көрсетіп берді. Күні бүгін мұнда малға судан бөлек, балық өсіруге де жағдай бар. Енді  суды сарқып алмай, жыл сайын көлемін көбейте беру маңызды.

010

Ардаққа ақша салған инвесторлар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажына сергек қарайтын көрінеді. Мәселен, былтыр «Қалдығайты» ЖШС 2 млн. теңге өз қаражатына байланыс мұнарасын орнатып берген. Соның арқасында ауылдың 196 тұрғыны «Актив» арқылы ағайын-тумасы мен арқа-жарқа әңгімелесуге мүмкіндік алған. 4 G болғандықтан интернеттің жылдамдығы да керемет.

03

Жыл сайын есептік кездесулерде көтерілетін медициналық пункт, бұйырса, апатты ғимараттан көшіріледі. Жаңа ғимараттың іргетасын өз ақшасына қалап жатырған да Ардаққа мал өсірсем деген ниетпен Оралда қоныс аударған Мақсот Ваисов есімді жеке кәсіпкер. «Шаруашылықпен шұғылдану үшін ауылға келдік. Осында тұрамыз дегесін, халыққа қолдан келген көмегімізді көрсету парызымыз. Медпункт бітсе, халықтың тұрақтанып қалуына үлкен көмек болар еді», - деді ол. Тек қара басының емес, қара халықтың да қамын күйттеген кәсіпкердің игі бастамасына сәттілік тілеген өңір басшысы, мұндай қайырымды азаматтарға әрдайым қолдау-демеу болатынын қадап айтты.

05

Ғ.Есқалиев Шыңғырлау ауданы орталығында құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру кешенінде, 3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйде, күрделі жөнделген мәдениет үйінде болып, іс барысымен танысты.

Одан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Бөрлі ауданында жалғасты. Аудан әкімі Миржан Сатқановтың бастауымен Ғали Нәжімеденұлы аудандық ауруханаға жалғап салынған жедел көмек көрсетуге арналған қосымша ғимаратқа барды. «Қарашығанақ – 1» ықшамауданында бой көтерген 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысына, Қызылтал шағынауданының Строительный 1,3 көшелерін электр желісімен жабдықтау, аутокөлік, жаяу жүргінші жолдарын салу барысына куә болды. Осы жерде тиісті құрылым өкілдеріне бірқатар маңызды тапсырмалар берілді.

07

Аудан орталығы Ақсай қаласын қазіргі таңда Бестау су қоймасы ауыз сумен қамтып отыр. Алайда соңғы жылдары шаһар халқының ұлғаюына байланысты су жетіспеушілігі байқалуда. Оған қоса қуаңшылық салдарынан жерасты суларының тартылуы да жағдайды күрделендіруде. Тығырықтан шығу үшін мұнда қосымша су ұңғымаларын қазу өзекті. Су іздеуге маманданған «Жайықгидрогеология» ЖШС күні бүгін қолданыстағы 11 ұңғымаға қосымша бір ұңғыманы бұрғылады, тағы біреуін бұрғылау жоспарда тұр. Өңір басшысы серіктестік жетекшісі Б.Даумовтан бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды сұрады.

09

Ақсайдағы сұйық азот өндіретін «RT Alliance LLP» ЖШС-ның жұмысымен танысқаннан кейін Ғ.Есқалиев Пугачев ауылдық округінде орналасқан тұшпара дайындайтын «БатысДосТау» және шұжық жасайтын «Батыс МұзТау» серіктестерінде болды. Осы қос бірдей кәсіпорынның иесі Айнұр Аймурзина 15 ауыл тұрғынына тұрақты жұмыс беріп отыр. 2019 жылы ашылған кәсіпорындар күні бүгін табиғи таза өнімдерін маңайындағы елді мекендерден бөлек, Атырау облысындағы әйгілі Теңіз кенішіне де жеткізуде. Айына 3 тоннадай шұжық, 200  келідей жартылай фабрикаттар (тұшпара, манты, вареники) өндіреді. Өнімнің бағасы да қымбат емес. «Жасыратыны жоқ, ырғақты жұмысымызға пандемия кедергі келтірді. Дегенмен, жағдай жақсарған сайын жұмысымыз да алға басатынына сенімдіміз», – деген серіктестік басшысының сөзін облыс әкімі құптап, өндірістің өрге басуына тілектестігін жеткізді.

08

Жұмыс сапары соңында өңір басшысынан қысқаша сұхбат алдық. «Қос ауданды аралап шықтық. Шыңғырлауда аса күрделі, шешілмей тұрған мәселелер жоқ. Шөп шығымы жақсы. Тағы бір қуанарлық жайт, Ардақта ауыл тұрғындары өздері бірігіп, бөгет жасап, малға су жинап алған. Бір кәсіпкер өз қаражатына ұялы байланыс орнатқан, екінші кәсіпкер де өз қаражатына медициналық пункт салып жатыр. Оларға алғыс айтамыз. Әрине, ауылдардың арасындағы жолдар өзекті мәселе. Күні бүгін жол салудың құнын едәуір азайтатын, қиыршықтас қолданылмайтын жаңа технологияға көшуді жоспарлаудамыз. Іске асса, жолдың бір шақырымы 55 млн. теңгеден аспауы тиіс. Ал қазір әр шақырым 80-90 млн. теңгені құрап отыр. Бөрлі ауданына келетін болсақ, үлкен мәселелердің бірі – су тапшылығы. Ақсай тәулігіне 8 мың текше метр су тұтынатын болса, күні бүгін 1,52 мың текше метр су жетіспей жатыр. Жаңадан ұңғымалар қазылуда. Бұйырса, айдың аяғына дейін шешіледі деген үміттеміз. Әрине, бұл орайда халық тарапынан суды үнемдеу маңызды. Ысырап қылатындар көп. Сол себепті, біз Үкімет алдына суды тұтынуға дифференциалды тариф енгізуді мәселе қылып қойдық. Яғни белгілі көлемнен асса, суға төлем де өсуі керек. Жалпы, Ақсай қаласының жаңа ықшамаудандарын дамыту үнемі назарда ұсталады», - деді  Ғ.Есқалиев.

 

Тоқтар Кенжеғалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале