Оралда тұрғындар мен кәсіпкерлердің қаржылық сауатын арттыруға бағытталған марафон өтті. Оны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық филиалы ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – азаматтардың жеке табысын және кәсіптен түскен қаржысын тиімді басқару дағдыларын дамыту, қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыру. Марафонда жалғыз спикер Дмитрий Казанцев болды. Ол ақшаны дұрыс жұмсау, инфляцияға сәйкес депозитті ұлғайту және өзге де бағытта тәжірибе бөлісті. Әр адам ең алдымен кіріс пен шығысты есептеп отыруы керектігіне екпін түсірді. Себебі барлық іс-әрекет осыдан басталады. Сонымен қатар жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау, қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру, жинақ жасау, зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктері, инвестициялаудың қауіпсіз жолдары, алаяқтықтан қорғану тәсілдері, несие мен бөліп төлеудің ара жігі, қарыз жүктемесінің алдын алу жөнінде айтты. Ашық пікір алмасу сипатында өткен басқосуда қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Кәсіпкерлер сарапшымен пікір алмасып, бизнесті дамытуға қатысты пайдалы ақпарат алды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде атайды. Азаматтардың қарыз жүктемесін реттеуді, қаржылық алаяқтық пен пирамидалардан қорғауды және экономикалық жауапкершілікті күшейтуді ұдайы назарға алып келеді. Біз жеке компания ретінде осы мәселеге үн қосуды жөн көрдік. Әлеуметтік жобаны қолға алдық. Мақсатымыз – азаматтарға қаржылық сауаттың не екенін қарапайым тілмен түсіндіру. Мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта осы тақырыпта өзгелерге тегін кеңес беретін мыңдаған кеңесші дайындағымыз келеді. Тіпті әр ауылда, әр мектепте қаржылық сауат жөнінде түсіндіретін мамандар болғанын қалаймыз. Меніңше, ең алдымен, ата-аналардың қаржылық сауаты жоғары болуы керек. Ал біз бұл мәселені жастарға жеткізетін, түсіндіретін оңтайлы «кілтті» табамыз деп ойлаймын. Жалпы қазіргі уақытта білуге, үйренуге ниеті бар адамға ғаламторда керек ақпараттың бәрі бар. Небір пайдалы мәліметтер ұшан-теңіз. Сондықтан «Білмеймін, білімім таяз» деген адамның дұрысында, «уақыты жоқ немесе оқуға мойны жар бермейді» деп айтар едім, – деді қаржы сарапшысы Дмитрий Казанцев.
Іс-шара соңында қатысушылардың белсенділігі мен білімін бағалауға арналған интерактивті байқау ұйымдастырылды.

Үміт Биляшева, ағылшын тілінің мұғалімі, Орал қаласының тұрғыны:
– Сарапшы ақшаны қалай үнемдеу керек, қалай жинаған жөн деген сауалдарға тұшымды жауап берді. Қаржы-қаражатты жарату жөнінен сауатты болу аса маңызды деген ойдамын. Әсіресе ата-аналар бұл тұрғыда білімді болса, балаларға ақшаны үнемдеу, жоспарлау және көбейту жөнінде дұрыс бағыт-бағдар береді. Бұл ер жеткенде қарыздан аулақ болуға, алаяқтардан сақтануға және болашақта еркін өмір сүруге көмектеседі. Сарапшы 1980 жылдан кейін дүниеге келген әрі 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтардың зейнетақысы қандай болатынын түсіндірді.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»