24.06.2021, 0:57
Оқылды: 465

Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік жиын өтті. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары М. Манкеев қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Салтанатты жиын ең алдымен еліміздің тыныштығын сақтау жолында адал қызмет атқарып, қызмет барысында қаза болған барша полиция қызметкерлерін еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. 

IMG-20210623-WA0024

Қазақстан полициясы күні – қазақстандық полицияны қалыптастыруға жан аямай күш салғандар мен оның қатарында қызмет етушілерге және өз ісіне деген адал қызметімен халықтың қадіріне ие болған полиция ардагерлеріне құрмет білдіретін күн. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт - «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңын қабылдады. Ал, 2007 жылы 5 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды - Полиция күні деп бекітті.

Бүгінгі мерекеде бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, осы жауапты қызметтің қатарында еңбек етіп жүргендер мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

IMG-20210623-WA0028

- Қайырлы күн, құрметті Ішкі істер құрылымының ардагерлері, тәртіп сақшылары мен әріптестер! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың атынан құттықтауымызды қабыл алыңыздар! Ел тыныштығын күзету мерейлі мәртебе, асқақ абырой! Елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтау, қылмыстың жолын кесіп, әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін сақтап, бәрінің заң алдында теңдігін қалыптастыруда сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Батырлық, батылдық, тапқырлық пен табандылықты бір арнаға тоғыстырып, егемендік пен елдікті сақтап, айбынын асыруда атқарған адал қызметтеріңіз баршаға аян, өскелең ұрпаққа үлгі дер едім. Бүгінгі күні небәрі 32 жасында қылмыскерлердің соңына түсемін деп ерлікпен қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Шыңғыс Сафиуллин, күні кеше ғана болған көлік апаты кезінде үш адамды ажал аузынан алып қалған полиция подполковнигі Арман Сарбалиновтың бейбіт күнгі ерліктері көпке үлгі болып келеді. Коронавирус індетімен күрес кезінде де қызметтеріңізге адалдық танытып, сын сағаттарда қауіп-қатерді елемей, уақытпен санаспай, атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін Ақжайық өңірінің тұрғындары атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Құрметті Ішкі істер органдарының ардагерлері, сіздердің қажырлы еңбектеріңізді құрметтеу және оған қызмет көрсету біздің парызымыз. Санаулы ғұмырларыңызды еліміздің тыныштығы мен қылмыспен күресуге арнадыңыздар. Облысымыздың өсіп өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына үлес қосып, әлі де үлкен қызмет атқарып келе жатсыздар. Қазіргі кезде еңбек демалысында жүрсеңіздер де қоғамдық өмірде белсенділік танытып келесіздер. Осы үшін сіздерге үлкен алғыс білдіреміз, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.

IMG-20210623-WA0026

Бұдан кейін қызмет барысында қаза болған қызметкерлердің отбасылары мен жылдар бойы үздік нәтиже көрсеткен Ішкі істер саласының қызметкерлерін облыс әкімінің алғыс хатымен, арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Жиын соңында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың құттықтау жеделхаты оқылды.

IMG-20210623-WA0033

IMG-20210623-WA0027

IMG-20210623-WA0025

IMG-20210623-WA0032

IMG-20210623-WA0029

IMG-20210623-WA0031

IMG-20210623-WA0030

Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале