28.10.2020, 1:13
Оқылды: 140

Қарапайым заттар экономикасы: Банктер агроөнеркәсіп жобаларын қаржыландыруға құлықсыз

Қазанның 27-сінде кәсіпкерлік мәселелеріне байланысты өңірлік жобалық кеңсе отырысы өтті. Кеңсе отырысына БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев төрағалық етті. Дөңгелек үстелде «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске асыру және сатып алулардағы жергілікті қамту жайы талқыланды.

69BB6CA1-0FDC-4ECB-94DB-70CC358FC9A4

Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Наталья Недовозий «Қарапайым заттар экономикасы» ауқымында құны 26,4 миллиард теңге болатын 228 жоба кәсіпкерлер назарына ұсынылғанын айтты. Бүгінге дейін 215 жоба мақұлданған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5,2 млрд. теңгеге 192 жоба, екінші деңгейлі банк (ЕДБ) арқылы 11,5 млрд. теңгеге 23 жоба мақұлданды. Жалпы сомасы 1,3 млрд. теңге болатын төрт жоба қарастырылуда. Субсидияланған жобалар саны бойынша БҚО ел ішінде 13-орынға тұрақтаған. Соңғы айда 14 жобаны қаржыландыру тоқтады. Мәселен, «Банк ЦентрКредит» тұтынушысы 14 миллион теңгеге ғимарат сатып алуды жоспарлады. Бірақ несие мақұлданғаннан кейін ғимарат иесі ойынан айнып қалды. АНК желісі бойынша 12 жобаға қаржы бөлінбей отыр. Оның ішінде 8 жоба «Агробизнес» бағдарламасы ауқымында қаржыландырылды. Наталья Недовозийдің сөзінше, шаруалар «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын қолдауға «Аграрлық несие корпорациясының» (АНК) қаржысы жеткіліксіз екені жөнінде шағымданған. Сондықтан олар АНК бағытында қосымша қаржы бөлуді сұрайды.

22C42077-E2A2-4E6E-AE94-6A07ECC1ADAC

ЕДБ-лардың кепілдік алу бойынша қоятын талабы зор. Банктер агрожобаларды қаржыландыруға құлықсыз. Соңғы 1,5 жыл шамасында агроөнеркәсіп саласындағы 198 жоба мақұлданған. Бірақ алты жобаны төрт банк қана қаржыландырған. Банктер ауылдағы мүлікті немесе техниканы кепілдікке алмайды, пайыздық мөлшерлемесі жоғары әрі өтінімді қарауды 1-2 ай бойы сөзбұйдаға салады. Ұлттық банк мемлекеттік кепілдік сұрайды. Ал мемкепілдікті алу үшін шаруа бір жылға дейін сабылып жүруі керек. ҚЗЭ ауқымында АНК бойынша биыл бөлінген 1,5 млрд. теңге толық игерілген. Сарапшы екінші деңгейлі банктердің игермеген қаржысын «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы іске қосуды ұсынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев ЕДБ өкілдерімен сөйлесіп, жұмыс қарқынын ширатуды тапсырды. Басқосуда облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрқуатов жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысы туралы баяндады.

– Мемлекеттік сатып алу басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы және «Антикор» бірлесіп, «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы арқылы «Қарапайым заттар экономикасы» тауарларына талдау жүргізді. Талдау нәтижесі 12,9 млрд. теңгеге сатып алу жүзеге асатынын көрсетті. Соның ішінде химия өнеркәсібі – 5,2 млрд., машина жасау – 3,1 млрд., құрылыс саласы – 2,1 млрд., жеңіл өнеркәсіп – 1,2 млрд., жиһаз өнеркәсібі – 0,2 млрд. теңгені игермек. Жобалық-сметалық құжаттамалар құрылыс басқармасының сайтына орналастырылуда. Бұл бағыттағы жұмысты белсенді жүргізу қажет, – деген Марат Нұрқуатов сатып алу саласындағы бірқатар мәселені республикалық жобалық кеңсе қарауына ұсыну керек екенін айтты.

5860D445-A7E7-4788-9F53-D9A7A3FE9F75

Мәселен, кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін қаржылық тұрақтылық бойынша біліктілік талабына сай келуі тиіс. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, 2021 жылдан бастап төленген салықтардың көрсеткіші алдағы үш жылдың ішінде әлеуетті өнім берушінің кірісінің кемінде 4%-ын құраған жағдайда қаржылық тұрғыда тұрақты деп есептеледі. Бұл талап мемлекеттік сатып алу бойынша (лоттың) бөлінген сома айлық есептік көрсеткіштің 8 мың еселенген мөлшерінен (20 млн. теңгеден) асатын көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін қолданылады.

Биыл Қазақстан аумағында COVID-19 вирусының таралуына және карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты, әсіресе қоғамдық орында тамақтану бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қаржылық әлеуеті нашарлады. Бұл жағдай төленген салықтар көрсеткішінің төмендеуіне әсер етеді. Сонымен қатар конкурстардың жеңімпаздары болып негізінен орталық қалалардағы ірі кәсіпорындар танылуда, бұл тең емес бәсекелестікті туындатады. Арнайы тәртіп бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін СТ-KZ cертификатын алған кәсіпорындардың мәліметтерін мемлекеттік сатып алу порталына енгізу ұзақ мерзімге созылуда. Сертификаттарды порталға енгізу үшін 1 ай уақыт қажет. Осы мәселелерді ортаға салған Марат Нұрқуатов өңірдің экономикалық картасын дайындау жұмысын да пысықтап өтті.

– Басты мақсат – жеңілдетілген несие қаржысын кәсіпкерлерге жеткізу. Қазіргі кезде дағдарыстың орын алуына пандемияның әсері күшті болып отыр. Кәсіпкерлер белсенділігі төмен. Жаңа инвестициялық жобаларды қолға алмас бұрын нарықтың беталысын болжау қиын болуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша мемлекет жеңілдетілген несие қаржысын кәсіпкерлерге беруге мүдделі. Банктер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі керек. Бүгін жобалық кеңсе отырысында мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесін қарастырдық. Құрылыс компаниялары жергілікті тауар өндірушілер материалдарын алуға бет бұруы керек. Ол үшін кәсіпкерлер, алдымен, СТ-KZ cертификатына қол жеткізуі тиіс. Біз алғаш рет құрылыс басқармасының сайтына жобалық-сметалық құжаттамаларды жариялауды қолға алдық. Соның негізінде кәсіпкерлер ЖСҚ-ны онлайн түрде жүктеп алып, нарық ахуалына қатысты талдау жасай алады. Жергілікті тауар өндірушілер ЖСҚ-да шетелден сатып алуға болады деп көрсетілген құрылыс материалдарының баламасын өндіре алатынын дәлелдей алса, өз өнімін сатып алуды ұсынатынын айтып, өңірлік комиссияға жолыға алады. Біз отандық компания өнімдерін нарыққа шығаруға қолдау білдіреміз. Жаңадан дайындалып жатқан өңірдің экономикалық картасы арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болатын негізгі салаларға сараптама жүргіземіз, – деді өңірлік жобалық кеңсе басшысы Мұхтар Манкеев.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале