22.10.2021, 10:29
Оқылды: 281

«Қарапайым заттардың» көкжиегі кеңеюде

«Даму»  кәсіпкерлікті  дамыту  қоры» АҚ-ның облыстық  филиалы «Қарапайым  заттар  экономикасы»  мемлекеттік бағдарламасын жандандыруға атсалысуда.Бұл бағдарлама ішкі нарықты отандық  өндірісшілердің тауарларымен және олар көрсететін қызметтермен қамтамасыз  етуде,өңдеу  өнеркәсібі  мен  агроөнеркәсіп  кешенін  жандандыруды  көздейді.Бір  сөзбен  айтар  болсақ,өзіміз  өндіре  алатын  керек-жарақты сырттан тасымалдамай,өзімізде  өндіру  –  басты мұрат-мақсат. 

Даму 1

2018 жылдан бергі қысқа мерзім ішінде бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Қазақстан  Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында "Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін айта келе, алдағы уақытта қолдау тетіктерін жетілдіруді тапсырды. Биыл осы бағдарлама аясында өңірдегі 15 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ондай жобалардың ішінде «Пойма май комбинаты» ЖШС-ның өсімдік майы өндірісін арттыру, «Талап» АҚ-ның емхана және «134» ЖШС-ның кірпіш зауытының құрылысын, «Белес – Агро» ЖШС-ның ұн өндірісін ұлғайту бағытындағы бірқатар ірі  жобаны атап көрсетуге болады. Жобалардың жалпы құны 6,1 млрд теңгені құрайды.

Несиеден екінші орында

«Даму» қорының қолдауы арқасында облыс кәсіпкерлері соңғы 10 жылда жалпы шамасы 1,7 триллион теңгенің өнімін шығарды, 156 миллиард теңге салық төледі, 25 мыңнан астам жұмыс орнын жасақтады. 2020-2021 жылдары өңірде несие шамасы 523 миллиард теңге болатын 1204 жоба қолдау тапты. Бұл – республикадағы несие портфелінің көлемі бойынша екінші орындағы көрсеткіш.

– «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы өңірлердегі кәсіпкерліктің жүйелі дамуын қамтамасыз етуді, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын жұмыс орындарын қолдауды мұрат тұтады. «Даму» қоры биылғы  өткен мерзім ішінде жалпы шамасы 16,3 млрд теңгені құрайтын 876 жобаға несиенің сыйақы  мөлшерлемесін субсидиялау түрінде  қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар қор екінші деңгейдегі банктерден несие алуда (жұмыс істейтін) кәсіпкерге  несие шамасының   50%-на, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге 85%-ға дейін кепілдеме береді. Биыл кәсіпкерлерге 490 жобаға 7,8 млрд теңге шамасында несие алуға «Даму» кепілдік етті,  – деді аталмыш қордың  облыстық филиалы басшысының орынбасары Әсел Тұрғаева.

Даму 2

«Бизнестің жол картасы  – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қор қолдау көрсеткен жобалардың арасынан «KazPolimerPlast» ЖШС (пластикалық пласти-налар, қаңылтырлар, құбырлар мен профильдер шығару, жабдықтар сатып алу және айналым қаражатын толықтыру), жаңа стоматологиялық нысандар («NurStomWest» ЖК», «Массолитин А.А.» ЖК, «Өмірзақова А.С» ЖК), жергілікті туризм саласында «Жәрдемов К. Е.» ЖК («Алаш» демалыс орталығы), білім саласындағы «Батыс Сәби» ЖШС (150 орындық балабақшаның ашылуы) жобаларын атап көрсетуге болады.

– Өткен жылы «Бизнестің жол картасы  – 2025» бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін, ұсақ (микро) және шағын бизнеске салалық шектеулерсіз кепілдік беру, субсидиялау құралдары іске қосылғанын атап өткім келеді. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 17,5%-ды құрайды, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлейді, қалғанын мемлекет өтейді. Бір қарыз алушыға несиелік лимит - 20 миллион теңге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін беріледі. Кәсіпкерді несиелік қаржыландыруда оның қызмет ету мерзімі ескерілмейді, не-сиенің 85%-ына дейінгі мөлшерде қор кепілдігі ұсынылады. Қолдау тетіктерінің ерекшелігі – банк несие берумен қатар субсидиялауды, кепілдік беруді «Дамудың» қатысуынсыз шешіп, өзі қабылдайды. Бұл микро кәсіпкерліктің жобаларын қаржы-ландыру үрдісін едәуір жеңілдетеді, сонымен қатар бизнеске айналым қаражатын толықтыруға, несие алу-ға мүмкіндік береді,   –  деді  Ә. Тұрғаева.

Өндіріс  өлшемі  –  өркендеу

«Пойма май комбинаты» ЖШС-ның май зауыты 2009 жылы іске қосылды.  2014 жылы кәсіпорынды қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Онда шикізат қалдықтарын өңдейтін, күнбағыс майының сапасы мен алынуын реттейтін цех салынды. Зауыт суық сығу және физикалық тазарту арқылы экологиялық таза өнім (өсімдік майын) шығарады. Суық сығу әдісінің нәтижесінде  табиғи қоректік заттар май құрамында сақталады.

Кәсіпорынның өндірістік  технологиясы әр түрлі майлы дақылдарды – күнбағыс, раптс, қыша, мақсары, зығырды өңдеуге мүмкіндік береді. Біздің комбинат тазартылған, иіссіздендірілген және тазартылмаған өсімдік майын бір, бес литрлік ыдыстарда шығарады. Биыл өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында
«Басым жобаларды несиелеу тетігі» бағдарламасы аясында «Даму» қоры жобамызды қолдады. «Қазақстан халық банкі» АҚ -дан 2 миллиард теңге несиені  12%-дық сыйақы мөлшерлемесімен алдық, оның 6%-ын қор өтейді, – деп түсіндірді аталмыш кәсіпорынның директоры Ақылбек Сармалаев.

Қазіргі кезде зауыт аумағында жаңа заманауи қондырғылар орнатылатын тағы бір цех салынуда. Жаңа цех іске қосылғаннан  кейін зауыттың қуаты 10 есе артып, тәулігіне 10 тоннадан 100 тоннаға дейін өнім  өндірмек.

Даму 3

– Биыл біз 5600 тонна шикізат жинадық. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әжептәуір  көп. Зауытқа шикізатты негізінен шаруалар жеткізеді. Кәсіпорында барлығы 180-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде элеватор жұмысшылары да бар. Цехтағы жабдықтар толығымен автоматтандырылған, тәулігіне 100-150 тонна шикізат өңделіп, 60 тонна май өндіріледі. Жаңа цехтың іске қосылуы барлық алынған майды дайын өнім деңгейіне  дейін өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 50 тонна май шикі күйінде әрі қарай өңдеу үшін елімізде,  Өзбекстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда сатылуда. Ал дайын бөтелкедегі тазартылған май негізінен облыс аумағындағы тұтынушыларға ұсынылады, – деді А. Сармалаев.

Өркендеу жолындағы өндіріс ошағы жаңалыққа құштар. Зауыттағылар шикізатты өңдеп, дайын өнім алып, оны тұтынушыға өткізеді. Сонымен қатар майдың дәмі мен пайдалы қасиеттерін жақсартатын, жетілдіретін  жаңа әдістерді үнемі іздестіреді. Өндірістік әлеуеттің артуы бөтелке қақпағының дизайнын жаңарту, түпкілікті өнімді ерекше дәм және жағымды иіспен байыту үшін күнбағыс майына шөп сығындыларын қосу сықылды  көптеген жаңа идеялармен қатарласа  жүруде.

Гүлнәр  Шәңгерей,

Орал өңірі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале