Орал қалалық мәслихатының кезекті 28-сессиясында 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы және бюджетті нақтылау туралы мәселелер қаралды.

Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ербол Шүкірғалиевтің баян етуінше, есепті жылы бюджет түсімдері 82 млрд 352 млн теңгені, шығыстар 81 млрд 432 млн теңгені құрады. 2025 жылға арналған қалалық бюджет кірістері 84 млрд 172 млн теңге болды. Салықтық түсімдер бойынша жылдық жоспар 43 млн 820 мың теңге болса, бұл көрсеткіш 42 млн 719 мың теңге немесе 97,5% болып орындалды. Қалалық бюджеттің шығыс бөлігінің жоспары 84 млрд 172 млн теңге болса, оның орындалғаны – 81 млрд 432 млн теңге немесе 96,7%. Игерілмегені – 2 млрд 740 млн теңге. Қаржының игерілмеуі құрылыс саласында, мердігерлердің салдыр-салақтығынан орын алған. Мысалға, «Ақжайық» ықшамауданына орамішілік өтпе жолдар салу, осы шағынауданды сумен жабдықтау, инженерліккоммуникациялық желілерді салу және басқалары.
Сессияда Орал қаласының және кенттер, ауылдық округ 2026 жылға арналған бюджеттерін нақтылау мәселесі қаралды. Орал қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыров бюджеттің кірістері мен шығыстарын теңдестіріп, 15 млрд теңге шамасына ұлғайтуды ұсынды. Оның ішінде өзіндік кірістер бөлімінен – 783,3 млн, облыстық бюджеттен қарастырылған нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша 14,2 млрд теңге есебінен толықтыру көзделген. Қалалық бюджеттен қарастырылған қаражат көлемін келесі шығыстарға бағыттау қарастырылды. Жергілікті атқарушы құрылымдардың облыстық бюджеттен алынған қарыздары бойынша сыйақылар мен өзге де төлемдерді төлеуге – 684 млн 600 мың теңге, мемлекеттік құрылымдардың шығыстарына – 52 млн 400 мың теңге, жалпы бірдей әскери міндетті орындау аясындағы іс-шараларға 7 млн 500 мың теңге бөлу жоспарланды. Сонымен қатар Орал қаласының бас жоспарына түзету енгізу жобасының мемлекеттік сараптамасына 11 млн 200 мың теңге, төмен тұрған бюджетке ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуға (Деркөл әкімі аппараты) 3 млн 200 мың теңге бағытталады.
– Облыс бюджетінен қала бюджетіне нысаналы трансферттер мен несиелер ретінде 14 млрд 200 млн теңге бөлінді. Оның ішінде газ тасымалдау жүйесін дамытуға – 6,2 млрд теңге, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға – 2,9 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалауға, дамытуға 2,5 млрд теңге қарастырылады. Одан басқа абаттандыру және көгалдандыру нысандарына – 1,4 млрд теңге, коммуналдық шаруашылықты дамытуға – 900,9 млн теңге, әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беруге 200 млн теңге жұмсалады, – деді Азамат Қадыров.
Халық қалаулылары бюджетті 15 млрд теңгеге ұлғайтуды мақұлдады. Соның нәтижесінде нақтыланған соманы ескере отырып, Орал қаласының қазына қаражаты 155 млрд 900 млн теңгені құрады.

Сессияда 2026-2030 жылдары Орал қаласындағы коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бекітілді. Қалалық мәслихаттың тиісті шешімдеріне, соның ішінде сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының мүшелерін және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»