30.03.2021, 20:12
Оқылды: 182

Қайраткерді ұлықтаған конференция

Облыстық білім басқармасында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ықсанов –  біртуар жан, асқақ тұлға» атты жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті.  

569FABFB-A935-45CC-ADB6-8482E2E2AD54

Мұстақым Біләлұлының өнегелі өмірін ұлықтауды, еліне сіңірген ерен еңбегін насихаттауды мақсат еткен конференция облыс әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар, «Ықсанов» қоғамдық қорының төрағасы Асқар Атаев, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы, М.Ықсановтың 1981-1983 жылдардағы көмекшісі Айдар Батырханов, БҚО білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, туысы Өтебай Құспанов қатысты.  Сонымен қатар  Мұстақым Біләлұлы Ықсанов атындағы Қызылорда қаласындағы  политехникалық колледжі, Жамбыл облысының Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы  мектеп-гимназиясы, Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Мұстақым Біләлұлы Ықсанов атындағы кәсіптік-техникалық колледжі мен М.Б.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, облыс орталығындағы М.Б.Ықсанов атындағы №36 мектеп және кәсіптік-техникалық колледж студенттері, мектеп оқушылары онлайн байланысқа шықты. Конференцияны облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева ашып, қонақтарға сөз берілді.

B373A875-D35F-48BE-8B59-3BAC8568D6CE

– Конференция тақырыбында айтылғандай, Мұстақым Біләлұлы –  біртуар жан, асқақ тұлға. Өзі басқарып, еңбек еткен өлкелерде, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің шөл даласында күрішті жайқалтқан, батысында даланы жан мен малға толтырған, сол кездегі астанамыз – Алматыны селден қорғаған, Жайықтың жағасындағы Орал қаласын көркейткен жанның, расында, жүз жылда  ғана бір туатыны ақиқат. Мұстақым атамыз қай жерде еңбек етсе де сол өңірлер өркендеп дамыды, қалалар көркейіп, гүлденді. Тұрғындардың саны артып,  тұрмысы түзелді. Артында жүздеген жаңадан салынған  стратегиялық ауқымды ғимараттар, әлеуметтік кешендер қалдырды. Әсем қалалар, аудан орталықтары, совхоздар мен колхоздар пайда болды, – деген Мәлік Иманқұлұлы қайраткердің еселі еңбегіне тоқталып өтті. Конференция қонақтары қайраткердің жүріп өткен жолына, атқарған жұмысының қыр-сырына үңіліп, өнегелі істерін баяндады.

3D3ED56C-C7EF-4860-B45F-692B090B5D87

Конференцияға қатысушылар қаладағы М.Ықсанов атындағы №36 мектеп  ауласындағы қайраткердің ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, мектептегі М.Ықсанов атындағы оқу-залымен танысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 95 жыл толуына орай өткен іс-шара жөнінде толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.

2B71883C-E80B-44B6-918D-60C9294C3BAF

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале