9.02.2022, 9:30
Оқылды: 99

Қаламгер қағытпалары

Әдебиет әлемінде өз қолтаңбасымен танылып, соңында айшықты із қалдырған қабырғалы қаламгерлеріміздің бірі – жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев. Ол – өзіне тән табиғи дарын-қуатымен, терең таным-талғамымен, білім-білігімен ерекшеленген азамат еді. Ғұмыр-дариясы ерте суалды. Бір кем дүние!  

1522645132_article_b

Сол Рахаң Орал пединститутын бітірісімен, өз еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінде журналистикадан бастағанын екінің бірі біле бермесе керек. Қарымды қаламгер қазақы қалжыңның да қазан-ошағын суытпай, көрікті ойларын көркем тілмен кестелей білген. Солардың бірқатарын қара сөздің қадірін білетін қалың оқырманымыздың назарына ұсынып отырмыз.

kisspng-sun-hat-cap-pith-helmet-hat-physical-map-5aa73478a27c73.2681935015209073846656

Рахымжан Отарбаевтың нағашы жұрты – он екі ата Байұлының Беріш руынан. Оларды көргенде арқасы қозып, «нағашы» деп қағытып, әзілдесе береді екен. Бірде атыраулық қаламгер ағасы Қойшығұл Жылқышиев пен аудармашы Бекет Қарашин үшеуі кездесе кетеді. Бекет басына мыжырайтып ақ қалпақ киіп алған көрінеді. Оған тумасы Қойшығұл қамқорсып: «Тасташы, ана басыңдағыны, саған тіпті жараспайды» деп қоймапты. Сонда қу тілді Рахымжан:
– Беріштің басына қылыштан басқа нәрсе жарасатын ба еді? – деп мырс етіпті.

***

6f72f2bc

Астанаға көшіп келген Рақымжан Шерхан (Мұртаза) ағасымен көрші тұрыпты. Ол кісінің жұбайы әйгілі ақын-композитор Кенен Әзірбаевтың қызы – Ақбілек. Бір күні кешке салым гүл құшақтаған бір жігіт жетіп кеп, есік алдында тұрған Рахымжанға:

– Аға, Шерағаның үйіндегі жеңгейдің есімі кім еді?-деп сұрапты.

Күнде көріп жүрген кісінің аты қапелімде аузына түспей, қиналған Рахаң:

- Ақтамақ, жоқ... Аққолтық, жоқ... Ақбақай...  Апыр-ай, ә, әйтеуір жеңгеміздің бір жері ақ, анығын Шерағаның өзі біледі, – деп құтылыпты.

***

405-4056577_dslr-camera-clipart-png-transparent-png копия

Көрнекті бір жазушының жаңа жинағы жарық көретін болып, фототілші Нұрғожа Жұбанов суретке түсіріп жатса керек. Әлгі адам орындығына отыра алмай: «Ана бұрышқа қарайын ба, мына бұрышқа қарайын ба?» деп айнала бұрыла беріпті.  Сонда Рахымжан:

– Аға, бұрышқа қарағанша, болашаққа қарасаңызшы, - депті жұлып алғандай.

***

DVSugRlXcAE0Ypl

Белгілі қаламгерлер – Сауытбек Әбдірахманов, Ұлықбек Есдәулетов және Өтеген Оралбаев үшеуі әрқайсысы бір-бір тармақтан теріп айтып, Рахымжанды былай деп қағытыпты:

– Сөзіне қарасаң, ертедегі билер сияқты,

Өзіне қарасаң, киллер сияқты,

Жазғанына қарасаң, Шиллер сияқты.

***

196518_46be1451cc5fbba4712d3000b0f9c9f8ebd63fa7

Астанаға қызметке ауысып келген Рахымжан үйін Атыраудан көшіріп әкеле алмай, біраз уақыт өзі пәтерде жүріпті. Сол кезде жерлесі Иманғали Тасмағамбетов кезігіп қап: «Жағдайыңыз қалай?» десе,

– Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта. Хал жақсы, – депті әзілге шаптырып. Сөз астарын
түсінген Имекең кейін үй беріпті.

***

full_BLEEtn1B

Атырау қаласының әкіміне кірейін деп тұрған Рахымжанға әзілі жарасқан Қойшығұл нағашысы тағы кезіге кетіп: «Өздеріңді қарсы алатын үлкен үй салайын деп ем, әкімнен маған жер алып берші, сөзің өтеді ғой» деп қиылыпты.

- Жарайды, – дейді ол оп-оңай келісе кетіп. – Саған бермегенде, кімге береді?

Содан Қойшығұл қабылдау бөлмесінде үлкен дәмемен оны табандаған 40 минут күтеді.

– Берді ме? – дейді іштен шыққан бойда.

– Берді!

– Ой, рақмет! Қай жерден...

– Қараойдан. Махамбет атаңның жанынан. Ішсең, суың басыңда, өлсең, молаң қасыңда. Тамаша емес пе? – депті сонда жиені баяғы қалжыңына басып.

***

png-clipart-face-with-tears-of-joy-emoji-emoticon-laughter-smile-nike-emoji-smiley-emoticon

Ауылда біраз отырып қалған бір нағашысының қызы тұрмысқа шығыпты. Тойдан соң әлгінің мақтаншақтау інісінің:

– Апам ұзатылғанда әке-шешем жылады, оларға қосылып көрші-көлем жылады. Тіпті беріш атаулының бәрі жылады, – деп есіп тұрғанын естіген Рахымжан:

– Тас соғып жатқан шешендер де жылады ғой, –  деп жиенін қостай кетіпті.

***

Тайырдың тапқырлығы

Мұхтар Әуезовті үлкен де, кіші де атын тіктеп атамай, «Мұха» дейді екен. Бір жолы Жазушылар одағындағы жиыннан шығып келе жатқан жерлесіміз, дауылпаз ақын Тайыр Жароков қасындағы адамға бір нәрсені нақты дәлелдемек болып:

– Сенбейсің бе, мұны жаңа Мұхтардың өзі айтты ғой, – деп қойып қалып,  сасқалақтап жан-жағына қарапты. Сөйтсе, артында ол кісі келе жатыр екен. Қасындағылар да  «Бұған енді ұлы тұлға не дер екен?» дегендей, елең ете түседі. Ал Мұхаң жаймен ғана:

– Тайыр, осы сен жаңа Мұхтар деп бір нәрсе айттың ба?, – деп сұрайды. Сонда тапқыр Тәкең еш еркілмей:

-Сізді Мұхтар деп өле алмай жүр деп пе едіңіз, *Жанғалинді айтамдағы, – деген екен.

* Мұхтар Жанғалин – белгілі тәржімашы.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале