12.03.2024, 9:45
Оқылды: 71

Кабирханнан тұқым аламыз ба?

Оралға келген «Кабирхан» сәйгүліктің иесі Тілек Мұханбетқалиев жергілікті ақпарат құралдарына берген шағын сұхбатында наурыздың 30-ы күні Дубайдағы «Мейдан» атшабарында өтетін әлем кубогіне дайындық жайында айтты. Оған қоса сәйгүлік иесіне бірнеше сауал қойдық.

Кабирхан – Тілек

– Тілек аға, елге қош келдіңіз! Наурызда өтетін әлем кубогі бәйгесінде Кабирханды Пэт Добсон тізгіндей ме? Әлде өзіміздің Бауыржан Мұрзабаев тақымына баса ма?

– Қазақ «Аттың сыры иесіне мәлім» дейді. Ал Кабирханды американдық мықты бапкер Даг Уотсын жаттықтырады. Біз Бауыржанмен өзара сөйлестік. Бірақ жарыс күні жақындаған кезде әлем кубогінде сәйгүлікті кім тізгіндейтінін бапкер шешеді.

– Кабирхан – таза қанды ағылшын жылқысы. Қазақ даласының қолтумасы емес. Болашақта жүйріктен тұқым алып, таза қазақстандық сәйгүлік шығаратын ойыңыз жоқ па?

– Ол да ойда жүрген іс. Кабирхан – «Калифорния хромның» «ұрпағы». Бұл айғыр осы күні жарысқа шықпайды. Көп адам одан тұқым алуда. Былайша айтқанда, «өндіруші» айғыр ол. Болашақта бұл жұмысты да біржақты ету ойда бар.

– Неге көп сәйгүлік ішінен Кабирханды алуға бел будыңыз?

– Кабирхан екі жасында елімізге келді. Алматы қаласында тұратын белгілі ат­бегінің қолында болды. Ал асыл тұқымды айғыр «Калифорния хромды» бұрыннан жақсы білемін. Ол 2016 жылы Дубай кубогін жеңді. Сол жарыста «Хром» мені қатты таңғалдырды. Ал оның «ұрпағы» елімізге келгенін білгенде сатып алуға бел будым. Бірден айтайын, Кабирханды қаншаға алғаным құпия болып қалады.

– Қай бәйгеден болмасын, қара үзіп келе жатқанын естиміз...

– Алматы ипподромында өткен үш бәйгенің үшеуінде де жеңіске жетті. Одан кейін Ресейде өткен алты бәйгеге қатысты. Оның бесеуін жеңіп, бір жарыста екінші келді. Осы кезге дейін 11 бәйгеде бақ сынаған Кабирхан 10-ын жеңді.

– Бәйгеде қазақ атының топ алдында келгені үлкен қуаныш. Десе де, бәйге олимпиадалық спорт түрі емес. Болашақта олимпиадалық ат спортына бейім жылқы алу ойыңызда жоқ па?

– Өткен ғасырдағы «Апсенттің» жеңісінен кейін қазақ жылқысы олимп шыңын бағындырған емес. Сондықтан алдағы уақытта олимпиадада бақ сынайтын қазақ жылқысын шығару жайын ойлайтын боламын.

– Дубайдағы бәйгенің бәсі биік екенін білеміз. Одан бөлек, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Германия елдерінде өтетін додаларда Кабирханды сынап көру ойда жоқ па?

– Қазір бізді наурыздың 30-ы күні өтетін бәйге ғана мазалауда. Әлемнің кіл мықты жылқылары шығатын додада жеңіске жеткіміз келеді. Ал қалған бәйгелерді содан кейін ойланамыз. Сәйгүлігімді мықты деген барлық додада сынап көргім келеді.

– Кабирханнан басқа жүйріктеріңіз бар ма?

– Әрине, бар. Негізінен ұшқыр жылқылар мен жарысатын сәйгүліктерге аңсарым ауып тұрады. Кабирханнан бөлек таза ағылшын тұқымды алты жылқым бар.

P.S.

Кабирхан жеңіске жеткенде ел болып қуандық. Бізге бұл жеңіс несімен қымбат? Әлемдік деңгейдегі ат жарыстары жөніндегі ақпараттың аздығынан сәйгүлікті жете бағалай бермейміз. Оны жоққа шығару үшін статистикаға жүгінеміз. Халықаралық сәйгүліктер федерациясының мәліметінше, әлемде бәйгеге шабатын 450 мың жылқы бар екен. Оның 200 мыңы ғана әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік алады. 200 мыңның 5-6 мыңы ғана бірінші, екінші және үшінші деңгейлі бәйгеде бақ сынайды. Оның 1000-ы ғана бірінші деңгейлі бәйгеге шығады. Ал «Әл мактум» бәйгесінде жеңімпаз атанған Кабирхан 450 мың жылқы арасынан суырылып, үздік мыңдыққа кірді. Соның арқасында әлем кубогі үздіктерінің бірі атанды. Егер наурыздың 30-ы күні өтетін бәйгеде Кабирхан жеңіске жетсе, әлемнің үздік 10-15 жылқысының қатарына енеді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале