10.08.2022, 14:43
Оқылды: 10378

Кәсіпкерді өлтірді деген күдікті күні кешеге дейін Еркін Мұханғалиевтің қол астында жұмыс жасаған

Орал қаласында кісі қолынан қаза тапқан кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің қол астында бірнеше жыл жұмыс істеген Дархан есімді азамат өз ойымен бөлісті.

1E1D0E6B-0251-4493-93F2-385FA027D859

– Мен Еркінде ең басында күзетші болып жұмыс істедім. Кейін официант болдым. Мен оның барлық құрылыс жұмыстарында жүрдім. Өте қамқор азамат еді. Еңбекақымызды уақытында береді, керек десең баспана да тауып беретін. Ана Гүлчетайдың үстінде қонақ үй бар. Аспазшылардың көбі сонда тұрады. Мен қазір ол жерде жұмыс істемеймін. Бұрын жасадым, - дейді Дархан.

Еркін Мұханғалиевті өлтірді деген күдікті жігіттердің бірін Дархан танитын болып шықты.

3AAE3E4C-674B-4C3C-B257-7D74F396457B
– Еркін ағамды пышақтаған сақалды жігіт күні кешеге дейін Гүлчетайда кәуап пісірді. Ол тек пісіріп тұрады. Отты дайындап, жағатындар басқа адамдар. Оның жалақысы тұрақты болды. Ол жігіт бұрын арық еді. Қазір кішкене ет жинап алыпты. Ол сол Еркін ағамның мейрамханасында жұмыс істеп жүріп, әкімгер (админ) қызға үйленді. Екеуі де Еркін ағада жұмыс істеп жүрді. Кейін кетіп қалды деп естідім. Бірақ алты айдан кейін қайта келіп, жұмыс сұрап жүргендерін білемін. Бірақ нақты айта алмаймын. Ал, ана қасындағысын танымайды екенмін. Оны Еркін ағаның маңынан ешқашан көрген емеспін, - деп әңгімелеп берді бізге Дархан.

Кәсіпкерді өлтірді деген күдікті жігіт туралы марқұмның әкесі де өз ойын айтты.

– Мен анығын білмеймін ғой. Тек бір білерім Еркін сол жігіт туралы «қыстай жұмыс бердім, асырадым, әбден кәуаптың маусымы басталғанда кетіп қалды деп ренжіп жүргені есімде, - деді кәсіпкердің әкесі.

– Өткенде ғана сол жігіт әйелім ауруханаға түсіп қалды, ақшалай көмек беріңіз деп келіп кетті. Ақшасын бердім деп әңгімеледі, - дейді марқұмның туыстары.

– Ол өзі сұраған ақшасын алған жігіт. Қанша бергенін білмеймін. Ал, екі-үш күннен кейін жаңағы жағдай болып тұр. Мүмкін тағы келіп, қомақты қаражат талап еткен болар, - дейді марқұмның әкесі.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале