24.07.2026, 19:00
Оқылды: 50

«Іскер аймақ» бағдарламасы: Шағын бизнеске 21 млрд теңге бөлінді

ҚР Экономика министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың желтоқсанында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры іске қосқан «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы микро және шағын бизнеске қолдау көрсетудің маңызды тетігіне айналып отыр.

photo_5413816924291930192_y

Фото: presseconomy

Бағдарлама қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – әр облыстың экономикалық ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен айқындалатын өңірлік тәсілдің қолданылуы.

Ведомство мәліметінше, бүгінде «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді, ал 2026 жылы 400 млрд теңге көлемінде 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Жаңа бағдарлама өңірлердегі табысты жобалар арқылы өз нәтижесін беруде. Мәселен, Жамбыл облысындағы «Қожабекова Г.Т.» ЖК мемлекеттік қолдау есебінен күн панельдерін орнатып, электр шығынын 38%-ға қысқартты және жыл сайын 24 мың импорттық үлбір бұйымын отандық өніммен алмастыруда. Қызылорда облысындағы «Досжан Тұрлыбаев» ЖК күріш өндірісін дамыту үшін 110 млн теңге қаржыландыру алып, тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңдейді және шет елдерге экспорттайды.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Ультрамедтех KZ» ЖШС 100 млн теңге несие алып, медициналық жабдық шығару көлемін жылына 10 мың данаға дейін өсіріп, 5 жаңа жұмыс орнын ашуда. Түркістан облысындағы «Бахар» ЖК 100 млн теңге несие алып, тәулігіне 260 келі ірімшік өндіруге және жыл сайын 40 тонна импорттық сүт өнімінің орнын басуға қол жеткізді. Ал Ақтөбе қаласындағы «Жантлеуова Г.А.» жеке кәсіпкерлігі 3 жыл мерзімге 35 млн теңгеге қаржыландырылып, төсек-орын жабдықтары мен ұлттық бұйымдар өндірісін арттырып, қызметкерлер санын көбейтті.

Министрлік бұл бағдарлама бойынша толық ақпаратты «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болатынын, ал шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін өтінімдерді жергілікті жерде қабылдайтын көшпелі фронт-офистер жұмыс істейтінін еске салады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале