7.09.2022, 17:45
Оқылды: 143

Кәсіпкерлер қысымнан қорғалуда

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кәсіпкерлермен кездесті. Дөңгелек үстелде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, аталған агенттіктің БҚО-дағы департаменті басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, бизнес-омбудсмен өңірлік кеңсесінің жетекшісі Мағрипа Нигишева кәсіпкерлік саладағы ахуал жөнінде қысқаша баяндады. Агенттіктің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, елде бизнесті қорғауға қатысты негізгі үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Яғни бизнестің өркендеуіне жәрдем көрсету жөніндегі тұжырымдамалық шаралар қабылданған. Оған қоса агенттік кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізуге ден қоюда және бизнестің дамуы бойынша өңірдің ерекшеліктерін ескеруге мүдделі.

0

– Былтырғы ақпан айында Президенттің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бес жылға арналған тұжырымдамалық шаралар адал бизнес мәдениетін қалыптастыруды және оны ынталандыру жөніндегі шараларды көздейді. Заң аясында жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Яки сатып алу саласында шартты жеңілдіктер және преференциялар ұсынылады. Әрбір кәсіпкер бюджет қаржысы негізінде жұмыс істеген кезде, өз бизнесін ашық жүргізуі тиіс. Сыбайлас жемқорлық схемаларын қолданатын, шенеуніктерді параға сатып алғысы келетін компаниялар үшін жауапкершілік шаралары күшейтіледі. Пара беру әділ бәсеке қағидатын бұзады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнеске қол сұғудан, оның ішінде біздің арамыздағы жауапсыз қызметкерлердің заңсыз араласуынан қорғау тетіктері енгізілуде. Кәсіпкерлерге қатысты тергеу амалын жүргізерде орталық аппаратпен келісу алгоритмі әзірленді. Жыл басынан бері келісуге жіберілген материалдардың төрттен бірі бойынша (3234-тен 838) тергеуге тыйым салынды. Қазіргі кезде бизнесмендердің мүлкіне тыйым салу немесе шектеу қою жымқырылған бюджет қаражатын қайтару қажет болғанда ғана рұқсат етіледі. Екі апта сайын агенттіктің аппарат мәжілісінде бизнесті қорғау мәселесі талқыланады. Сонымен қатар агенттік жанынан «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті – ақпаратты жедел алу және бизнестің басқа мемлекеттік құрылымдардың іс-әрекеттеріне шағымдары бойынша мәселелерді алқалы мәжілісте қарау. Біз өз жұмысымызды бағалау тәсілдерін түбегейлі өзгерттік. Әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді. Онда үдерістердің ашық болмауы, әкімшілік кедергілер, шенеуніктердің сөзбұйдаға салуы немесе озбырлығы, заңнаманың осал тұстарына қатысты көкейтесті мәселелердің тізбесі көрсетілген, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Қылышұлы.

02

Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов орта және шағын бизнесті дамыту, кәсіпкерліктің дамуына инвестиция тарту, сыбайлас жемқорлық қатерінен қорғау мәселесі басты назарда екенін, кәсіпкерлер құқын қорғауға байланысты ұсыныстарды қабылдауға әр кез даяр екенін атап өтті. «2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы – жемқорлыққа қарсы жүйенің негізгі өзегі. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және жолын кесу туралы Президент тапсырмасына сай облыста бірқатар іс-шара атқарылуда. Мемлекет, бизнес және азаматтық институттың белсенді болуы осы бағыттағы жұмысты ширата түседі», – деді Арман Кәрімұлы. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашқалиевтың мәліметі бойынша соңғы үш жылда (2020 жыл – 2022 жылдың 8 айы) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласудың 12 дерегін анықтаған. Соның нәтижесінде 15 лауазымды шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, ветеринария, құқық қорғау құрылымдарында, салық, мемлекеттік сатып алу, лицензиялау жүйесінде шикілік азаймай отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша медициналық техниканы қабылдау және орындалған жұмыс актілеріне қол қою үшін бопсалау арқылы ЖШС директорынан 7,8 миллион теңге (келісімшарт сомасының 10 пайызы) көлемінде пара алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Каюпов 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен Орал қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Әлхиевке 23 миллион теңге айыппұл салынды. Ол өзінің қызметтік бабын пайдаланып, ЖШС директорынан серіктестіктің банктік шотынан шектеулерді кедергісіз жою және одан әрі қамқорлық көрсету мақсатында 430 мың теңге көлемінде пара алған. Екі тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға және актілерге кедергісіз қол қоюға көмектескені үшін ЖШС директорынан 134 миллион теңге көлемінде пара алған Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Салық тексеруінің оң қорытындысын өз пайдасына шығарғаны үшін ЖШС директорынан 40 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманына қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.

03

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлердің құқын қорғау бағытында тұрақты жұмыстануда. Мысалы, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің жүргізілмеуіне байланысты 500-ден астам шаруа қожалығының субсидия алмай отырғаны анықталды. Яғни мемлекеттік сатып алу өткізілгеніне қарамастан, бірдейлендіруге арналған өнімдер мен атрибуттар жеткізілмеген. Аталған мәселені шешу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне хат жолданды. Соның нәтижесінде ведомство қыркүйек айында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге шешім қабылдады. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілеріне грант қаржысын беру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 20 сыбайлас жемқорлық қатері, 457 заңбұзушылық анықталып, тиісті ұсыным берілді. Жемқорлық қатерін жою өз қызметіне адал кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға жол ашады. Біз кәсіпкерлермен сындарлы диалогқа, олардың сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғауға және қолдауға дайынбыз, – деді Амантай Рашқалиев. Одан кейін бизнес-омбудсмен өңірлік кеңсесінің жетекшісі Мағрипа Нигишева кәсіпкерлік субъектілерін қысымнан құтқаруға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Дөңгелек үстелде агенттік өкілдеріне бизнес иелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін талқылады. Кәсіпкерлермен кездесуден кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Сарайшық көшесіндегі «Absolute integrity» қабылдау орталығының жұмысымен танысты. Аталған орталық «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» жобасы аясында сәуір айында ашылған. Орталықта облыс әкімдігінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау тобы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссар 50-ден астам адамды қабылдап, заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық кеңес берді.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале