9.09.2026, 14:30
Оқылды: 9

«JAIYQ SAZY» этнофестивалі мен бәйге: Орал қаласы күні қалай атап өтіледі?

Орал қаласының күніне орай шаһарда мәдени, спорттық және қоғамдық бағыттағы бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында дәстүрлі спорттық жарыстар, көрме-жәрмеңке, халықаралық этнофестиваль және ұлттық ат спорты бойынша жарыстар өтеді.

Жп Орал

7-11 қыркүйек күндері «Жайық Арена» спорт кешенінде Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған волейболдан дәстүрлі «Достық – Дружба» XVIII қалааралық турнирі ұйымдастырылады. Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен келген спортшылар қатысады. Турнир күн сайын сағат 10:00-де басталады. Ал ашылу салтанаты 10 қыркүйек күні сағат 12:00-де өтеді.

9 қыркүйекте П.Атоян атындағы орталық стадионда мемлекеттік қызметшілер мен түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Show матч» футбол ойыны өтеді. Сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін жалғасатын спорттық шара салауатты өмір салтын насихаттап, әртүрлі сала мамандары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

10 қыркүйекте «Орал» спорт кешенінде қала күніне арналған арқан тартудан «ORAL CUP – 2026» II ашық қалалық турнирі өтеді. Жарыс сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін ұйымдастырылады. Турнирдің ашылу салтанаты сағат 17:00-де басталады. Бұл жарыс ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ, 10 қыркүйек күні сағат 13:00-де ҚР Тұңғыш Президенті алаңында «Сапалы өнім – 2026» қалалық көрме-жәрмеңкесі өтеді. Шара барысында жергілікті өндірушілердің азық-түлік және басқа да сапалы өнімдері тұрғындарға ұсынылады.

12 қыркүйек күні сағат 10:00-де Ақжайық шағын ауданындағы №24 тұрғын үйдің ашылу салтанаты өтеді. Бұл – қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

Сол күні мерекелік бағдарламаның басты мәдени шараларының бірі – ҚР Тұңғыш Президенті алаңында өтетін I Халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі болмақ. Этнофестиваль сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін жалғасады.

Халықаралық мәдени шараның негізгі мақсаты – ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны насихаттау және түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен шығармашылығын таныстыру арқылы достық пен бірлікті нығайту.

Фестиваль аясында көрермендерге этникалық музыка, ұлттық өнер және заманауи шығармашылық бағыттарды қамтитын концерттік бағдарлама ұсынылады. Ауқымды шараға халықаралық деңгейдегі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуы жоспарланған.

 

Ал 13 қыркүйек күні Ақжайық атшабарында қала күніне арналған «Жайық жүйрігі – 2026» бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өтеді. Жарыс сағат 08:00-ден 14:00-ге дейін жалғасады.

Ұлттық ат спортының жанкүйерлеріне арналған бұл дода қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ ат спортының дамуына серпін бермек.

Осылайша, Орал қаласының күніне арналған мерекелік бағдарлама тұрғындар мен қала қонақтарына спорттық жарыстардан бастап ұлттық мәдениет пен дәстүрді ұлықтайтын ауқымды шараларға дейінгі мазмұнды мереке сыйламақ.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале