11.09.2026, 9:30
Оқылды: 11

Каспийде Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы жаттығулары басталды

Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Әскери теңізшілер Қазақстан секторына тиесілі теңіз айдынын толық жүріп өтіп, түрлі жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтап, практикалық атыс жүргізеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі жазды.

03af88ad3f2759b9d540a01ce3fa46a683795e8805f98f99a10e82d27af091bd_1280x720

Әскери теңізшілер үшін бұл жаттығулар өз дағдыларын тікелей теңізде тексеруге мүмкіндік береді. Мұнда экипаждың үйлесімді іс-қимылы, навигацияның дәлдігі мен қабылданған шешімдердің жеделдігі қойылған міндеттің орындалуына тікелей әсер етеді.

Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Әскери теңізшілер кемелер арасындағы өзара іс-қимылды, навигация мен байланысты, кемені басқаруды және қару-жарақты қолдануды пысықтайды. Жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан экипаждардың іс-қимылына ерекше назар аударылады.

Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары 1-ші дәрежелі капитан Арман Сатқановтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында экипаждардың тәжірибелік дағдыларын одан әрі жетілдіруге баса мән беріледі.

– Ең бастысы – әрбір экипаж мүшесі өз міндетін нақты білуі және қажетті сәтте жедел әрі үйлесімді әрекет етуі керек. Қазір теңізде осы дағдыны тексеріп жатырмыз, – деді 1-ші дәрежелі капитан Арман Сатқанов.

Жаттығу барысында экипаждар кеме қару-жарағынан практикалық атыс жүргізіп, бірлескен іс-қимылдарды пысықтайды. Жаттығудың әр кезеңінен өткен сайын тапсырмалар күрделене түседі. Оған қосымша бөлімшелер де тартылды.

Оқу-жаттығу кеме экипаждарының түрлі жағдайларда міндеттерді орындауға дайындығын тексеруге және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале