Ақорда дерегі бойынша, Омбы қаласында өткен жүздесу Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік берді.

Фото: aqorda_resmi
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің аса ірі сауда серіктестері екенін атап өтіп, былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрағанын, ал биылғы бес айда өзара сауда қарқыны айтарлықтай артқанын жеткізді. Сондай-ақ Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын елдердің көшбасшысы екенін, бүгінде инвестиция көлемі 30 миллиард долларға жетіп, жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастықты жоғары бағалап, Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасын бірлесе салу жобасына тоқталып, Балқаш көлі маңындағы нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын, бұл бастама техникалық кадрлар мен жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.